• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Тұлға 27 Желтоқсан, 2023

Жарқын жол

165 рет
көрсетілді

Қазақ телевизиясының тұңғыш дикторы Зұлқия Жұматова биыл 103 жасқа келді. Ғибратты ғұмыры талайға үлгі болған ғазиз жан – Алматының ең егде тұрғындарының бірі. Телевизия арқылы бүтін бір дәуірдің шежіресін жасаған шебердің өмір белес­терінен сыр шертетін «Өмір өтіп барады көрген түстей...» атты кітабы жарық көрді.

Ұлттық кітапхана қабыр­ғасына зиялы қауымды жина­ған тағылымды еңбектің таныс­тырылымына Зұлқия Мұқан­қызының өзі қатысты. Қазақ теле­визиясының бастауында тұр­ған оның шығармашылығы мен еңбек жолындағы ерекше сәттері қамтылған кітап алты тараудан тұрады.

«Көзіңнен ұқтым бір сырды» деп аталған алғашқы тарау­да Зұл­қия Жұматованың әр жылдары баспасөз бетінде жарық көрген түрлі тақырыптағы өлең­дері топтастырылған. Ал «Өмір жыры» атты екінші тарау­да автордың әңгіме, мақала, очерк­тері қамтылса, келесі тарауда З.Жұматованың жұмыстағы қызықты сәттері, хабар дайындау барысындағы ерекшеліктері, ортасымен қарым-қатынасы туралы телевизия саласының ардагерлері Л.Сейітов, Қ.Игісінов, Н.Ахметовалардың естеліктері жинақталған.

Төртінші тарау «Естен кетпес сол бір кез» деп аталыпты. Мұнда диктордың жұ­­мыс барысынан, әріптестерімен бірге өт­кізген шуақты сәттерінен фотоше­жіре,  З.Жұматованың БАҚ беттерінде жа­рия­ланған сұхбаттары енген. Кітаптың «Өмір толқындары» бөлімі тағылымды тұлғаның рухани бастауы, өскен ортасы, ата-ана, ба­уырлары, ұрпағы туралы сыр шертеді.

«Қара шаңыраққа қайта оралу» деп аталған қорытынды тарауда З.Жұматованың қазақ телевизиясының 50, 55, 60, 65 жылдық мерейтойлық іс-шараларына қатысуы, 100 жылдық мерейтойының қара шаңырақта аталып өтуі, жылы лебіздері, естеліктері, әріптестердің ыстық ықыласы мен қошеметі, естелік суреттер мен көрермендерге берген батасы топтастырылған.

Телевизия қарлығашының өмір өткел­дерінен хабар беретін жинақты ұлттық арна қабырғасындағы ізбасар шәкірттері жекелеген демеушілердің қолдауымен жарық­қа шығарған. Игі іске мұрындық болған белгілі тележурналист, Ақпарат саласының үздігі Сәуле Жиреншина З.Жұматованың телевизиядағы жарқын жолы кейінгі буынға үлгі-өнеге екенін айтады.

«Зұлқия Мұқанқызының әлеміне енген сайын қазақ әйелінің өткен ғасырда еркін көсіліп шығармашылықпен айналысқа­нын көрдім, өлең жазып, жүрегін тербеген ­сырларын жасырмай жарыққа шығарға­нын, әңгімелерінен сол қоғамның тыны­сын айшықтаған, өз пікірін еркін жеткізе біл­ген, жүрегін мазалаған ойларды бүкпеген сыр­шыл жанның бейнесін тани түсеміз. Ашар­шылық пен соғыстың, жетімдік пен жесірліктің зары сүйектен батпандап өткен XX ғасырдағы қазақ әйелінің асыл арманы, мұң-зары Зұлқия апаймен XXI ғасырға ілесіп келгендей. Осынша жүк нәзік әйел жанын қалай езіп жібермеген? Ол жүрегіндегі мәңгі өшпес махаббатпен, Жаратушыға шүкірлігімен, салқар сабырымен бүгінгі күнге жетіп отыр», дейді Сәуле Жиреншина.

Айтулы іс-шарада Л.Сейітов, Қ.Игісі­нов, З.Елғондиева, Ә.Көпіш қатарлы те­ле­ви­­­зия ардагерлері автордың кәсіби ше­берлігі, қиын­дыққа толы тағдыр жолы ту­ралы әсерлі әңгіме айтса, Қ.Сәрсенбай, М.Ахетов, Б.Мүрсәлім, т.б. ізбасарлары есі­­мі тұң­ғыш диктор ретінде тарихқа енген тұл­­­ға­ға құрмет көрсету кейінгі буынның бо­рышы екенін жеткізді.

Ғасыр ғұмыр кейуананың қайратын алса да, көңіл көгіндегі сезім сәулесіне сел­кеу түсіре алмапты. Жан дүниесі алтын сандықтай абыз кеуде көргені мен түйгенін шежіредей шертеді. Еңбегін елеп, сый-құр­мет көрсеткен ізбасарларына алғысын айтқан Зұлқия Мұқанқызы көпшілікке батасын берді.

«Ең алдымен адам баласының жаны сұлу болуы керек. Жанның сұлулығы деген – ішкі тазалық, жақсы мінез. Жан бала­сын жатырқамай, жан дүниесіне үңілсең, әр адамның жақсы қасиеті болады. Ойы таза адамның өзі таза, өзі таза кісінің сөзі таза. Адал еңбек етіп, көпшілікті құр­мет­теңдер. Адамдықтан биік атақ жоқ. Жаңа Қазақстанымыздың көшін алға сүйреген азаматтарға Алла қуат бер­сін», дейді ғасыр ғұмыр иесі.

 

АЛМАТЫ