• RUB:
    4.81
  • USD:
    498.51
  • EUR:
    522.84
Басты сайтқа өту
Руханият 25 Желтоқсан, 2023

Ұлттық өрлеу ұйытқысы

449 рет
көрсетілді

Алаш ренессансын тудырған алыптар тобының алдаспаны – Халел Досмұха­мед­­ұлының елдік қасиеттерден суарылған қазыналы мұрасынан алар тағылым толастамақ емес. «Шын азаттықты білім береді» («Мәшиненің күші»), «Мәдениеттің негізі – білім» («Қазақ-қырғыз тіліндегі сингармонизм заңы»), екенін қадап көрсеткен энциклопедист тұлғаның нақыл сөздері халқымыздың отаршылдықтан арылудағы қилы тағдырын, ояну дәуіріндегі әлеуметтік сілкінісін, мемлекеттілігін қайта жаңғыртуымен сабақтас ғылым өріндегі серпілісін, мәдениет биігіндегі өрлеу өрісін танытады.

«Алаш» не сөз?» мақаласымен тарихи жадымызға қан жүгірткен ғұ­ла­ма ға­сырлар тоғысындағы аласапыранда азаттықтың адастырмас жолында тер төкті. «Құлағанды көтеру – адамшылықтың белгісі! Сұлағанды көтеру – ағайын­шы­лықтың белгісі!» («Екі дәуір») – деген байрақты сөзімен қаймана жұртын жаттың езгісінен арыл­тудағы күрескерлік ұстанымынан тан­бады. Қашанда ақ сөйлеп, «Қазақ-қырғыз жұртының бұрын көрген жауыздықтарының ең үлкені – отар­шылдық...» (Азаттықтың жолы осы) болғанын, «...Жел жақты күзету қолдан кеткенін» («Екі дәуір») ашық айтты. «Әлеуметшіліксіз қазақта ұлт тір­шілігі, ұлт мемлекеті болу мүмкін еместігін» («Аламан») тереңнен екшеп, қазақ қауымының қордаланған толғақты мәселелерін заман талабына сай шешудегі келелі істерге темірқазық болды.

Қоғамдық қызметін Қазақ конс­ти­туциялық-демократтық партия­сы­­ның құрамында бастаған ол Орал облыстық қазақ съезіне, Бүкілресейлік мұсылмандар съезіне қатысады. «Елдің қимылын жолға салып, ұйымдастырып отыратын көсем керек» («Тайманұлы Исатайдың қозғалысы турасында қысқаша мағлұмат»), «Қанат, құйрық болмай, сүйеуші тіреу болмай жұмыс көркеймейді» («Қазақ-қырғыз білім кәмисиесінен») деп, кемел істердің көшбасынан табылды. Ұлт-азаттық Алаш қозғалысына ұйытқы болып, «Алаш» партиясын құрудағы қажыр-қайратымен ел құрметіне бөленді. Бірінші, Екінші Жалпы-қазақ съездеріне қатысып, Алаш­орда үкіметінің құра­мына сайланды.

Санкт-Петербург императорлық әс­кери-медициналық академиясында білім алған кәсіби дәрігер ұлт саулығын сақтауда аянбай тер төкті. Денсаулық сақтау саласында ана тілімізде алғашқы оқулықтар жазуды қолға алды. «Тамыр дәрі хақында», «Сары кезік – сүзек», «Жұқпалы ауру хақында», «Шума қандай ауру?», «Жұқпалы аурулар», т.б мақалалары, «Шәкірттер саулығын сақтау», «Как бороться с чумой среди киргизского народа («Практическое руководство для работающих на чумной эпидемии»). 2-ое издание» еңбектерімен отандық медицинаға үлес қосты.

Қазақ ғылымының әр тарапта дамуына ерен еңбек атқарған ағартушы «Таби­ғаттану. І бөлім» (1922), «Жа­нуар­лар. І бөлім. Сүйектілер хақында» (1922), «Жануарлар. ІІ бөлім» (1922. 1926), «Жануарлар. ІІІ бөлім» (1926), «Зоология» (1922), «Адамның тән тірлігі» (1927), «Оқушылардың саулығын сақтау» (1925) атты ана тілі­мізде жаратылыстану ғы­лым­ы­нан тұңғыш оқулықтарын шығарды. Қазақ тілінде ғылыми терминология қалыптастыруға өлшеусіз үлес қосты.

