• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Аймақтар 26 Желтоқсан, 2023

Жұрт көңілін алаңдатқан жоба

269 рет
көрсетілді

Қазір елімізде жол құрылысы бір ізге түсіп, күре жол арқылы жолаушы мен жүк тасымалы артып келеді. Аймақтар арасында жол-көлік инфрақұрылымы жағынан Қызылорда облысы көп өңірден алда тұр. Биыл облыста жол инфрақұрылымын дамытуға 37,1 млрд теңге бөлініп, 603 шақырым автомобиль жолдары, көшелер және көпір өткелдері жөнделіп жатыр. Былтырғымен салыстырғанда жолға қаралған қаржы екі есе ұлғайса, келер жылға республикалық бюджетке 53 млрд теңгенің 84 жобасы ұсынылып отыр. Бірақ Сырдағы ағайын­ды алаңдатып отырған бір мәселе – көп жылдардан бері айтылып келе жатқан «Бейнеу – Шалқар» күре жолының жобасы.

Осыдан 2 жыл бұрын Маң­ғыстау облысына жасаған сапарында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев рес­публикалық маңызы бар «Бей­неу – Бозой – Шалқар» жолын бастауды тапсырғаны бел­гілі. Содан бері жоба көп тал­қысына түсіп, бірнеше мәрте қоғамдық тыңдаулар өткізілді. Қы­зылор­далықтардың басым бөлігі «Ба­тыс Еуропа – Батыс Қытай» авто­­дәлізіне қосылатын бұл күре жолдың Арал ауданы Сексеуіл кенті арқылы жүргізілгенін қалайды. Өйткені жол Шалқар ауданы арқылы «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автодәлізінің 1 153 шақырымындағы қиылы­сына қосылған жағдайда, оның жалпы ұзындығы шамамен 825 шақырымды құрайды. Ал Қызылорда облысының Арал ауданындағы Сексеуіл кенті тұсындағы халықаралық дәліздің 1 337 шақырымынан түссе, ұзындығы 505 шақырым болады.

– Бұл жолдың Сексеуіл стансасы арқылы «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» дәлізіне 1 337-ша­­қырым тұсынан қосылуы төте болмақ. Жолдың осы ба­ғыт­та салынуы Қызылорда ғана емес, еліміздің оңтүстігі мен орталығының Атырау, Маң­ғыстау облыстарымен байланысын жақсартып, Каспий жағалауындағы туризм нысандарын пайдалану тиімділігін арттырады. Атырау арқылы Ресейдің Астрахан облысына жүк тасымалын жеделдетеді. Сонымен қатар Маңғыстау, Атырау өңіріне вахталық жұ­мысқа баратындардың көлік қатынасы, олардың қауіпсіздігі бір жүйеге түседі. Бейнеуден Сексеуіл аралығындағы «Бей­неу – Бозой – Шымкент» газ құбы­рын жағалай түскен техникалық тасжол бар. Едәуір қысқа болған­дықтан көптеген көлік жазда Ақтау мен Атырауға осы жолмен қатынайды. Егер күре жол түссе, келешекте мұнай-газ компанияларының бұл тасжолды ұстап тұру шығындары да жойылады, – дейді қоғам белсендісі Болат Нұрқожаев.

Жергілікті азаматтар Авто­мобиль жолдары комитеті тапсырысымен әзірленген жобалар арасында «Бейнеу – Бозой – Шалқар» бағыты бойынша – 4, ал Сексеуіл арқылы жалғыз нұс­қа жасалғанына наразы.

Мәселені зерттеп жүргендер­дің пікірінше, жоба қазіргі нұс­қада қабылданса, трассаның Арал – Ырғыз бөлігіндегі кө­лік жүктемесін күрт арттырып жібереді. Осы мәселені көте­ріп жүрген сексеуілдік ардагер теміржолшы Өмірсерік Жанұзақов бұған дейін де Сек­сеуіл арқылы өтуге тиіс темір­жол бағыты Бейнеу – Шалқар болып өзгеріп кеткенін айтады. Қазір осындай ойланбай жасалған олқылық зардабын тартып отырмыз деген маман Сексеуіл мен Бейнеу арасын қосу нұсқасының тиімділігіне назар аударуды сұрайды. Оның айтуынша, автожол Шалқар арқылы Бейнеуге тартылса, ке­зінде қате қабылданған темір­жол жобасының тағдырын қай­талайды.

Батыс Қазақстан облысы тұрғындары үшін де осы бағыт тиімді. Рас, олар үшін оңтүстік бағытқа Бейнеу – Сексеуіл арқылы жүрген Ақтөбе жолынан 500 шақырымға қашық. Бірақ батыстан қатынай­тын­дар үшін Ақтөбе мен Ыр­ғыз аралығындағы жол қыста қар басып, көктайғаққа айнала­тындықтан Бейнеу – Сексеуіл бағыты қауіпсіз.

Жуырда Арал ауданында «Бейнеу – Бозой – Шалқар» автомобиль жолының құрылысы» тех­никалық-экономикалық не­гізде­месінің техникалық ше­шімдері бойынша қоғамдық тыңдау өтіп, оған аудан әкім­дігі, «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ мамандары, жобалаушы «Қазжол­жоба» ЖШС өкілдері қатысты. Қоғамдық тыңдауда аудан әкім­дігінің өкілдері жобаны Қызыл­орда облысы Арал ауданы ар­қылы іске асыру ең алдымен аудан орталығынан шалғайда орналасқан, экономикалық және инфрақұрылымдық дамуы жағынан кенжелеп қалған Қосаман, Ақеспе, Құланды мен Ақбасты секілді ауылдық округтер мен елді мекендердің халқының әлеуметтік жағдай­ларына, тұрмыс-тіршілігіне оң әсер етіп, олардың дамуына серпін беретінін атап өтті.

Жыр болған жол жобасы­на байланысты Үкімет басшы­сының атына Қызылорда об­лыстық қоғам­дық кеңесі де ұсыныс жол­дады. Қоғамдық кеңесте күре жолдың Сексеуіл арқылы түскенін қолдайтын Алматы, Түркістан облыстық қоғамдық кеңестерінің қолдау хаттары бар. Бастама көтеріп жүргендер «Атырау, Маңғыстау облыстарында қоғамдық тыңдау­лар өткізілгені жөн болар еді», деген пікір айтады.

Бұл мәселе жуырда ғана облысқа сапармен келген Көлік министрі Марат Қарабаевтың тұрғындармен кездесуінде де айтылды. Ұзақ жылдар Арал, Қызылорда, Жаңақорған аудандарын басқарған белгілі азамат Нәжмедин Мұсабаев, қоғам белсендісі Болат Нұрқожаев, ардагер Өмірсерік Жанұзақов, Арал ауданынан арнайы келген өкілдер кездесуден кейінгі жеке қабылдауда министрге ұсыныстарын жеткізді. Министр де өз сапарының мақсаты елмен кездесіп, осындай проблемаларды күлбілтелемей, оны шешудің жолын кеңесу екенін айтып, бас­тамашыл топ пікірін мұқият тыңдады. Жеке қабылдауда министр мен жергілікті азаматтар мәселені келер жылдың басында тағы қоғамдық талқылау алаңына шығаруға келісті.

 

Қызылорда