• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Руханият 27 Желтоқсан, 2023

«Тура сөзін айта алмай...»

569 рет
көрсетілді

Жанның үш қуаты туралы Абай пікірінің түпкі таным-тамыры туралы «Жан және «Еуропаның жағалауы» атты мақаламыз туралы «Абайды дұрыс зерделейік» («Egemen Qazaqstan», 22.12.2023) атты бізге түсініксіз ойында пәлсапашы-академик Ғарифолла Есім: «Сіз философияның нендей білім саласы екенінен хабарсыз екенсіз» деп, өзін «ұлт қамын ойлаған» абайшыл, ал бізді («Абай өмірде болмаған, ол – қолдан жасалған жалған тұлға. Оның өлеңін Ә.Бөкейханов пен А.Байтұрсынов, ал қарасөзін М.Әуезов жазған», «Абай жолын» Л.Соболев жазған», «М.Әуезов – Сталиннің фавориті» деген күлдібадамның «ғылыми жұмысына» жетекшілік етпесек те) Абайды «шоқындыруға ұмтылғандар» ретінде көрсетіпті.

Мейлі, әркім өз пікіріне ие. Ғарифолла Есімді шамдандырған – «Пифагор» да, Бенеке де, жалпы Батыс та, тіпті өзі 25 жыл диаматтан дәріс оқыған материа­лизм де, жалпы абайтану тағдыры да емес, аталған мақаладағы мына пікір: «Абайтану ілімі пайда болғаннан бергі жүз пәленбай жыл болғанына, Абай­дың тек қана философиялық-психология­лық көзқарасына қатысты отыздан астам докторлық және кандидаттық дис­­сер­тация қорғалғанына қарамас­­тан, (бұларда философтардың, соның ішін­­де Ғ.Есімнің де аты-жөні, еңбегі көр­се­ті­леді. – Авт.), олардың бірде-бі­реуі Абай анықтап тұрып атап өткен «жан­ қуатын»: «Подвижной элемент», «Сила при­тягательная однородного», «Впечат­ли­тельность сердца» деп үшке бөлген анық­таманы кім жазғанын, Абай бұл түйін­сөздерді қайдан алғанын, онда не айтыл­ғанын көрсетіп бере алмаған. Зады, фи­лософ ғалымдар дәйексіз сөз­ден дәр­мені таусылып, шарасыздығын мо­йын­даған сияқты... Бұл үш терминнің-түйін­сөздің төркінін таппастан, онда Абай­дың философиялық, психология­лық көз­­қарасы туралы қандай пікір тал­дауы бо­луы мүмкін? Философтар­дың бірауыз­дан «Абай – философ емес, исла­мист, жай ойшыл» деп қысқа қайыра сал­ға­ны­на біз де түсінбей келіп едік. «Түгел сөз­дің төркінін білмей», қа­­лай док­­торлық, кандидаттық диссерта­ция қор­ғап, оқулық жазып, академик ата­нып, мем­лекеттік сыйлық алуға болады?..».

Бүгін біз осы пікірді қайталап айтуға бармыз. Себебі оның негізі – шындық. Философия мен психология ілімінен 30-ға жуық кандидаттық, докторлық диссертация қорғаған философтарға Абайдың «жан қуаты» туралы нақты көрсетіп берген философиялық үш ұғым-терминді кім, қашан, қай еңбегінде, қандай па­йым­мен айтқаны беймәлім еді. Ғ.Есім­нің өзі: «Абай жан қуатының үш элемен­тін айтқан. Сірә, оның оқыған кітабы орыс тілінде болса керек, сондықтан ол үш элементті былайша атаған: «Под­вижной элемент» – тез ұғыну деген сөз; «Сила притягательная однородного» – ұқсас нәрселердің бір-біріне тартылуы; «Впечатлительность сердца» – мұнда төрт нәрсеге мұқият болу керек, олар – мақтаншақтық, пайдакүнем­дік, жеңілдік, салғырттық. Бұлардан жү­рек таза болғанда, әр нәрсенің сәулесі жүректің айнасындай анық раушан болып түседі. Олай болмағанда...» деп (Абай туралы философиялық трактат. Алматы: Қазақ университеті, 2004. – 192 б.), бұл терминді орысша оқыған кітаптан алғанын дәп басып, әрі қарай ақынның айтқанын ұзын-сонар баяндап береді.

Ғылым мен ғалымның міндеті осы ма? Ал біз, пәлсапашы айтқандай, «философия ілімінен сауатсыз» болсақ та, Абайдың философиялық көзқарасынан арнайы кандидаттық, докторлық диссертация қорғаған бір қауым философ-ғалым таба алмаған, дұрысы қары­мы жетпеген осы үш ұғымды Абай кім­нен және қай еңбегінен алғанын, өзара ой сабақтастығын, яғни ақын ізденіп, тапқан ой өрісін анықтап, жұртшылық­қа қуана жеткізіп отырмыз. Сол үшін әдепті, сауатты білім иесі жалған на­мыс­танбай, іштарлық танытпай, «Абай­дың жан қуаты туралы философиялық көзқарасын енді салыстыра талдаудың реті келді. Бұл бұрын біздің көзімізге түспеген дерек көзі еді. Енді Бенеке­нің осы еңбегін қаперге аламыз» деп, отандық философтарға қарата айтыл­ған пікірге өкпесі бар екеніне емеурін танытса, ешқандай зілсіз, түсіністік­пен қабылдар едік. Бұл жерде өзі өмір бойы су ішкен батыс философиясын терістеудің, ғылымды Алланың бір аты ретінде таныған Абайды «философияны мойындамады» деп жаңсақ па­йымдаудың қажеті жоқ.

Сонымен, сыншымыз тақырыпқа қатысты «тура сөзін айта алмаған» (Абай). Әйтпесе, неміс ғалымы Э.Бене­кенің Абайға жақсылығынан басқа зия­ны тиген жоқ. Абай мен Бенекенің ой сабақтастығы, Ғарифолла мырза қалай ма, қаламай ма, қалайда зерттелетіні кәміл. Біз осы мақаламызда ғылыми діттеген мақсатымызды орындап, оқыр­манға жеткіздік. Ізденіске, ой-пайымға шек қойылмайды. Діни ұстаным мен құндылық туралы көзқарасымызға кел­сек, ол жағын еңбегімізбен таныс жұрт­шылық жақсы білсе керек.

 

Тұрсын Жұртбай,

Сұлтан Ыбырай