• RUB:
    4.81
  • USD:
    498.51
  • EUR:
    522.84
Басты сайтқа өту
Тарих 03 Қаңтар, 2024

Мәшһүр Адам

944 рет
көрсетілді

Қолымдағы рухани қазынамның бір парасы – Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлы шығар­маларының жиырма томдығы. 2013 жылы Павлодар «ЭКО» ЖШС баспасы шығарған. Туғанына 155 жыл толуына арнап.

Шығарушылар алқасының басшысы – Е.Арын (бас редактор), Н.Жүсіпов (жауапты ре­дактор және басқа ға­лымдар жауапкершілікті сезіне қанша тер төккен десеңізші. Түсініктерді жазған – Ертай Жүсіпов. Соңғы екеуі – Мәше­кеңнің тікелей шөберелері.

Адам жасы жеті шамасында-ақ естіген өлең-жырларды бірден жаттап алып айтатын ерек­ше­лігімен көзге түсіпті. Жасы сегізден асқа­нында ауылдағы бір тойда «жыршы балаға» кезек беріледі де, ол «Төрт жігіттің өлеңі», «Ер Тарғын», «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» дастандарын мүдірместен, мақамын жарастыра айтып, баршаны дән риза етеді. Тәнті болған бір туысқаны: – Атын өзгертіп, «Мәшһүр-Жүсіп» дейік, дүйім жұртқа мәшһүр болсын және тақиясына, бөркіне үкі тағып қояйық, тіл-көз тимесін, – депті...

Жиырма томдықты шолып шыққанда көзім жеткені: Мәшһүр-Жүсіп қазақ жерінің тарихын, халқының өмір-тіршілігін, салт-санасын, әдет-ғұрпын кең зерттеген. Араб, парсы, Орта Азия халықтарының тарихтарына ден қойған. Бірнеше қаласына саяхат сапармен барып қайтқан. Араб, парсы, шағатай, түрік, өзбек, тәжік тілдерін біл­ген. Алғашқы кітаптары: «Сарыарқаның кім­дікі екендігі», «Хал-ахуал» 1907 жылы Қазан қала­сында шыққан.

Ғылыми жазбаларында ауыз әдебиетіміздің барлық жанры қамтылған. Жанр бойынша тал­дағанда: ертегілерден 15, батырлық жырлардан – 6; ғашықтық жырдан – 3, хисса-дастандардан – 12, тұрмыс, салт-дәстүр жырларынан – 40, шежіре, аңыз-әңгімелерден – 100, жаңылтпаш пен жұмбақтардан – 100, қара сөз бен өлең түрлерінен – 50, мақал-мәтелдерден – 100, ақындар айтысынан – 27, ақын-жыраулардың өлеңдері мен дастандарынан 40 шақты мәтін келтірілген.

Сүйінген таңданыспен атап айтарым: Мәшекең жинастырумен әсте шектелмей, көбінің 2-3 нұсқа­сын алып, мысалы, мол көлемді қазақ шежіресінің ел аузындағы нұсқаларын өзара салыстыра зерттеп, анық-қанығын баян еткен. Ол қыры – нағыз дарынды журналшыға тән қасиет.

Қай халықтың болсын кешегі-бүгінгі жазушы­ларының кейбірі өзінің кейбір хикаят, роман, өлең, дастанының қолжазбасын бірнеше рет қайта оқып, алып-қосып өңдеген, ширатқан. Лев Толстойдан бастап келтірер мысал бар. Алайда олар­дың біздің Мәшһүрше қосымша дарынды журналшы қабілетімен танылғанын, барын естіген де, көрген де жоқпын.

Ақын, жазушы, әдебиет зерттеушісі, журнал­шы, тарихшы, этнограф, терең ойшыл, тіл білгірі болған Мәшһүр атамыздың шексіз дерлік аса мол жазбаша еңбек етуге күш-жігерді, ынта-ықы­ласты және уақытты қалай тапқанына таң­дан­дым. Мұхаңның – Мұхтар Әуезовтің: «Өз шығар­маларын былай қойып, басы ашық үлгілерді жазып алып, біздің дәуірімізге жеткізген еңбек Мәшһүрде мол екенін және естен шығармау керек. Сондықтан қазақ ауыз әдебиеті мен жазба әдебиетінің ғылымдық бір саласы историография бөлімінде Мәшһүрдің ол түрдегі еңбегіне әрдайым орынды баға берілуі шарт» деп жазғаны, Сәбеңнің – Сәбит Мұқановтың: «ХVІІІ ғасырда жасаған ақындардың ішінен жыры мол сақталған – Бұқар жырау. Бұқардың жырларын сақтап, тарих алдында ерекше еңбек сіңірген адам – Мәшһүр-Жү­сіп Көпеев» дегені ойыма оралды.

Бізде Журналистика академия­сы немесе басқа да қаламгерлердің басын қосатын орталықтар бар. Осылардың біріне неге Мәшһүр-Жүсіп атын беріп, жас журналшыларды «Мәшһүр-Жүсіп» медалімен марапаттасақ деген ойым бар. Қол­даушылар аз болмасына сенімдімін.

 

Ғаббас ҚАБЫШҰЛЫ,

жазушы