Жаңа жыл Мемлекет басшысының еліміздің бас газетіне берген бағдарламалық сұхбатымен басталды. Ауқымды сұхбат биліктің барлық тармақтарына үлкен жауапкершілік пен жалпы қоғамға айтарлықтай ой салады.
Ел Президенті жұрт аузында жүрген әңгімелерге ашық пікірін білдіріп, бірқатар мәселелер туралы ойын ашық жеткізген. Соның ішінде Қаңтар оқиғасы, қос билік және ескі жүйе турасындағы көп қауесеттерге нүкте қояды. Мемлекет басшысы көп сөзден арылып, ел болып, бүгініміз бен ертеңімізге білек түре жұмыс істейтін уақыт жеткенін шегелеп айтқан.
Ұлу жылында Қазақстанның халықаралық деңгейдегі үлкен шараларға ұйытқы болуы да аса маңызды. 2024 жылы елімізде бірқатар ауқымды саммит, форумдар өтеді. Қазақстан бірнеше беделді халықаралық ұйымға, атап айтсақ, Шанхай ынтымақтастық ұйымына, Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңеске, Түркі мемлекеттері ұйымына, Аралды құтқару халықаралық қорына, Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі ислам ұйымына төрағалық етеді. Сондай-ақ Мемлекет басшысы, Дүниежүзілік көшпенділер ойынын өткізу де еліміз үшін айтулы оқиға болмақ екенін айтты. Байрақты бәсеке ұлттық спорт пен саламатты өмір салтын дәріптеу жағынан да, Ұлы даладағы көшпелілер өркениетінің мұрагері саналатын бауырлас халықтардың мәдени-гуманитарлық байланысын арттыру тұрғысынан да маңызды екені сөзсіз.
Әлемдік деңгейдегі саясаттанушылар мен сарапшылар ХХІ ғасыр – «Азия ғасыры» дегенді жиі айтып жүр. Олардың айтуынша, Азияның болашағы әлемнің болашағына әсер етеді. Іргеміздегі Қытайдағы технологиялық-өндірістік үдеріс оған дәлел. Азия мен Еуропаны жалғаған біздер үшін де бұл зор мүмкіндік екенін Президент баса айтып отыр: «Орталық Азия – геосаяси ахуалға қатысты өз пайымы бар әрі қарқынды дамып жатқан аймақ. Бүгінде бұл өңір сауда, инвестиция, бизнес, инновация үшін жаңа мүмкіндіктер орны болып отыр. Сол себепті әлем елдері Орталық Азияға айрықша назар аударуда. «С5+» үлгісі маңызды диалог алаңына айналды».
Мемлекет басшысының айтуынша, тұрақты әрі өзара сенімге негізделген жоғары деңгейдегі диалогтер болмаса, аймақтағы мемлекеттердің басқа да ықпалды елдермен қарым-қатынасын қарқынды дамытуы неғайбыл. Соңғы жылдары бұл бағытта біршама ілгерілеу бар. Әсіресе, Орталық Азия мемлекеттері басшыларының жыл сайынғы консультативтік кездесулері нәтижелі өтіп келеді. Қазақстан төраға ретінде биыл да осындай үлгідегі кездесу ұйымдастырады.
Тағы бір маңызды шара – Астана халықаралық форумы. Биылғы маусым айында өтетін алқалы жиынға әлемнің көптеген көшбасшысы мен жаһандық деңгейдегі компаниялардың жетекшілері қатысады. Жиында климаттың өзгеруі, азық-түлік тапшылығы және энергетикалық қауіпсіздік сияқты барша елдерге ортақ мәселелер талқыланады. Бүгінде әлем бұрын-соңды болмаған қиындықтарға тап болып отыр. Дегенмен, кез келген жүйелік дағдарыс қауіптердің кең ауқымын тудырумен қатар, өзімен бірге жаңа бірегей мүмкіндіктерді де алып жүреді. Сондықтан бізге сол мүмкіндіктерді жіберіп алмау жолында күш біріктіріп, бірлесе жұмыс істеу маңызды.
Былтыр Түркістандағы Ұлттық құрылтайда Қ.Тоқаев еліміздің тағы бір айрықша белгісі – көшпелілер өркениетінің мұрасына тоқталған болатын. «Бұл біздің халқымыздың бүкіл әлемге танымал басты брендтерінің бірі. Менің бастамам бойынша V Дүниежүзілік көшпелілер ойындары 2024 жылы Қазақстанда өтеді. Бұл шара ұлттық спорт түрлерін дамытуға ықпал етеді. Біз бұл халықаралық жарыстарды жоғары деңгейде өткізуге тиіспіз», деген еді Мемлекет басшысы. Бүгінгі сұхбатында да осы маңызды шараға ерекше мән беріп отыр. Шынымен де көшпелілер мәдениетінде біздің еліміз – ұлттық кодымызға органикалық түрде тоқылған түрлі мәдениеттердің тоғысқан орталығы және тоғысқан жері. Қазақстан астанасына барлығы 100 елден 4 мыңға жуық қатысушы келмек. Айтулы шаралар 20 жарыс және 10 көрнекі спорт түрі бойынша өтеді. Олардың қатарында ат жарысы, ұлттық күрес түрлері, дәстүрлі интеллектуалдық ойындар, жекпе-жектен жарыстар, дәстүрлі садақ ату, құс аулаудың ұлттық түрлері, ат жарысы, халық ойындары, сондай-ақ этностық спорт түрлерінен көрсетілім қойылымдары бар. Тартысты спорт түрлерінен 110 медаль жиынтығы сарапқа салынады. Мұның өзі – мемлекетіміздің мерейін өсіріп, ұлттық кодымызды көрсетуде үлкен мүмкіндік.
Бибігүл ЖЕКСЕНБАЙ,
Сенат депутаты