Қазір талдықорғандықтар Жетісудың орталығын шағын шаһар санамайды. Зәулім үйлер мен әсем ғимараттар жыл санап артып, жаңа шағын аудандар түрленіп келеді. Жылдар бойы қордаланып қалған тұрғын үй мәселесі де шешімін тауып жатыр. Маңайындағы ауылдар мен саяжайлар көгілдір отынға қол жеткізіп, ауыз сумен қамтамасыз етілді. Қала басшысы Ернат Бәзіл халық ішінде жүр, әрбір тұрғын мәселесін әкімге ашық айта алады.
Жетісуда халықты табиғи газбен толықтай қамтамасыз ету жұмыстары жүйелі түрде жүріп жатыр. Талдықорған қаласында бүгінде 32 466 абонент газдың қызығын көріп отыр. Олардың қатарына «Үйтас» саяжайы мен «Жастар-2» тұрғын үй алабының тұрғындары да кірді. Жалпы, қала көлемінде абоненттердің 58 пайызы табиғи газға қосылған. Келер жылы Мойнақ ауылы кезекте тұр.
«Мойнақ ауылына газ келсе, 220 үйді қамтымақ. Қала аумағын толық газға қосу жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп жатыр. Біз алдағы уақытта шамамен 4 мың тұрғынды газбен қамтымақпыз. Атап айтқанда, «Қаратал», «Қызылтас», «Мерекелік», «Балықты», «Сарыбұлақ», «Алмалы» және «Ащыбұлақ» саяжайларымен қатар 1-бөлімше тұрғын үй алабын да газдандырамыз. Осылайша, қала аумағының газға толық қосылуын қамтамасыз етеміз», дейді қала әкімі Бәзіл Ернат.
Сондай-ақ 2 мыңнан аса тұрғынды қамтуға мүмкіндік беретін тағы да 2 жоба жүзеге асырылып жатыр. Олар – «Ынтымақ» тұрғын үй алабы мен 6, 7-шағын аудандар және «Агропромышленник» саяжайын газдандыру.
Ал ауыз сумен қамту мәселесіне келсек, бүгінде қала аумағын орталықтандырылған таза ауыз сумен қамту 98 пайызды құрап отыр. Биылдың өзінде қала іргесіндегі «Қызылтас», «Қаратал» саяжайлары аумағына су құбыры тартылып, жұмыстары аяқталуға жақын. Сонымен қатар «Ұлан» әскери қалашығында және «Жастар 1\1» тұрғын үй алабында су құбыры желілерін қайта жаңғырту жұмыстары басталса, келер жылы бұл жұмыстар Еркін ауылында жалғасады. Айта кетейік, 2024 жылы Талдықорған қаласында 47,8 км болатын сумен жабдықтау желілері мен 37,4 км су бұру құрылысы басталмақ.
Білім саласындағы өзекті мәселе – оқушы орындарының тапшылығы. Осы ретте салынған Ынтымақ ауылында 1 200 орынды мектеп қаңтар айында оқушыларды қабылдайды. Сонымен қатар 2024 жылы «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында Жастар-2 шағын ауданында, Батыс тұрғын ауданында және Көктал ауылында 3 мектепті салу жоспарланып отыр. Бұдан бөлек, 2024-2025 жылдарға заманауи IT колледжінің құрылысы демеушілер есебінен және Оңтүстік-батыс тұрғын ауданында 1 200 орындық мектеп құрылысы «Білім беру инфрақұрылымын қолдау қорының» қаражаты есебінен салынады.
«Биыл балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында 26 мектеп пен 16 мемлекеттік балабақша арнайы күзетпен, бейнебақылау жүйелерімен, дабыл түймелерімен қамтамасыз етілді. Сонымен қатар мектепке дейінгі біліммен қамту бойынша 4 жекеменшік балабақша ашылып, 1 мемлекеттік балабақша күрделі жөндеуден өтті. Жыл соңына дейін тағы 1 жекеменшік балабақша пайдалануға беріліп, «Алтын бесік» жекеменшік балабақшасында қосымша 40 орын ашу жоспарланып отыр», дейді қала басшысы Е.Бәзіл.
Оның айтуынша, «Қазақстан Халық банкі» АҚ есебінен футбол алаңының құрылысы жыл соңына дейін аяқталады.
