Ресейдің Санкт-Петербург қаласында «Ленинград облысының жас заң шығарушыларының мектебі» білім беру жобасы және «Еуразиялық оныншы инновациялық конвент» тақырыбында халықаралық форум өтті. Жастар тақырыбы қаузалған бұл жиынға еліміздің Маңғыстау өңірінен бір топ ресми өкіл қатысып, диалог алаңында ұйымдастырылған талқылауларға белсенді қатысты.
Форумда сөз алған Маңғыстау облысы мәслихаты аппаратының маманы, өңірлік жастар ісі жөніндегі кеңес мүшесі Гүлмайса Шаңбаева, облыстық мәслихат депутаты, «Amanat» партиясының облыстық филиалы жанындағы «Жастар рухы» ЖҚ төрағасы Абзал Марат, Ақтау қалалық мәслихат депутаты Сұңғат Қанаев зияткерлік, инновациялық, еңбек, шығармашылық әлеуетін дамыту, Еуразиялық кеңістік елдері жастарының проблемаларын, сондай-ақ Ленинград облысының заң шығарушы жиналысындағы еуразиялық интеграцияның түйінді мәселелерін талқылауға қатысып, коммуникативтік алаңды ұйымдастырудағы жұмыспен танысып қайтты.
Сапар барысында Қазақстанның жас көшбасшылар Санкт-Петербург қаласындағы Бас консул Дмитрий Михномен кездесіп, екі ел арасындағы қарым-қатынастар және жастар тақырыбында әңгіме өрбітіп, пікір алмасты. Сондай-ақ облыстық мәслихаты төрағасы Жаңбырбай Матаевтың бастамасымен және облыстық мәслихат депутаты Қуанышбай Озғанбаевтың қаржылық демеушілігімен қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде шыққан тарих ғылымдарының докторы, профессор Өмірзақ Озғанбаевтың «Ресей мемлекеттік Думасы және Қазақстан» атты кітабын сыйға тартты.
Бұдан кейін Гүлмайса Шаңбаева, Абзал Марат, Сұңғат Қанаев халықаралық деңгейде ұйымдастырылған Ленинград облысының жастар парламентінің ашық отырысына қатысты. Күн тәртібінде жастардың зияткерлік, инновациялық, еңбек, шығармашылық әлеуетін дамыту, Еуразиялық кеңістік елдері жастарының проблемалары тақырыбында баяндама жасап, ресейлік әріптестерімен сұрақ-жауап алмасты. Өз кезегінде сөз алған маңғыстаулық делегация мүшелері жастар саясаты мәселелеріне қатысты өзара тәжірибе алмасып, тың идеяларымен бөлісті. Сөз соңында ұйымдастырушы тараптың шақыртуына алғысын жеткізді.
Халықаралық форумның келесі күні делегация мүшелері қаланың көрнекті тарихи жерлерін аралады. Экскурцияда дүние жүзіндегі ең ірі көркемсурет және тарихи-мәдени «Эрмитаж» музейіне, Ораниенбаумдағы ең көне ғимарат Меньшиков сарайына барып, қаланың тарихы және мәдениетімен танысты. Сонымен бірге Новоселье мәдени орталығындағы шағын лекцияларды, үлкен конференцияларды және әртүрлі форматтағы басқа да іс-шараны өткізе алатындай етіп жабдықталған «14+» коворкинг орталығына барып, жастарды жан-жақты дамытуға арналған бағдарлама жоспарымен танысуға мүмкіндік алды. Ал осы айдың басында А.Герцен атындағы Ресей мемлекеттік педагогикалық университетінде «Еуразиялық оныншы инновациялық конвент» іс-шарасы өтті. Жиынға Маңғыстау облысынан 18-35 жас аралығындағы жас көшбасшылар қатысты. Конвенттің жалпы отырысында делегация мүшелері Еуразиялық кеңістікті дамыту мәселесі, жастардың зияткерлік, инновациялық, еңбек, шығармашылық әлеуетін дамыту тақырыбында баяндама жасап, қозғалған тақырыпты бірге талқылады.
Іс-шара соңында қатысушылар тәжірибелерімен бөлісуге мүмкіндік алып, Ленинград облысының Заң шығарушы жиналысына ризашылықтарын жеткізді. Бұдан кейін қазақстандық делегаттар қаланың ең танымал көрнекті орындарының бірі – 1906 жылдан бастап 1917 жылға дейін Мемлекеттік Дума кездесулер өткізген Таврия сарайының тарихымен танысты. Сондай-ақ ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің Парламентаралық Ассамблеясындағы Парламентінің өкілдігі Игорь Мусалимов арнайы қабылдап, халықаралық ынтымақтастық және І-ІІ Думаға сайланған Алаш депутаттары тақырыбында әңгіме өрбітті.