Шағын бизнестің өрісін кеңейтуді көздейтін қайтарымсыз гранттардың істің көзін таба білген азаматтарға шарапаты көп тиіп жатыр. Мәселен, Арқалық қаласының тұрғыны Ержан Құдабаев кәсіпкерлікті дамытудың ұлттық жобасына қатысып, 1 млн 380 мың теңгенің грантын ұтып алған. Нәтижесінде, баяғы шопандардың ауылын аралап жүретін автомонша жасап алып, елден саяқ қонған малсақ ағайынның қажетін өтеп жүр.
Ержан Берікұлы мемлекеттен алған қаржыға күтімі жақсы көне автобус сатып алып, оны төрт адамдық моншаға айналдырған. Жылжымалы монша барынша қауіпсіз әрі жуынуға да ыңғайлы.
«Бұл көптен ойымда жүрген іс еді. Міне, енді соның сәті түсіп, мемлекеттік бағдарламаның көмегімен жеке кәсібімді бастадым. Қайтарымсыз қаржыға автобус, 220 вольттық электр қуатын беретін қозғалтқыш, пеш тәрізді қажетті дүниелерді сатып алдым. Автобустың ішін жылу ұстағыш материалмен қаптадым. Нәтижесінде, моншам қақаған аязды күндері де қайнап тұратын болды. Қызметім қымбат емес, қалтаға күш түсірмейді, тұтынушыларым да дән риза. Осы кәсібімді бастауыма сеп болған үкіметімізге зор ризашылығымды білдіремін. Кейде балықшылар, табиғат аясында демалып жатқандар, қашықта тұратын шаруалар, пішеншілер мен малшылар, кейде шалғайдағы шағын ауылдар шақырады. Шақырған жерде су болса болды, арнайы сорғышпен су сорып, моншаның бөшкесін толытырып аламын. Көп ұзамай монша да дайын болады», дейді кәсіпкер.
Автомоншаның шай ішіп демалуға арналған жеке бөлмесі, буханасы, душы, тоңазытқышы бар. Тіпті қайың сыпырғыш, буханаға киетін баскиім, қолғап, тәпішке секілді моншаға түсуге қажет дүниелер де табылады.
Қостанай облысы