• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Көрме 25 Желтоқсан, 2023

Түрік керамикасының тылсымы

155 рет
көрсетілді

Мемлекеттік орталық музей мен Түркия Республикасының Алматы қаласындағы Бас кон­сулдығы бірлесіп Түрік Респуб­ликасының 100 жылдығына арналған түркиялық әйгілі ке­рамика шеберлері Ибрахим Кушлу мен Джумхур Айгүн­нің «Түркия ғасыры: Ата-баба­ларының отанын­дағы Анадолы әйнектері, керамикасы және өрнектері» атты өнер көрмесін ашты.

Археологиялық аумақтарға бай Ана­долының керамикасы тарихи және көркемдік дәс­түрлерді қамтиды. Көр­­медегі қыш бұйымдардан осы өңір­ге тән, ежелгі өркениет тарихынан сыр шертетін сәндік элементтер мен мотивтерді байқадық. Жергілікті шеберлер қыш бұйымдарды жасау кезінде ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан дәстүрлі техникаға сүйенеді. Көрме қонақтары танымал қос шебердің 200-ге жуық заманауи нақыштағы бірегей жұмыстарымен таныса алады.

Кесілген қалыптардан кескіндерді басып шығару тех­ни­касы (High Printing) III ға­сырда Қытай жерінде пайда болса керек. Біздің дәуірімізге дейінгі 105 жылы Қытайда қол­дан жасалған қағаз өндірісі бас­па өнерінің пайда болуы­на жол ашқан. Қиыр Шығыс елдерінен бастау алған баспа өнері кейін Батысқа қарай ығысып, XIV ғасырдан XVIII ғасырға дейін жалғасып, кітап иллюс­трациясы өнерінің негізі қаланған.

– Белгілі болғандай, адам­дар жануарлардан өз қажет­тіліктеріне сәйкес пайда тауып қана қоймайды, сонымен қатар оларға физикалық немесе сипаттамалық ерекшеліктеріне сәйкес мағына береді. Біз жа­нуарлардың символизмін ша­мамен 12 мың жыл бұрын, тіпті Гөбеклитепеде кездестіреміз.Түркілердің әртүрлі жа­нуар­лар мотивтері мен жануар­лар кү­ресін бейнелейтін стиль­дендірілген және нату­ралистік белгілері Орталық Азия географиясында жиі ұшы­­расады. Өсімдік символ­дарының бірі өмір ағашы – түрік өнерінің ең көне та­қы­рыптарының бірі. Өмір ағашы аспан және құнарлылық сияқ­ты ұғымдарды білдіреді. Сегіз бұ­рышты жұлдыз геометриялық таң­баларда аспанды бейне­лейтіні белгілі. Аталған фигу­ралардың барлығы Анадолыда са­лынған керуен сарайлар, қабір­лер мен мешіттер си­яқ­ты әртүрлі мақсаттағы құрылыс түрлерінде де, плитка мен керамика сияқты қолөнер бұйымдарында да жиі қолданылған. Бұл тұл­ға­лар көне дәуірдегі түрік қоғамының әлеуметтік, мәдени, саяси құрылымы, дәстүрлі культі мен мифтері туралы дерексіз түрде ақпарат береді. Бұл рәміздерді түсіну үшін Орталық Азиядан Қытай мифологиясына дейін, ежелгі Таяу Шығыс наным-сенімінен христиан иконография­сы мен ертедегі ислам символизміне дейінгі кең бейнелі тілді қарастыру қажет. Бізге бауырлас ел ретінде мәдени алаң ұсынған Мемлекеттік ор­тал­ық музей басшылығына алғыс айтамын, – дейді Түркия Республикасы елшілігінің Алматы қаласындағы Бас консулы Эврен Мудеррисоглу.

Джумхур Айгүн шығар­маларында Анадолыда өмір сүрген селжұқтардың дәс­түрлі қол­өнерінде қол­даныл­ған жа­нуар таңбаларымен қатар, гео­метриялық және өсім­дік өр­нек­тері, тіпті грифон сияқ­­ты қиялдағы жаратылыс­тар да қол­­­­­данылады. Түркияда және шет­елде өт­кен көп­теген кафель көрмелері мен фес­­тиваль­дарының қатысушысы Ибра­­һим Кушлу болса әлі күнге дейін Бур­садағы шеберха­насында плитка шы­ғарумен айналысатын көрінеді.

 

АЛМАТЫ