Қандай жағдайда да бала білім алуға міндетті. Сондықтан қоғамды екіге бөлмей, мүмкіндігі шектеулі оқушыларға да жәрдем берудің жолын жасау шарт. Осыған орай Талдықорғанда «1000 мектепке әдістемелік қолдау» жобасы аясында мектеп басшыларын әдістемелік тұрғыда сүйемелдеу және «Білім сапасын мониторингілеу – мектепішілік бақылаудың тиімді құралы» атты өңіраралық семинар өтті.
Аталған жиында облыстық білім басқармасының басшысы Марат Сүлейменов, Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы Әдістемелік қызметті үйлестіру және педагогті кәсіби дамыту орталығының директоры Еркебұлан Жұмашов білім сапасын бақылау және мектептегі бақылауды ұйымдастырудағы өзекті мәселелерді ортаға салды. Сондай-ақ Алматы мен Жетісудағы білікті мамандар тәжірибелерімен бөлісіп, ұсыныстарын айтты. Іс-шара секцияларда жалғасып, семинарға қатысушылар оқу үдерісінің сапасын арттырудағы идеяларын талқылады.
Жетісу облысында ерекше білім беруді қажет ететін балаларға қолдау көрсететін 18 мекеме бар. Соның ішінде арнаулы интернаттар, облыстық педагогикалық-психологиялық консультациялар, педагогикалық-психологиялық түзету кабинеттері қызмет көрсетеді. Кез келген бала өз қатарластарымен бірдей білім алып, тең мүмкіндіктерді пайдалануға құқылы. Дегенмен денсаулық жағдайына байланысты бұл оларға көбіне қиынға соғып жатады. Облыстық білім басқармасының мәліметіне қарағанда, жалпы білім беретін мектептерде 203 педагог-дефектолог, 165 логопед, 1 тифлопедагог, 108 педагог-ассистент жұмыс істейді. Биыл Көксу ауданында психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті ашылған. Сол сияқты Панфилов ауданы Ы.Алтынсарин атындағы мектепте, Талдықорғандағы Ушинский атындағы №7, №27 орта мектептерде инклюзияны қолдау кабинеттері жұмыс істейді. Талдықорған қаласындағы №16 орта мектеп базасында ресурстық кабинет ашылды. Мәселен, облыс орталығындағы №7 мектепте қазір инклюзивтік біліммен 10 бала қамтылып отыр. Мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Бахтихан Сейітованың айтуынша, бұл балалардың аутизм және психикалық дамуы тежелген деген диагноздары бар.
– Біздің мектепте он балаға арналған инклюзияны қолдау кабинеті 2019 жылдың қыркүйегінде ашылды. Осы үш жылдың ішінде 10 баланың 3-еуін қоғамдық ортаға бейімдеп, өз бетімен оқи алатын деңгейге жеткізіп шығардық. Қазір де 10 бала инклюзивті білім алып жүр. Олар сыныпта басқа балалармен бірге оқиды. Әрқайсысының жанында бір-бір педагог-ассистент болады. Бізде 10 педагог-ассистент маман жұмыс істейді. Мұндай балалар психологиялық-медициналық-педагогикалық консультацияның қорытындысына сәйкес ұсынылған бағдарламамен оқытылады. Әрине, бұл іске алғаш кіріскенде ата-аналар тарапынан да, оқушылар тарапынан да, тіпті мұғалімдердің арасында да қарсылық болды. Дегенмен осы үш жылдың ішінде ерекше қажеттілігі бар балаларды ортаға бейімдеу және сыныптастарының оларды қалыпты қабылдай алуы жағынан едәуір ілгерілеушілік байқалады. Яғни инклюзивті білім берудің тиімділігін уақыттың өзі көрсетіп отыр, – дейді Б.Сейітова.
Жалпы, инклюзияны қолдау кабинеттері жұмысының тиімділігін ескере отырып, облыста білім басқармасының жол картасына сәйкес 2024 жылы тағы 2 кабинет ашу жоспарланып отыр. Атап өтсек, Жетісу облысында ерекше білім беруді қажет ететін 7 072 бала бар, соның 1 709-ы – мүгедектігі бар балалар. Бүгінде 1 896 бала мемлекеттік балабақшаларда, мектептер мен колледждерде инклюзивті білім берумен қамтылып отыр.
Қазір «Сырттай бағалау кезінде оқушыларымыз мектепте алған бағасын дәлелдей алмайды?» деген сауалға жауап табу қиын болып тұр. Бұл жағдайда ең басты себептің бірі – пән мұғалімдері тарапынан балалардың білімін біржақты бағалау болса, екіншіден, мектеп әкімшілігі тарапынан жүргізілетін мектепішілік бақылаудың әлсіздігі. Егер мұғалімнің қойған бағасы сырттай бағалаудағы бағамен неғұрлым сәйкес болса, берілетін білімнің шынайылығы соғұрлым анықталады. Көп жағдайда мектеп әкімшілігі білімнің сапасына емес, көрсеткіштің жоғары болуына баса мән бергені абзал.
Жетісу облысы