Мәжілістің жалпы отырысында Ержан Бейсенбаев депутаттық сауалын Премьер–министрге жолдап, дарынды жастарды елге қайтару мәселелері жөнінде сөз қозғады, деп хабарлайды Egemen.kz.
Депутаттың сөзінше Мемлекет басшысы 2021 жылы шетелдік инвесторлар кеңесінің пленарлық отырысында озық технологиялы халықаралық компанияларда жұмыс істеген тәжірибелі отандастарымызды тарту бағдарламасын іске қосу жөніндегі КиПиЭмДжи (KPMG) компаниясының бастамасын қолдауға Үкіметті шақырған. «Ақжол» партиясы толық қолдап, сол жылғы 30 желтоқсанда Президент тапсырмасының орындалу барысы туралы Үкіметке сауал жолдаған, алайда сауалдағы нақты сұраққа нақты жауап ала алмаған.
Ержан Бейсенбаевтың сауалынша қазіргі кезде Қазақстаннан білімдарлардың кетуі үлкен проблемаға айналып отыр. Шетелдердің ЖОО-ларында білім алып мықты маман болып шыққан дарынды жастарымызды сол елдің компаниялары тұрақты жұмыс орнымен, үлкен еңбек ақымен, әлеуметтік пакетпен қызықтырып, өздерінде қалдыруға тырысады.
«Мысалы Ресей университеттері мен колледждерінде Қазақстан мектептерінің 70 мыңдай түлектері бар екен. Бұның басты себебі қазақ талапкерлерін ҰБТ-ілеусіз қабылдап, грант, стипендия, жатақхана, тәмамдағаннан кейін жұмыс орнын ұсынатындығы тіпті азаматтық беретіндігі жасырын емес. Көптеген қазақ жастары бұған қызығушылық танытып жүр. Өйткені ҰБТ тапсырудың өзі қаншама жылдар бойы нағыз стресске айналып кетті. Күн-түн дайындалып, нәтижесінде тиісті балл ала алмаған оқушылардың суицидке дейін барған фактілері де болған. Көршілес елге зейін қойып оттырғанымыз, жүріп жатқан соғыс салдарынан демографиялық және жұмыс күші проблемаларын шешу үшін Ресей Қазақстан жастарын өзіңде қалдыруға мүдделі және бұл бағытта барынша жағдай жасауы әбден мүмкін, бұл дегеніміз – жұмыс орнымен қамтудан бастап лайықты жалақы, баспана беру т.б. сол сияқты әрекеттер», деді депутат.
Осы орайда «Ақжол» партиясы депутаттары атынан Е.Бейсенбаев нақты сұрақтарды алға тартты.
«Үкімет Президенттің тапсырмасын орындау барысында мықты халықаралық технологиялық компаниялардың отандастарымызды қайтару жөніндегі бағдарламасын қабылдады ма? Және сол бойынша дарынды жастарымызға қандай жағдай жасалған, қандай компаниялардан қанша жас елге оралғандығы жөнінде ақпарат беруді сұраймыз. Ресей тәжірибесін пайдалана отырып, дарынды жастарды Қазақстан университеттеріне ҰБТ тапсыртпай, басқа жолмен қабылдауға рұқсат беруді ұсынамыз. Ресей немесе басқа шетелдік университеттерден түлектерді әкелу ғана емес, өзіміздің жастарды жұмыспен, баспанамен қамту мәселелері бойынша қандай іс-шаралар жүргізіліп жатыр», деген сұрақтармен сөзін тәмамдады депутат Е.Бейсенбаев.