Жалпы, облыс орталығының дамуына келетін болсақ, 11 айда өнеркәсіп өндірісінің көлемі 117,7 млрд теңгені құраған, өсім – 4 пайыз. Жыл соңына дейін 130 млрд теңгеге өнім өндіру жоспарланып отыр. Осы жылы 2 өнеркәсіптік кәсіпорын іске қосылған. Атап айтсақ, «Халық астық Экспо» ЖШС. Кәсіпорын 30 жұмыс орнына арналған ауыл шаруашылығы өнімдерін кептіру элеваторы. Екіншісі – «Алтынғажинов» жүн көрпе өндіру цехы. Сондай-ақ «Алмаз Керамикс» серіктестігі өндірісін кеңейткен. Бүгінде кәсіпорында 260 адам жұмыс істейді.
Осы орайда «Медисон-2008» ЖШС-на тоқтала кетсек. Аталған кәсіпорын медициналық мақсаттағы формалар мен жиһаз, жабдықтар шығарумен айналысады. Талдықорған қаласында орналасқан компания өзінің қуатты өндірістік базасына ие. Онда 50-ден аса білікті маман жұмыс істейді. Олар әсіресе өнімнің сапалы шығуына ерекше мән береді. Бұл жерден медициналық кереует, арба, диван, үстел, дәрі-дәрмек сақтауға арналған шкаф сияқты медициналық жиһаздың небір түрі бар.
Сондай-ақ өндірісті одан әрі дамыту үшін компания мемлекеттік қолдауды пайдалана отырып, «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба» бағдарламасы шеңберінде «Нұр банк» АҚ-дан несие алды. Кәсіпкер үшін несие мөлшерлемесі жылдық 8 пайызды құрайды.
Компания жетекшісі Алексей Шайкин алдағы уақытта медициналық мекемелерді техникалық жабдықтауды ғана емес, сонымен бірге медициналық киім тігумен айналысатын қызметкерлердің жұмыс үдерісін оңтайландыруды ойға алуда.
Қалада 17 мыңнан астам жұмыс істеп тұрған бизнес субъектісі бар. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 16 пайызға жоғары. Жалпы, облыста өндірілетін тамақ өнімдерінің 25 пайызы Талдықорған қаласының үлесінде. Халықтың маусым аралығына картоп пен көкөніске қажеттілігін қамту үшін «Жетісу Агро кешені» кәсіпорнының қоймасы қайтадан жаңғыртылып, 6 мың тоннаға жуық өнім әртүрлі мерзімге сақтауға салынған. Биыл қыс-көктем айларында, маусымаралық қымбаттаушылық кезеңінде олар шектелген бағамен сатылымға шығарылады. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру мақсатында 18 азық-түлік тауарын сататын екі шағын әлеуметтік дүкен ашылған.
Ал баспана мәселесі де біртіндеп шешімін тауып келеді. Жақында «Береке» коттедж қалашығында 11 отбасыға коттедж үй берілді. Қонысқа ие болғандар – көпбалалы отбасылар санатындағы қала тұрғындары. Естеріңізге сала кетсек, бұған дейін қала күні қарсаңында 25 отбасыға осындай баспаналардың кілті берілген еді. Бүгінде облыс орталығында тұрғын үй кезегінде 15 мыңнан аса азамат тұрса, соның 315-іне пәтер пайдалануға берілді.Олардың дені – әлеуметтік осал топқа жататын азаматтар.
«Мемлекеттің әлеуметтік саясатының басты бағыттарының бірі – халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету. Қазіргі таңда өңірде баспана тапшылығын азайту үшін әртүрлі ауқымды жұмыс істеліп, жыл сайын құрылыс қарқыны артып келеді. Бұл жұмыстарды екі есе күшейтуіміз қажет», дейді Е.Бәзіл.
Мемлекет басшысы облысқа келген жұмыс сапарында өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуымен, сондай-ақ облыс орталығындағы бірнеше нысанның тыныс-тіршілігімен танысып, атқарылып жатқан істі оң бағалаған еді. Тотыдай түлеген Талдықорған қаласы өңірдің мақтанышы ретінде алға нық қадам басып келеді.
Жетісу облысы