• RUB:
    5.44
  • USD:
    478.58
  • EUR:
    520.84
Басты сайтқа өту
Егемен Қазақстан 03 Қаңтар, 2024

«Хат қоржын»

106 рет
көрсетілді

Әлі де ауылдарға назар кемшін

Бүгінде ғылыммен айналысатын адамдардың еңбекақысы төмен екені жасырын емес. Оның сыртында жоғары оқу орындарының заманауи технологиямен қамтылуы сын көтермейді. Мәселен, қазір көптеген мектепте интерактивті тақта орнатылса, ұлым жұмыс істейтін университеттің аудиториясында әлі ескі тақта тұр. Оған кәдімгі бормен жазады екен. Жоғары оқу орындарының базасын жетілдіру қажет.

Өз мамандығын сүйіп, ұзақ жыл тер төккен ұстаз қандай құрметке де лайық. 2019 жылдың 27 желтоқсанында «Педагог мәртебесі туралы» арнайы заң қабылданды. Соңғы жылдары мұғалімдер мен дәрігерлердің еңбекақысы өсті. Бірақ азық-түлік пен тауарлардың бағалары да дес берер емес. Қымбатшылық қарапайым адамдарға ауыр соғып отыр.

Ендігі жерде ауыл еңбеккерлерінің де жалақысы өскені дұрыс. Үкімет халықты тұрақтандыру үшін жергілікті жерлерде жаңа жұмыс орындарын ашуы керек. Ауыл шаруашылығымен айналысатын шаруа қожалықтары бірігіп іріленген жағдайда, олардың тиімділіктері де анағұрлым артар еді. Нәтижесінде, ауылдардың әлеуметтік-экономикалық жағдайы жақсаратыны айтпаса да түсінікті.

Елді мекендерде нарық заманына лайықталған өндіріс орындары болуы керек. Сонда ғана адамдар ауылда тұрақты өмір сүреді. Жұмыстың жоқтығынан ауыл халқының үлкенді-кішілі қалаларға үдере көшкені мәлім. Жалпы, шағын елді мекендерде жұмыс болып, жалақы өсер болса, яғни еңбек лайықты бағаланса, ешкімнің де жылы орнын суытпасы анық. Халықтың тұрмысы да берекелі болар еді. Кезінде қарапайым еңбек адамына деген құрмет жоғары болатын. Осыны қалпына келтіру қажет.

Алыс ауылдарға жақсы жолдар мен жаңа мектептер қажет. Мысалы, мен жұмыс істеген Сарыбұлақ ауылындағы мектеп 1930 жылы салынған! Жұмысшылардың екі қабатты жатақханасы мен 1996 жылы ірі шаруашылықтар тараған уақытта кеңшардың кеңсесі мектептерге айналдырылды. Сөйтіп, бір мектептің оқушылары үш ғимаратта оқып жүр. 300 орындық жаңа мектеп салынса, ауылдан да ғылым мен білімге ден қоятын жастар шығатыны күмәнсіз.

Әлия ЖҰМАТАЕВА,

ардагер ұстаз

 

АЛМАТЫ

 

 

Биік парасат ордасы

Қазіргі жаhандану заманында жаңа технологиялардың да қарыштап дамып, адамзаттың түрлі қажеттіліктерін молынан қанағаттандырып отырғаны белгілі. Сонымен бір мезгілде адам санасы ғаламторға тәуелденіп, кітап, газет-журнал оқудан айтарлықтай алыстап бара жатқаны да жасырын емес. Дей тұрғанмен, бүгінгі әлемде әлі де кітапханалардың алатын орны ерекше екені күмәнсіз. Дамыған алпауыт елдердің ірі бас кітапханаларын айтпағанның өзінде, өзіміздің ұлттық құнды жәдігерлеріміздің шашауын шығармай халық игілігіне ұсынып отырған Алматыдағы Ұлттық кітапханаға өзімнің ризашылығымды білдіре кеткенді жөн көрдім.

Мен әжем туралы естелік жазып жүрмін. Мұнда халқымыздың Екінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі тылдағы ерлікке парапар еңбегі сипатталады. Ер азаматтардың жоқтығын білдіртпей, тылдағы бар ауыртпалықты өз иықтарымен көтере білген аналардың бірі – Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің екі дүркін депутаты әжем Зағи Абақова. Менің естелік жазу барысында туындаған проб­лемаларымды шешуге Алматыдағы Қазақстан Републикасының Ұлттық кітапханасының көп көмегі тиді.

