• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 03 Қаңтар, 2024

Жұрттың сенімі жақсы іске жетелейді

130 рет
көрсетілді

Жаңару жолындағы маңызды белестің бірі – аудан әкімдерін сайлау үрдісі. Өткен жылы Павлодар облысында үш ауданның әкімін халық өзі сайлады.

Айтуған Шайхимов шекарамыздың Ресеймен шектесетін тұсында орналасқан ең қиыр өңірлердің бірі Железин ауданын басқарып отыр. 2023 жылдың қараша айында өткен әкімдер сайлауына түсіп, халықтың сеніміне ие болды. Облыстағы жас әкімдердің қатарынан саналатын ол бұған дейін аталған өңірді екі жыл бас­қарып, жұртшылықтың көңілінен шыға­тын өрелі істерге бастамашы бола білді.

– Железин – табиғаты бай, жері құнар­лы ерекше өлке. Заманында халық арасынан аты шығып, дүркіреген көрнекті тұлға­лардың жерленген зираттары, көптің жадында елеулі із қалдырған немесе беймәлім тарихи-саяси оқиғаларға байланысты орындар да жетерлік. Біле білгенге ғажайып сырға толы өңір. Экономикасы да өзге аймақтарға қарағанда көш ілгері дамып, халқы ауқатты тұрады. Осы аумақ­қа әкім болып келгелі халықпен етене жұ­мыс істеп, барлық қиындықты да, қуа­нышты да бірге көріп келемін. Аудан әкімдерінің сайлауында жеңіске жетуім бұл әуелі жергілікті қауымның маған деген үлкен сенімі. Екіншіден, бұған дейінгі жылдардағы қызметімде кабинетте отырып, билік жүргізу қағидатынан біржола бас тартқанмын. Әрбір ауылға барып, көшпелі кездесулер ұйымдастырып, үнемі халықтың мұң-мұқтажына құлақ түрдік. Кейінгі екі жыл ішінде ауылдардағы инфра­құрылымды дамытуға аудан би­лігінің күш-жігерін жұмылдырдық. Ауыл­дарда жаңадан футбол алаңдары салынып, мәдениет үйлері бүтінделді. Ауыз су құ­быр­лары тартылып, әр ауылдың кем-кетігі толтырылды, – дейді Айтуған Абылайұлы.

«Туған жерге туыңды тік» деген нақылды жаттап өскен азамат осы аудан­ның тумасы. Железин – ежелден егіншілігі дамыған өңір. Осы мол қуатты жаңа заманда жаңа­ша қырынан пайдалану, сол арқылы елдің ырысын еселеу көзделіп отыр. Мысалы, ауданда жыл сайын 206 мың гектардан астам жерге астық егіледі. Тек өткен жылдың өзінде егіс алқаптарының аумағы 15 мың гектарға ұлғайды. Астық танаптарының көбеюі шаруашылықтар үшін көл-көсір табыс болса, жергілікті қазына үшін қосымша кіріс. Суармалы жерлерді көбейту де дұрыс жолға қойылған. Қазір өңір бойынша 12 мың гектар суармалы жер бар. Географиялық тұрғыдан алғанда халықтың өсіп-өнуіне, тұрмысын жақсартуға өте қолайлы жерлер мұнда баршылық. Ауданды жағалап Ертіс өзені ағады, ар жағында алыс-беріске тиім­ді Ресей елі тұр. Республикалық үл­кен автожолдың ауданды қақ жарып өтетіні де мұндағы көлік-логистика саласын барынша дамытып отыр. Бұйырса, келер жылы Церковное ауылында ет өңдейтін консерві цехы ашылуы мүмкін. Ал «Жұмабек Агро» ЖШС суармалы жерлердің көлемін еселеп қана қоймай, келешекте көкөніс пен картопты қыста сақтаудың қамын ойластырып жатыр. Жуық арада ауданда 2 мың тонна өнім сыя­тын көкөніс қоймасы салына бастайды. Тағы бір шаруашылық түйіршіктелген мал азығын әзірлеуге бейімделген. Бұл жақта мол өсетін жоңышқаны түйіршіктеп, экспортқа жіберуге болады. Бұған қоса ірі шаруашылықтармен қазіргі күні картоп өңдеу бойынша жобалар пысықталып жатыр. Мұндай келелі жобалардың нәтижесінде ауданда жаңадан жұмыс орындары құрылып, көпшілік табысының артуына мүмкіндік жасалады.