Аталған еңбектер сол кездегі мерзімді басылымдардағы рецензияларда ла­йықты бағаланды. «Ақ жол» газетінің «Жаңа кітаптар», «Табиғатпен танысу керек» редакциялық мақалаларының арқауын Халел оқулықтарының құн­дылығы құрады. Ж.Аймауытұлының «Оқушының саулығын сақтау», «Сыр баласының» «Кітап жазушылар туралы» рецензияларында оқулықтар маз­мұнына, ғылыми құрылымына салиқалы ойлар айтылды.

«Өз еліміздің өткен-кеткені туралы, басынан кешкен дәуірлері туралы бұрынғы, осы күнгі мекендері туралы қолдан келгенше толық мағлұмат беру, ата-бабаларымыздың істерімен танысып, еткен жаңылыстарына күйі­ніп, жақсылықтарына сүйініп, ғибрат алмақ – адамға сана береді» («Қазақ-қырғыз білім кәмисиесінен»). Міне, реформатордың Түркістан Республикасы Халық ағарту комиссариаты жанындағы Қазақ ғылым, білім комиссиясы, Мемлекеттік ғылыми кеңестің төрағасы қызметтерінде жүріп ұлттық санамызды жаңғыртуда атқарған соны қадамдары сүйсіндіреді. Халық ауыз әдебиетінің асыл үлгілері мен этно­гра­фиялық құнды материалдар жинау, Алаш оқулықтарын дайындап, баспаға ұсыну, оқу үрдісіне қажетті ғылыми аудар­малар жасау, қазақ тілінің сөздігін түзу өзге де кемел істердің жүзеге асырылуы оңай болған жоқ. Қайраткердің 1921 жылдың 28 қарашасындағы Қазақ ғылым комиссиясы қызметінің барысынан жасаған қысқаша есебінде қажетті материалдық жабдықтармен қамтудағы қадау-қадау кемшіліктер, білікті мамандар тапшылығынан туындайтын басты-басты түйткілдер, еңбекақы мардымсыздығы, қызметкерлерге тиесілі қаржы қаражаттың уақытында берілмеуі орынды айтылған (Досмұхамед­­­ұлы Х.Краткий отчет о деятельности Киргиз­ской Науч­ной­ комиссии и план ближайших работ // Досмұхамедұлы Х. Таңдамалы (Избранное). Құрастырған: Ғарифолла Әнес. – Алматы: Ана тілі, 1998. 366-бет.).

Қандай істе болсын кәсіби білік­тілігімен жарқырай көрінген санат­кердің «Қазақ-қырғыз білім кәмисиесінен» баяндамасындағы ой-толғамдары нақыл сөздерге тұнып тұр. «Ауруын жасырған жазылмайды», «Тіл – жұрттың жаны», «Өз тілін өзі білмеген ел – ел болмайды», «Білім таратып, елдің қолын мәдениетке жеткізетін – мектеп», т.б.

«Ұлт мемлекетін жасап, қазақ арасынан әлеуметшілік туғызамыз деген дәуірде тұрмыз» («Аламан») деген ол туған халқының рухани кемелденуіне айқын бағыт нұсқаған «Талап» қауы­мы­ның басқармасына төрағалық етті. Түркістан Денсаулық сақтау халық комиссариаты, Орта Азия мемлекеттік баспа коллегиясы, Қазақ мемлекеттік баспасында қызмет атқарды. Орта Азия (Түркістан) университетінде, Қазақ педагогикалық институтында ұстаздық етті.

1920 жылдардағы аштық алапатында «Екі дәуір» («Ақ жол». 1922. 11.05. №171) мақаласымен қазақ қасіретіне бар­ша қоғам назарын аудартты. «...Атасы бала­сын, анасы қызын жей бас­тады. Ел қы­рылды, жүрерге жол жоқ, барарға жер жоқ. Келген тағы жәрдем жоқ... Қарны тоқ ағайын, ашыққан тумаңа қарасар күнің осы күн!» деген жанайқайымен за­­ман шындығын жеткізіп, барша саналы­ қ­ауымды қандастарына қарайласуға шақыр­ды.

Ұлт керегін түгендеуге қара нар бо­лып жегілген еңбек торысы «Абай Құнанбайұлы. Таңдамалы өлеңдерін» (1922) басып шығаруға қатысып, ақын шығармаларындағы жат сөздерге түсінік жазды. Ғалымның өзі атап көрсет­кеніндей, «Абай өлеңдерін тергегенде бірінші баспасындағы кемшіліктерді жоюға, сөздерін анықтап, дұрыстауға қолдан келген шаралар қылынды».

