• RUB:
    5.44
  • USD:
    478.58
  • EUR:
    520.84
Басты сайтқа өту
11 Маусым, 2010

ҚАУІПСІЗДІКТІҢ ІРГЕЛІ КОДЕКСІ

434 рет
көрсетілді

ЕҚЫҰ КОПЕНГАГЕН ҚҰЖАТЫНА 20 ЖЫЛ 10 маусымда ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасы, еліміздің Мемлекеттік хатшысы – Сыртқы  істер министрі Қанат Саудабаев бастаған делегация Дания Корольдігінде ресми сапармен болды.

Талғат ЖҰМАҒҰЛОВ – Копенгагеннен.

Алдымен осы елдің Премьер-министрінің орынбасары – Сырт­қы істер министрі Лене Эспер­сен­мен келіссөздер өткізілді. Кездесу барысында Л.Эсперсен ханым ЕҚЫҰ-ға қазақстандық төрағалық­қа, соның ішінде Қырғызстандағы дағдарысты реттеуге жоғары баға берді. Ол сондай-ақ ЕҚЫҰ сам­митін биылғы жылы өткізу туралы Қазақстанның бастамасына қолдау білдіріп, ауған проблемасының бүкіл күрделі сипатын ескере отырып, бұл мәселе саммиттің күн тәртібінде негізгі тақырыптардың бірі болуы керектігін атап өтті. Екі ел сыртқы саяси ведом­ство­лар басшылары “ЕҚЫҰ-ның Ко­пенгаген құжатының 20 жылдығы: мәр­тебесі мен келешегі” тақы­ры­бында мерейтойлық конферен­ция­ның ресми ашылуына қатысты. Яғни, бұл сапардың екі ел ара­сын­дағы қарым-қатынастар тұрғысы­нан ғана емес, ЕҚЫҰ шеңберіндегі әріптестігі жағынан да айрықша маңызы бар. ЕҚЫҰ-ның әйгілі Копенгаген құжаты 1990 жылдың 29 маусы­мында гуманитарлық өлшем бойын­ша Дания астанасында өткен конференцияда қабылданған бола­тын. Жиырма жыл ішінде ол Еуро­падағы қауіпсіздік және ынты­мақ­тастық ұйымының бүкіл аймағы үшін іргелі кодекске, Ұйым кеңістігіндегі адамның негізгі құқықтары мен бостандықтарының сақталуы саласындағы маңызды ережелер жинағына айналды. Айрықша атап өтерлігі, Копенгаген құжаты гуманитарлық өлшемдегі міндеттемелердің орындалу барысы туралы жүйелі әрі үздіксіз шолуды қамтамасыз етуді көздейді. 1990 жылдан бері ЕҚЫҰ адам құқығы мен демократия саласын­да­ғы міндеттемелерді айтарлықтай кеңейте түсті, әрі дамытты. Деген­мен, Копенгагенде қабылданған міндеттемелер ЕҚЫҰ аймағындағы демократиялық басқарудың негізі, яғни стандарты ретінде қалып отыр. Копенгаген құжатының бі­рінші параграфында “адам құқық­тарын қорғау... үкіметтің негізгі мін­дет­те­рінің бірі болып табы­лады”, делінеді. Демек, құжаттың басты филосо­фиясы осында деп білу қажет. Мерейтойлық конференцияда Копенгаген құжатында көрсетілген міндеттемелердің орындалу бары­сына жалпы шолу жасалынды. Қа­ты­сушылар осы орайда туындап жат­қан мәселелерді қарастырып, шешу жолдарын талқылады. Кон­ференцияда бес тақырыптық сессия жұмыс істеді: “Демократиялық үр­дістер –  сайлау және адам құқық­тары”, “Заң үстемдігі”, “Ұлттық аз­шылықтар”, “Жүріп-тұру бостан­ды­ғы” және “Гуманитарлық өл­шем­дегі міндеттемелерді орындау”. Осыған қоса бөлек сессия еуро­палық қауіпсіздік жөніндегі үн­қа­тысуды көздейтін “Корфу үде­рісіне” арналды. Бұл ЕҚЫҰ-ның гуманитарлық өлшем мен бейбіт­ші­лікті сақтау арасындағы ажырамас өзара байланыстың бар болуына, яғни