Инфрақұрылым мәселесін сөз етер болсақ, аудан орталығындағы үйлердің 40 пайызы бүгінде орталық жылумен қамтамасыз етілген. Орталықтандырылған ауыз су мәселесі тек 4 ауылда жеткілікті шешілмеген. Оларда қазіргі күні су құбырын тарту жұмыстары жобалары іске асып жатыр. Келер жылы елді мекендердегі жұмыстар толық атқарылса, аудандағы ауыз сумен қамту көрсеткіші 100 пайызға жететін болады.

Әкімнің айтуынша, оның сайлауалды бағдарламасы алдағы 4 жылға ар­нал­ғанымен, негізгі жоспарларды 2024-2025 жылдары атқару көзделген. Мысалы, алдағы екі жылда 12 ауылдың кіре­беріс жолдары толығымен асфальтталып, Веселая роща ауылына апаратын қиыршық тасты жол толықтай заманға сай етіледі. Ал Жолтаптық деген шалғай елді мекеннің 4,5 шақырым жолы келер жылы жөнделеді. Ауданда әрқайсысы 24 пәтерлі екі тұрғын үй салу көзделген. Биыл Моисеевка ауылының оқушылары үшін жаңадан заманға сай мектеп тұрғызылып берілген. Ендігі жерде білім ұясындағы оқушылардың санын арттыру маңызды. Бұл үшін елді мекенге жаңадан қоныс аударатын отбасыларға жайлы жағдай тудыру керек. 2024 жылы Моисеевкада екі пәтерлі баспана салыну жоспарда тұр.

«Аудан бойынша жөндеуден өтпеген 8 мектеп бар. Оқу ғимараттарын екі жыл ішінде бүтіндеп, ауылдық жерлер­де жөндеу күтіп тұрған 3 мәдениет үйі­нің мәселесін реттейміз деген ойдамыз. Негізі ауылдық жерлерде тұратын тұрғындар үшін мәдениет үйлері жайлы әрі ішкі атмосферасы жағымды болуы керек деп есептеймін. Ауыл адамдарының өтініші бойынша жеті ауылда балаларға арналған ойын алаңдарын салу, елді мекендердегі ұялы байланысты жақсарту мәселелерін қолға алып жатырмыз. Аудан аумағы үлкен шалғай ауылдар баршылық. Соған орай ұялы байланыстың сапасына қатысты проблемалар бар. 12 шағын ауылда ұялы байланыстың сапасын күшейту, ғаламторға қосылу мүмкіндігін кеңейту мақсатында ұялы байланыс операторларымен келісімге келдік. Енді бір ауылдарда ұялы байланысқа арналған биік мұнараларды өз қаражатымызға салып, байланыс операторларына оны жалға алуды ұсынып отырмыз. Себебі көп жағдайда байланыс компаниялары ауылда адам саны аз деп мұнара орнатуға қаражат шығындағысы келмейді. Осындай бір мұнара келер жылы Захаровка ауылында тұрғызылады, қаражат бөлінген», дейді аудан басшысы.

Жоғарыда айтқанымыздай, ауданда қайта өңдеу саласына басымдық беріліп отыр. Бүгінде аумақ бойынша ауыл шаруа­шы­лық өнімдерін қайта өңдейтін 8 нысан бар. Олардың қатарында жарма өнімдері мен күнбағыс майын, шұжық өнімдерін шығаратын цехтар бар. Ауданда жалпы саны 833 субъекті шағын және орта кәсіп­кер­лікпен айналысса, оның басым бөлігі егін шаруашылығына бейімделген. Өңірде қазіргі күні 15 200 адам тұрып жатыр.

 

Павлодар облысы,

Железин ауданы