• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Басылым 27 Желтоқсан, 2023

Ғұламаның ғаламдық жолы

314 рет
көрсетілді

2023 жылдың айрықша бір жаңалығы – Мәдениет және ақпарат министрлігінің арнайы бағдарлама аясында жарияланған «Ғалам таныған ғұлама (М.Х.Дулати: қайраткер, ғұлама ғалым, жазушы)» атты кітап. Авторы – белгілі қаламгер, зерттеуші, аудармашы Мұхтар Қазыбек.

Еңбекте Мұхаммед Хай­дар Дулатидің (1499-1551) мұрасы тарихи-фи­лологиялық, танымдық-философиялық бағытта тұңғыш рет жүйеленіп зерттелінген. Тұлға мемлекет қайраткері, қолбасшы, жазушы, суретші, ғұлама деңгейіне қалай жеткені зерделенген. Шындығында, Мұхаммед Хайдар – жан-жақты энциклопедист. Оның классикалық «Тарих-и Рашиди» атты еңбегінде 40-тан астам ғылым саласының мәселесі қозғалған. Зерт­теуші М.Қазыбек беймәлім деректер мен танымдық-та­рихи материалдар негі­зінде біртуар қайраткер ғұ­ла­маның өмірі мен шы­ғар­машылығын қатар қа­растырады.

Ел тәуелсіздігінің ұлы жеңісі Мұхаммед Хайдар Дулатиді Қазақ елімен қайта қауыштырды. Соңғы ширек ғасырда қайраткер ғұламаны еліміз бен әлемге танытуға байланысты түрлі шаралар өтті. Мұрасы жарияланып, конференциялар ұйымдастырылды. Еліміздегі ірі университет М.Х.Дулати есімімен аталады. Сонау Үндістан жерінде өткен халықаралық іс-шаралар атқарылды. Бұл – шүкір деу­ге лайықты шаралар.

Мұхаммед Хайдар Дула­тидің тарихи рөлі ерекше. Егер ол дер кезінде хат­тамаса, моғолдар мен Мо­ғол­станға қатысты тарихи оқиғалар мен мәлімет-деректер із-түссіз жоғалып кетер еді. Ғұлама тарихи мәліметтерді көнекөз қа­риялардан, ел басқарған әмір­лерден, сенімді кісі­лер­ден алғаны сөзсіз. Ол мо­ғолдар бастан кешкен тарихи оқиғаларды ерінбей жинаумен, жазумен болды. М.Х.Дулати мұрасы – өз кезеңінің міндеттеріне ғана жауап беретін кезеңдік дүние емес, заманалар сынынан, дәуірлердің тезінен өткен ескірмес қазына.

Замандастарының жа­зуын­ша, Мұхаммед Хай­дар – әдеби дарыны ай­шықты әрі жазушы, әрі ақын. Оның жазу стилі, қа­ламгерлік қолтаңбасы әб­ден мойындаған. Бүгінгі әде­биетшілер «Тарих-и Ра­шиди» шығармасын мемуар деп бағалайды. Бұл ретте шығыстанушы академик, марқұм Ә.Дербісәлі мен про­фессор Н.Келімбетов, ҚазҰУ профессоры Ж.Дә­де­баев пікірі маңызды. М.Қа­зыбек жанрын «әдеби-ме­муралық роман» деп анық­тай­ды. Зерттеуші «Та­­рих-и Ра­шидидің» То­ғы­лық Те­мірге, Қасым ханға, Дос Мұ­хам­мед ханға қа­тысты та­рау­ларын көркем шығарма іс­петтес деп баға­лап, тарихи тегеурінін, саясаттанушылық салмағын, жағрафиялық ауқы­мын, философиялық әлеуе­тін мейлінше аша түседі.

Автор тарихи тұлға тағ­ды­рын ХV-ХVІ ғасырда­ғы ірі саяси, мәдени оқиға­лармен сабақтастықта қа­рас­тырады. Мұрасының әлем­дік маңызын байыптайды.

Ғалымдар мен білім алу­шыларға қаламгер, зерт­теуші Мұхтар Қазы­бектің бұл кітабының пайдасы молынан тимек.

 

Жамбыл Тілепов,

мәдениеттанушы