Келелі істердің көшбасынан табыл­ған отырған білімпаз 1923 жылы Қазақ-қыр­ғыз комиссиясы жанынан «Сана» журналын ашып, тағылымы мол істерге тірек болды. «Ғылымды іздеп та­уып, тексеріп, бәрін шешіп отырған – адамның ақылы. Адамның ақылы, ақылдың баласы – ғылымнан айналса­ болмай ма?!» («Мәшиненің күші») деп, «Сана», «Жас қазақ», «Шолпан», «Сәуле» журналдарындағы «Дүния қалай жаратылған?», «Ұйқы деген немене?», «Диуани лұғат ат-түрк», «Мәшиненің күші», «Жұлдыздарды күндіз көруге бола ма?», «Миллион деген немене?» ғылыми-таным­­дық мақалаларымен жас толқынның жаңа­шыл ізденістеріне қуат дарытты.

Ұлт руханиятының ділгір мәселе­лерінде қалам тербеген оның тіл білімі, әдебиет­тану, Отан тарихы, фольклортану, сөз өнері, түркітану хақындағы «Қазақ-қырғыз білім комиссиясы жа­йы­­нан қысқаша баяндама», «Қазақ-қыр­ғыз тіліндегі сингармонизм заңы», «Қазақ емлесі», «Түркі тілдері туралы», «Қазақ-қырғыз білім комиссиясынан», «Диуани лұғат ат-түрк», «Қазақ-қырғыз мәде­ниетін көркейтушілер қауымы «Талап» қоғамының жолы», «Мұрат ақын», «Қазақтың өткен ақындары тура­лы», «Қазақтың батырлары: Исатай, Махам­бет», «Түзетушіден («Кенесары-Наурызбай»)», «Қазақ тіліне латын харфін алу мәселесі», «Шернияз кім?», «Жалаң­төс батыр», «Жат сөздер туралы», «Адай Абыл ақынның сөздерінен қалған бір жұр­нақ», «Үш қиян (Мұрат ақынның сөзі)», «Ба­зар жырау», т.б. ғылыми сара­лау­ла­ры, көркемдік-эстетикалық пайым­дары энци­­клопедиялық ізденістегі тереңдігін көрсе­теді.

«Өз жұртына жұмыс қылып, еңбек сіңірген адамдарды қадірлеу – елдік­тің белгісі» («Қазақ-қырғыз білім кәми­сие­сінен») деген оқымысты «Кенесары-Нау­рызбай» (1923), «Сұлтан Кенесары тари­хына қосымша материал» (профессор Поливановпен бірге) (1923), «Қыз Жібек» (1923), «Мұрат ақынның сөздері. Бірінші бөлім» (1924), «Исатай-Махамбет. Бірінші бөлім» (1925) сынды жауһар мұраларымызды жариялап, текстологиялық зерделеулер жүргізді. Әдебиеттің Отан тарихымен тамырлас тінін «Елдің өзінен шыққан, қанымен қаны, жанымен жаны бір дерлік ақын елдің мұңын айтпай қалай тұрсын?» («Мұрат ақын туралы қысқаша мағлұмат»), «Он сегізінші, он тоғызыншы әсірлердегі қазақтың қозғалысының ең күштілері – Сырымдікі, Исатайдікі, Кенесарынікі» («Тайманұлы Исатайдың қозғалысы турасында қысқаша мағлұмат») деп айқындады.

Қазақ классикалық филологиясын, қазақ лингвистикасын, түркітануын ірге­лі зерттеулерімен ғылыми негіздеген Халел қазақ тілінің ілім мен білім­нің тілі болудағы маңызын үнемі қа­перде ұстады. «Аламан. Қазақтың ел әдебиетінен алынған сөздер» (1926), «Казахская народ­ная литература («Док­лад, прочитанной в кабинете казахского языка при Казахском высшем педагогическом инсти­туте»)» (1928) ғылыми еңбектерін жазды. Ю.Вагнердің «Өсімдіктердің тіршілігі мен түзілуі туралы әңгімелер» (1924), «Денеміздің түзелуі мен жұмыс қылуы туралы әңгімелер» (1924) еңбектерін қазақ тіліне аударды.

«Нағыз алтында, нағыз темірде қо­сым­­ша жоқ» («Адамның тән тірлігі») – дей­ді қыр перзенті. Иә, қандастарының бойындағы «Отан бірлігі, Отан намысы, Отан сақтау сезімдері» өрелі болуын діттеген дегдардың ұлттық сана биігіндегі елдік пен мемлекетшілдікке ұйыстырып, қазақ баласының рухани дамуының жаңа асуларын межелейтін саралы сөздерінің қасиетін ұғынатын, өмірлік ұстанымға айналдыратын кезеңде тұрмыз.

 

Сағымбай ЖҰМАҒҰЛ,

Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ профессоры, филология ғылымдарының докторы