• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Өнер 10 Қаңтар, 2024

Дубайды дүркіреткен өрендер

115 рет
көрсетілді

Қарағанды өнер мектебінің оқу­шылары Дубайда өткен халық­аралық байқаудан бас жүлдемен оралып, олжалы болып жатыр. Олар қазақ күйлерінен поппури орындап, тыңдарман қауымды тәнті еткен.

Қазақтың секіртпе күйін шебер орындаған жас өрендердің өнерін шетелдік қазылар ерекше ықыласпен бағалаған.

«Оқушыларым өнер көрсетіп болғаннан кейін шетелдік қазылар жанымызға келіп, таңданыстарын жеткізді. Ұлттық аспапты қолдарына ұстап, шертіп көрді. Домбыраның үні­не тамсанып, біраз тұрды. Өне­рі­мізге жоғары баға берді. Кеудемізді мақтаныш кернеді. Енді Еуропада өтетін халықаралық байқауға қа­ты­суды көздеп отырмыз», дейді дом­быра үйірмесінің мұғалімі Жәнібек Қазыбекұлы.

Халықаралық байқауға Түркия мен Қырғызстанның да өнерпаздары қатысыпты. Қарағандылық жас күй­шілер үлкен сахнада өнер көрсетіп, бақ таластыру оңайға түспегенін ай­тады. Өнерпаздардың ішіндегі Тө­кен Байжігіттің домбыра үйірмесіне қатыс­қанына бір жыл ғана болған. Тал­пынысы таңдай қақтырған. Міне, Ду­байдағы үлкен додада бақ сынап отыр.

 – Мен Дубайда өткен байқауда қатты қобалжыдым. Бас жүлде ал­ғанда қатты қуандым. Әрине, біраз еңбектендік. Еңбегіміз ақ­талды. Осындай халықаралық дең­гейде өнер көрсету оңай емес. Әрі қарай да шеберлігімді шыңдаймын. Мұ­ғалімдерден бәрін үйреніп, сахна төрінде жарқырағым келеді, – деді жас күйші.

Олжалы оралған жас күйшілер ансамблі алдағы уақытта болатын бас­қа да халықаралық байқауларға да­йын­дықтарын жалғастырмақ. Репер­туарларын жаңғыртып, жаңа композициялар қоспақ.

 

Қарағанды облысы