Еліміздегі антропология саласының негізін қалаушы, қазақ ғылымының абызы – Оразақ Смағұловтың «Өмірімнің мәні мен сәні» кітабы жарық көрді. Жинақтың тұсаукесері Алматы мен Астана қалаларында өтті. Ғасыр ғұмырға бет алған қайраткердің өмір белестерінен сыр шертіп, терең толғаныстарын оқырманға жеткізген еңбек Бақытжан Бұқарбайдың «AmalBooks» баспасы арқылы көпшілікке жол тартты.
Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінде өткен жаңа еңбектің таныстырылымына автор қатысты. Іс-шараға келген ғалымдар мен зиялы қауым өкілдері, сондай-ақ Оразақ ағаның қайраткерлік жолын үлгі тұтатын талапкер жастар авторға көкейдегі сауалдарын қойып, жылы жүздесу рухани сырласу кешіне ұласты.
«Әр адамның ғұмыры – бір кітап. Тоқсан асып тағылымды ғұмыр кештім бе, тауқыметті ғұмыр кештім бе, оның бағасын кітапты оқыған саналы оқырман бере жатар. Осы жасқа дейін қазақ ғылымына том-том кітаптар қостым. Еңбектерімді ел танып, мұхит асып, шетелдің жастарына да пайдасы тиіп жатыр. Кітаптың арасында от құшып, өртенгені де бар. Бірақ өмірдің ешқандай қалтарыс-бұлтарысы мені сындыра алған жоқ. Сондықтан да алғаш рет бар ғұмырымды қағаз бетіне түсіріп, ұсынып отырмын», деген автор кезекті кітапта өз өмір жолын суреттеген.
Қазақ этносының қаңқа сүйектеріне жарты ғасыр бойы кешенді һәм салыстырмалы зерттеу жүргізе отырып, сол арқылы адамның қан жүйесі, тіс морфологиясы, май бүрмесі, тіпті тері бедеріне дейін анықтауға болатынын алға тартып, қазақ халқы осы өлкені 50 ғасыр бойы мекен еткендігін ғылыми тұрғыдан дәлелдеген ғалымның бұған дейін шыққан том-том кітаптарына ғылыми ізденістері мен зерттеулері арқау болған. Ал бұл жаңа еңбектің ерекшелігі – автор өзінің тұлғалық қалыптасу жолын, жан баласына ашпаған сырларын, көңілдегі алаңын оқырманға жайып салады.
Сонымен қатар жаңа жинақтың Астанадағы Ұлттық музейде лентасы қиылып, тағылымды кітап елордалық оқырманға жол тартты. Іс-шарада сенатор Дархан Қыдырәлі ғалымның өнегелі жолы туралы баян етті.
– Академик Оразақ Смағұлов – тарих ғылымдарының докторы, профессор, отандық антропология ғылымының атасы. Ол – Алтайдан Атырауға, Алатаудан Қаратауға дейінгі Ұлы дала бесігінде үздіксіз ұрпақ өрбітіп, өсіп-өнген қазақ ататегінің елу ғасырлық шежіресін шерткен жылнамашы, қазақ халқының қола дәуірден бүгінге дейін кең-байтақ киелі атажұртында кіндігі берік байланып, нәсіл-жұрағатын өсіріп-өрбітіп, ел мен жерінің тамырластығы біте қайнасып, біртұтас құбылысқа айналғанын әлемдік ғылымның қазіргі жетістіктерімен өрнектеп айғақтаған тарихтың тамыршысы, сақтардың сарқыты болған қазақ жұрты сан ғасыр сапырылысқан халықтардың ұлы көшіне араласып, алты Алаш атанып, өзінің атақоныс мекенінде ежелден бері бірегей популяция түзіп, тегі мен түр-тұлғасы біртұтас ұлтқа айналғанын дәйектеген ғұлама ғалым, тоқсанның төріндегі тарланбоз тарихшы, – деді ол.
«Ашаршылықтан аман қалған бала», «Мәйітханадан басталған мансап», «Қуғындағы ғалым», «Ғылым сахнасының сыртында», «Тәуелсіздікке жеткен ғалым», «Тірегім болған отбасым» деп аталған алты бөлімнен тұратын кітапта Қаныш Сәтбаев, Әлкей Марғұлан бастаған халқымыздың біртуар ұлдары туралы жарқын естеліктер, автордың күйініші мен сүйінішін суреттеген мөлтек сырлар оқырманды терең ойға жетелейді. Ауылдан Алматыға аттанған сәт, антропологияға жасалған алғашқы қадамдар да байыпты баяндалған.
Ғылым жолына бар ғұмырын арнаған тұлғаның теперіші мен тағылымы мол тағдыры туралы терең ойларын автордың өз аузынан жазып алған «AmalBooks» баспасының жоба жетекшісі – Арайлы Жақсылық. Кітап «Меломан» дүкендері арқылы сатылымға түспек.