Жылдағы дәстүр бойынша шаһардағы тегін сырғанау алаңдары қала тұрғындары мен қонақтарына биыл да айқара ашық. Дәлірек айтқанда, мұндағы жиырмадан астам мұзайдынның 12-сі ақысыз жұмыс істейді.
Биылғы маусымда Алматылықтар үшін алғаш есігін ашқан алып сырғанау айдыны Абай алаңында орын тепкен. Сонымен қатар 28 панфиловшылар саябағында, Тұңғыш Президент паркінде, Орталық стадион мен М.Әуезов театрының алдында, Гүлдер саябағы мен Оқушылар үйінің маңында сырғанау орындары түн жарымына дейін үздіксіз жұмыс істеп тұр. Қала тұрғындары мен мегаполис қонақтары мұнда қалаған уақытында сырғанақ теуіп, серги алады. Тіпті мұндағы арнаулы нұсқаушылар келушілерге тегін кеңес беріп, қызмет көрсетеді. Алдағы күндері де қаланың бірнеше нүктесінен осындай сырғанақтар ашылмақ.
Демалушылар өзімен бірге конькилерін ала келуге тиіс. Сондай-ақ сырғанақ алаңдарының маңында тамақтануға арналған арнаулы орындар мен конькилерді жалға беру орталықтары жұмыс істейді. Ұйымдастырушылар жалға беру бағасы қолжетімді болуы әрдайым қадағаланып отыратынын айтады.
Мұзайдындары Алматының мың құбылған ауа райына орайластырылған. Күн райы 10 градусқа дейін жылыса да, сырғанақ ерімейді. Яғни алаңдардың арнаулы тоңазытқыш құралы мұзды ерітпеуге қолайлы температураны қамтамасыз ете алады. Қала жұртшылығына қуаныш сыйлаған әлеуметтік жобаны жүзеге асыруға жергілікті әкімдік мұрындық болған.
«Ойын-сауық орталықтарындағы мұзайдындарына барғанда біраз шығындалатынбыз. Былтырдан бері осы тегін сырғанақ алаңдарына келетін болдым. Бұл да қарапайым тұрғындар мен студент жастарға жасалған үлкен көмек деп есептеймін», дейді қала тұрғыны Мақсат Дүйсен.
Сырғанақ алаңдарының есігі көктемнің алғашқы айына дейін ашық.
АЛМАТЫ