Ғимарат табалдырығынан аттағаным сол еді, құдды бір жылылықтың лебі ескендей болды. Анықтама бөліміндегі жылы жымиған өрімдей қазақтың бойжеткендері қайда баратынымды айтып, бірден жөн сілтеді. Мерзімді басылымдар қызметінің топ жетекшісі Баян Өтебаева да өте кішіпейіл, аса мәдениетті жан екен. Келген мәселемді білгеннен кейін барлығын мұқият түсіндіріп, үлкен көмек берді. Сол бөлімдегі басқа да қыздар бір кісідей жәрдем қолдарын созды. Өз істеріне үлкен жауапкершілікпен қарайтын нағыз кәсіби мамандардың арқасында мен 1942-1955 жылдар аралығындағы өзіме қажетті материалдарға еш қиналмай-ақ қол жеткіздім.

Үлкен Ұлттық кітапхана ұжымының жұмысын ұтымды ұйымдас­тырып отырған білгір басшы Бақытжамал Қайырбекқызынан бастап, бөлім басшыларына, топ жетекшілеріне, оның ішінде әсіресе Баян Мекен­байқызына шын жүректен шыққан ризашылығымды білдіремін. Кітап­хана қызметкерлеріне енді ғана есігін ашқан жаңа 2024 жыл табыс жылы болсын деген тілек қосамын.

Зура РАҚЫШЕВА,

зейнеткер

 

АСТАНА

 

 

Домбыра дәріптелген ашық сабақ

«Екі ішектің бірін қатты, Бірін сәл-пәл кем бұра. Нағыз қазақ қазақ емес, Нағыз қазақ – домбыра!» – деп жырлаған Қадыр Мырза Әли атамыз. Домбыраны қазақы болмысымыздың рәмізі десек, еш артық айтқандық емес. Қазақтың фольклоры, әдебиеті, музыкасы, әншілік өнері – бәрі-бәрі домбырамен тығыз байланысты.

Алматы облысының Іле ауданына қарасты Қосөзен ауылындағы №14 орта мектепте өңірлік деңгейдегі ашық сабақ өткізілді. «Домбыра – халықтың рухы» деген тақырып аясында ұйымдастырылған іс-шараға 7 «ә» сыныбының оқушылары қатысты. Ашық сабақтың мақсаты жас буынға домбыраның қадір-қасиеті мен оның мәдениетіміздегі алатын орнын ұғындыру болды. Ұлттық музыкалық аспабымыздың бәсін түсірмей әрі қарай да дәріптеу келешек ұрпақтың мойнында екендігіне мән берілді.

Ашық сабақ барысында домбырамен Париж төрінде ән салған Әміре Қашаубаев бабамыз туралы сюжет көрсетілді. Этнограф ғалым Ақселеу Сейдімбектің домбыраны ұлықтайтын «Тауқұдірет» аңызының аудио жазбасы тыңдалды. Бұған қоса, оқушылар өздерінің домбыра туралы шығарған өлеңдерін мәнерлеп оқыды. Ашық сабақ соңында оқушылар тарапынан кері байланыс ретінде мектептен домбыра үйірмесін ашу туралы сұраныстар түсті. Бұл, әрине, қуанатын жағдай. Демек, біз балалардың бойында ұлттық мұраға деген қызығушылықты оята білдік. Болашақта еліміздің әр мектебінде тегін домбыра үйірмесі ашылса, нұр үстіне нұр болатын еді.

Ашық сабаққа аудандық білім бөлімінің қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің әдіскері Ақмарал Құрманжанқызы мен пән мұғалімдері қатысты. Ұлттық мұрамызды одан әрі дәріптеу жолындағы іс-шаралар енді облыстық деңгейде жалғасатын болды. Оған шақырту келіп түсті. Бірігіп көтерген жүк жеңіл деген, әркез домбырамызды дәріптеп, танытып жүрейік. Елін сүйер, қазынасын қадір тұтар қазағымыз көп болсын.

Мунира РАҚЫМБАЕВА,

№50 орта мектеп мұғалімі

 

Алматы облысы,

Іле ауданы