Қазақстанның басты экспорттық маршруты саналатын Каспий құбыр консорциумы (КТК) арқылы былтыр 63,4 млн тонна мұнай жөнелтілді. Бұл 2022 жылдың көрсеткішінен 4 762 749 тоннаға артық және КТК тарихындағы ең жоғары көрсеткіш болып тіркелді. Мұнайдың басым бөлігі, яғни 56 051 967 тоннасы Қазақстан территориясынан жіберілді.
Әрине, елдегі мұнай өндірісінің маңызды драйверлері Теңіз, Қашаған, Қарашығанақтың үлесі аса мол. Теңізден – 27 463 081 тонна, Қашағаннан – 17 897 972 тонна және Қарашығанақтан 9 619 452 тонна КТК-дағы контейнерлерге тиеліп, Еуропаға жіберілген. Өзге кен орындарының жиынтық үлесі – 1,1 млн тонна.
Сарапшылардың біразы ел Үкіметі белсенді түрде балама маршрут іздеп жатқанына қарамастан, жақын жылдарда КТК арқылы жасалатын экспорт көлемі тек өсе түседі деп есептейді.
Мұнай-газ саласының сарапшысы Абзал Нарымбетовтің айтуынша, жақын арада КТК арқылы жүзеге асырылатын экспорт толастамайды, оған ең бірінші себеп – үш ірі кен орнынан келіп түсетін жоғары деңгейдегі (бүкіл экспорттың 88 пайызы) мұнай көлемі.
«Екіншіден, ол компанияларда келісімшарт бойынша экспортқа қатысты басым құқық бар, оған мемлекет әсер ете алмайды. Мысалы, үш алпауыттан басқа кен орындарына мемлекет 30-дан 70 пайызға дейін квота береді. Ішкі нарықта мұнай құны 70 пайызға арзан болғандықтан, мұнайды экспортқа жіберу акционерлер үшін тиімдірек. Үшіншіден, КТК ең жедел және үнемді маршрут болып қала тұрады. КТК арқылы отандық мұнай экспортының едәуір үлесі үлкен тәуекел тудыратынына назар аударғым келеді. 2022 жылы Новороссийск маңындағы КТК теңіз терминалының жұмысында қандай іркілістер болғаны есімізде. Соның салдарынан тиеу тоқтап, мұнай айдау төмендеді. Бізде экспорттық түсімнің 60 пайызы мұнай сатумен байланысты. Мұнай айдаудың кез келген тежелісі мен төмендеуі біздің экспортты осал етеді. КТК жағдайында бұл, ең алдымен, акционерлер үшін үлкен тәуекел және ел экономикасы үшін елеулі сын-қатер болуы мүмкін», дейді сарапшы.
Бұған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2024 жылы КТК өткізу қабілетін жылына 80 млн тоннаға дейін жеткізу жоспарланып отырғанын айтқан еді.
Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
«2001 жылдан бері Каспий құбыр консорциумы арқылы 860 млн тоннадан астам қазақстандық мұнай экспортталды. Осы уақыт ішінде КТК-ның өткізу қабілеті 2,5 есе өсті – жылына 67 млн тоннаға дейін. 2024 жылы аталған көрсеткішті 80 млн тоннаға дейін жеткізу көзделіп отыр. Көмірсутектерді өндіруден басқа, оларды әлемдік нарықтарға тасымалдау үшін инфрақұрылым құру да үлкен маңызға ие. Бұл жобаны іске асыруға Chevron, Eni, Shell, «Лукойл» және басқа да трансұлттық мұнай-газ корпорациялары қатысты», деді Президент.
Қ.Тоқаевтың айтуынша, елдегі шетелдік ойыншылардың бар екені мемлекеттің инвестициялық тартымдылығын айғақтайды, соның ішінде инвесторлардың мүддесі мен құқығын қорғау саласындағы заңнамалық тұрақтылықтан хабар береді.
КТК бас директорының орынбасары Қайыргелді Қабылдиннің сөзінше, құбыр алғаш рет жылына 83 млн тоннаға дейінгі механикалық өткізу қабілетіне жетті. Оның айтуынша, мұнайдың сандық және сапалық көрсеткіштерін өлшеудің жаңа жүйесін іске қосу тығырықты жою бағдарламасының маңызды кезеңі болды. Айтуынша, жаңа жүйе мұнайды танкерлерге бір мезгілде максималды өнімділігі сағатына 33 мың текше метр болатын үш айлақ құрылғыларынан жөнелтуге мүмкіндік береді.
Болжам бойынша, осы жылы мұнайды ауыстырып тиеу көлемі 63,7 млн тонна мұнайды құрауы мүмкін. Бұл экспортқа 63,3 млн тонна мұнай шығарылған 2019 жылғы көлемнен де асып түседі.
Таяуда Bloomberg Қазақстанның Каспий және Қара теңіз арқылы мұнай экспорттау үшін танкер сатып алып жатқанын жазды.
«Қазақстан өз мұнайын Каспий және Қара теңіздер арқылы тасымалдау үшін танкерлерді сатып алады және Ресей арқылы экспорттық құбырға балама іздейді», деп жазды басылым.