Ақтөбеде тәртіп сақшысы көмекке мұқтаж екенін ишарамен білдірген жігітті қылмыскерлерден құтқарды, деп хабарлайды Egemen.kz ІІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
9 желтоқсанда әкімшілік учаскеде профилактикалық іс-шараларды өткізу барысында кәмелетке толмағандар істері жөніндегі инспектор Аймереке Мұханбетқазина қаладағы кафе маңында шулаған үш жас жігітті байқаған. Оны көргенде жігіттердің бірден тынышталуы инспектордың күдігін туғызған.
Полицей жақындаған сәтте олардың бірі көмекке мұқтаж екендігі туралы халықаралық сигнал – қол қимылын көрсеткенін байқады. Оған қауіп төніп тұрғанын түсінген А.Мұхамбетқазина бірден «102» нөміріне қоңырау шалған. Әріптестері келгенге дейін ол құқық бұзушыларды өз бетінше ұстауға тырысты, бірінің қолында пышақ тәріздес зат бар екенін байқап, оларды әңгімеге тартты.
Осы уақыт ішінде полиция жасағы да жетіп, құқық бұзушыларды ұстаған. Тергеу жүргізіліп жатыр.