• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Әдебиет 05 Желтоқсан, 2023

Ыбырай парасаты

198 рет
көрсетілді

Ұлтқа қызмет ету үлгісі туралы сөз қозғасақ, тілімізге оралатыны – Абай мен Алаш. Ал Ыбырай ше? Ол алғаш ел ішіне қанатымен су тасыған қарлығаш еді ғой. Отарлық езгісінен еңсесі түсіп, жігері кетіле бастаған ұлтқа аттан салған рух сарбазы Ыбырай емес пе еді? Жалғыз рет берілер дүрия-дүниенің сәті мен сағатын ел мұраты жолында пида еткен қайсар талант еді ол. «Бір Құдайға сиынып, Кел, балалар, оқылық, Оқығанды көңілге, Ықыласпен тоқылық» деп Алаш баласын тұңғыш рет жаһандық білімге үндеген Алтынсарының ұлы болатын.

Ол небәрі 48 жыл ғұмыр кешті… Бір адамға, бір әулетке емес, тұтас бір ұлтқа қызмет қылудан мұрат тұтты. Ыбырай бала күнінен зерек болып өсіп, орысша сауат ашқан соң, өз ұлтының қараңғылық қойнауында қалғып жатқанын жете түсінді. Иә, ол бәрінің өзі түсінгенді жіті аңғарғанын қалады. Әр баланы пайғамбарлар секілді түнектен жарыққа, іріп-шіруден кемелдікке, бейшаралықтан Құдайға жетелеуді көздеді. Оның қолында тек мол білімі мен ат төбеліндей ғана халқы бар еді. Үздіксіз талпыну барысында дегеніне жеткен ағартушы 1860 жылы Торғайда мектеп ашып, өзі орыс тілінің мұғалімі болды. Бірақ жергілікті өкімет ұстаздық еңбекке қолұшын беруге асықпады. Бәлкім, алғыр таланттың дәті берік дүлей қарқынынан бой тартты. Мүмкін оянған сананың дауылынан сескенді. Ақыры басқадан қайыр күтудің бекер екенін білген ағартушы тынбай қаржы жинауға кірісті. Еңбек етті, тер төкті. Инемен құдық қазғандай арпалысқа толы маңдай тер өтеліп, 1864 жылы араға 4 жыл салып қазақ атты халыққа Торғай даласынан алғаш мектеп ашты. «Қаңтардың сегізі күні менің көптен күткен ісім жүзеге асып, мектеп ашылды және оған қазақтың тамаша да, сүйкімді де, зерек те 14 ұл баласы қабылданды. Мен оларды оқытуға қойға тиген аш қасқырдай кірістім. Қуанышыма қарай балалар айналдырған үш айдың ішінде орысша және татарша оқуды да, тіпті жазуды да меңгеріп алды», деп жазады ол. Далаға дабыл қаққан ұстаз шәкірттерін үздіксіз оқытып, әлемді тануға жол ашты. 1879 жылы ағартушы Торғай облысы бойынша орыс-қазақ училищелерінің инспекторы болып тағайындалып, ойға алған істерін жүзеге асыруға мүм­кін­дік алады. Инспекторлық беделді жұмыс саналатын. Осы тұста Алтынсарин не істеді дей­сіз ғой. Торғай, Жітіқара, Обаған, Қарабалық, Әулиекөл болыс­тарында және Қостанай қала­сында тағы он бес мектептің салы­нуына мұрындық болды. 1882 жылы барлық мектепке ән-күй сабақ­тарын енгізіп, ауқатты ел азамат­тарынан ақша жи­нап, кітап­хана ашты. Қазақ бала­­ларын біліммен сусындататып қана қой­май, еңбекке бау­лу­ды көздеген ол 1883 жылы 15 қарашада Торғай қол­өнер мек­те­бінің тұсауын кесті. Мұны­мен­ қатар қазақ қыздарының тек отба­­­сы­лық өмірмен шектелмей, жүйе­лі білім алуына баса көңіл бө­л­іп, 1887 жылдың 15 қара­ша­­сында Ырғыз қыздар учили­ще­­сінің негізін қалады. 1888 жы­лы қыздарға арналған 12 орын­дық­ мектеп-интернат ашса, 1879 жы­лы­ қазақ баласын ілім-білім алу­ға­ үндеген мектептерге арнап алғаш­қы­ ұлттық оқулық – «Қа­зақ хрес­то­матиясын» басып шы­ғарды.

Өзі үшін байлық жиып, қырдың қырғауылын қумаған дегдар тұлға жалғыз жолға табан тіреді. Ол – бодандық етігінің өкшесінде езгіленген қараңғы халқының көзін ашу, теңдікке жеткізу, рух азаттығына үндеу болатын. Бүгінгі таңда ұлтқа дәл осылай жаны ашитын ерлер бар ма? Бар, бірақ аз. Егер әрбір атқа мінген қазақ ұлтына дәл Ыбырайдай еңбек сіңір­се, ұлтымыз әлдеқашан өсіп-өркендеп, түйдектелген мәсе­ле­лердің қарасы кемір еді-ау. Шө­міш­ке қолы жетсе-ақ, мұрнын шүйі­ріп, жеке басына жекен суын бұру­ды қалайтын көркеуде пен­де­­лер­ден халық қаншама залал көріп отыр десеңші.

…Алып жүректі ақыл алыбы­ның алдынан шыққан тосқауылдар аз болмады. 1883 жылы дүмше мол­даларға қарсы майдан ашып, ұлт­­тық діннің мәйегін қалаған «Мұсыл­мандық тұтқасы» атты кітабы жарық көрді. Ақыры еліне мектеп ашып, жас ұрпақты білім тере­ңіне жетелеуге жанын салған, әділетсіздікпен өле-өлгенше күресіп өткен ақынды ақ пен қара­ның парқын білмес надан топ пен дүмше молдалар аяусыз тілдеп, «шоқынған қазақ, орысшыл» деген қауесеттер тарат­ты. Әріптесі Катаринскийге жаз­ған ха­тында Алтынсариннің нәзік жа­нына айды алақанмен жабу­ға­ ұмтылған көптің жүйесіз ісі тікен­дей­ қадалып, едәуір жара салғаны бай­қа­лады.

«Қазір жан дүнием құлазып, өте көңілсіз жүрмін. Көмек күткен үкі­мет орындары қолдаудың орнына заңды да, заңсыз жолдар­мен де мені қудалауға салып отыр. Бұдан кейін қандай әділдік күту­ге­ болады? Осының бәрі ашық сот арқылы анықталса екен деген­ тілек көкейімнен кетпейді», дей­ді­ ол.

Тобыр мен жалғыздың әу бас­тан қарама-қарсы келетіні несі екен? Адамдық мұрат пен ұлттық мұратқа табан тірей алмаған түбірсіз қаңбаққа ердің ісі ерсі көрінері қалай? Бірақ бұған бор болар Ыбырай емес еді. Ол өмірге келгендегі миссиясын атқарып, ойға алғанын орындай білді. Ағартушының артын ала қазақ баласының білімге деген талабы өрттей қаулап, сауатты жас­тар артты. Оқыған қазақтар ел іргесіне шам жағып, тұтас ұлттың санасы сілкінуіне себепкер болды. Алғадай мұратты серкенің бір өзі бүтін ұлттың тағдырына Пегас секілді от тасығанын жүрек тілі, жанның қылымен сезіне білсек керек. Ыбырай парасаты – мұхиттай терең, дауылды күнгі теңіздей бұрқасын, толқыған күйдей жұмбақ та зәулім парасат.