қауіпсіздіктің бәрін қамтушы тұжырымдамасына тіреледі. Осы байланыс туралы 14  қаңтарда ЕҚЫҰ-ның Тұрақты кеңес мүше­леріне арнауында Елбасы Нұрсұл­тан Назарбаев та айрықша атап өткен болатын. “Біздің еліміз XXІ ғасырдағы ЕҚЫҰ-ны оның ауқы­мын­дағы барша халықтар үшін демократияның, тұрақтылық пен өркендеудің біртұтас кеңістігі ре­тінде қарастырады”, деген еді Президент. Копенгагендегі мерейтойлық конференцияға Қазақстан қосымша демеуші болуға ниетті екенін Мемлекеттік хатшы – Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев былтырғы жылы Афина қаласында ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясы бюросының мәжілісінде мәлімдеген болатын. Конференция Қазақстан, Дания және ЕҚЫҰ-ның Демо­кра­тия­лық институттар мен адам құ­қықтары жөніндегі бюросының ұйымдастыруымен өтіп отыр. Іс-шараға ЕҚЫҰ-ға қатысушы мем­лекеттерден 300-ге жуық мемле­кеттік органдар және үкіметтік емес ұйымдар өкілдері қатысуда. Конференциядағы қазақстан­дық делегация Парламент, Пре­зи­дент Әкімшілігі, Қазақстан халқы Ассамблеясы, Конституциялық Кеңес, Жоғарғы Сот, Орталық сай­лау комиссиясы, Бас прокуратура, Сыртқы істер, Әділет, Ішкі істер, Бай­ланыс және ақпарат министр­ліктерінің, сондай ақ үкіметтік емес ұйымдар өкілдерінен құралған. Ал Қазақстан мен Дания ара­сын­дағы қатынастарға оралатын болсақ, басталған сапар отандық сырт­қы саяси ведомствосы басшы­сының екіжақты қарым-қатынас тарихындағы Копенгагенге жасаған алғаш ресми сапары болып табыла­тынын айрықша атап өткеніміз жөн. Қазақстандық дипломатия жетекшісінің даниялық әріптесімен кездесуі барысында Дания және Қазақстан арасындағы сауда-эко­номикалық және инвестициялық ын­тымақтастықтың келешегі қарастырылды. Сапар аясында дипломатиялық паспорттары бар адамдар үшін барып-келудің визасыз режімін енгізу туралы нота алмасу болды. Виза талаптарын алып тастау екі мемлекеттегі ресми өкілдердің байланысын жеңілдететіні, ең алдымен саяси, экономикалық, ғылыми және мәдени салалардағы байланыстарды жеңілдететіні белгілі. Дания Корольдігі Қазақстан Республикасының тәуелсіздігін 1991 жылы 31 желтоқсан күні мой­ын­даған болатын. 1992 жылы 6 ма­мыр­да екі ел арасындағы диплома­тия­лық қатынас орнатылған. Елба­сы Нұрсұлтан Назарбаев 2000 жылы 25-26 қазанда Данияға жаса­ған сапары, осы елдің Королевасы Маргрете ІІ-мен және сол кездегі Премьер-министр Андерс Фог Расмуссенмен кездесуі екіжақты қарым-қатынастар үшін айрықша маңызға ие болған. 2009 жылы Қазақстан мен Дания арасындағы сауда айналымы 109,1 миллион АҚШ долларын құраған (соның ішінде қазақстан­дық экспорт – 56,8 млн.долл., Да­ниядан келген импорт – 52,2 млн. долл.). Қазіргі кезде Қазақстанда даниялық капиталы бар 27 бірлескен кәсіпорын тіркелген. Мемлекеттік хатшы – Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаевтың Копенгагендегі келіссөздері мен конференцияда сөйлеген сөзі туралы кеңейтілген материалды келесі нөмірден оқи аласыздар.