Көкшетаулық полицейлер зейнеткерді алдап, қомақты қаражатын қолды еткен дропперді ұстады, деп хабарлайды Egemen.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
88 жастағы Көкшетау қаласының тұрғынына қоңырау шалған адам өзін полиция қызметкері ретінде таныстырып, немере келіні шөбересімен бірге көлік апатына түскенін, медициналық көмек көрсету үшін 5 миллион теңге қажет екенін айтады. Зейнеткер мұндай қаражаты болмай тұрғанын жеткізгенде, туыстарынан қарыз сұрауға үгіттейді. Күдіктінің сыбайласы қоса хабарласып, келіні мен шөбересінің жағдайы тым ауыр екенін айтып, зейнеткердің үрейін одан бетер ұшыра түседі. Зейнеткер өзінде бар 2 миллион теңгесін ұсынады. Дроппер келіп ақшаны алған соң күдікті көрсеткен есепшотқа 1 миллион 800 мың теңгені аударып, өзінің «еңбекақысы» үшін 200 мың теңгені алып қалған.
«Полицейлер ҚР ҚК-нің 190-бабы 2-бөлігі (Алаяқтық) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне тіркеді. Күдіктілерді ұстау мақсатында Көкшетау қаласының криминалдық полиция қызметкерлері бірқатар жедел-іздестіру іс-шараларын өткізді, зейнеткердің тұрғылықты жерінде орнатылған жедел басқару орталығының бейнекамераларының жазбаларын қарады, такси фирмаларының жүргізушілері мен үй тұрғындарынан жауап алды. 26 қарашада қабылданған шаралардың нәтижесінде дроппердің жеке басы анықталды, ол Өскемен қаласының 27 жастағы тұрғыны болып шықты. Әңгіме барысында ер адам жеткізуші жұмысын мобильді қосымшадан тапқанын айтты, ал шарттар оған өте қарапайым болып көрінді: бір мекенжайдан ақша алып, содан кейін жақын жердегі банкомат арқылы көрсетілген шотқа аудару», делінген ақпаратта.
Ұсталған жеткізуші-дроппер бұл әрекетінің заңды-заңсыз екенін сұрағанын, күдікті шаруаның бәрі құқық қорғау органдарымен бірлесіп жүргізіліп жатқанын айтқандықтан келіскенін жеткізді. Тіпті күдікті дропперге «қарт кісіге вирус жұғып кетпеуі үшін» медициналық маска киіп баруды міндеттеген екен. Осы факт бойынша қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр.