Әріге ой жүгіртсек ақ бас толқындары жарыса жүйткіп, жағаны ұрғылап жататын Арал теңізінің кешегі келбеті көз алдымызда көлбеңдей тұра қалады. Сонау 1970 жылдары даланың сәнін, адамның әрін кіргізген Арал теңізі сағымдай жоғалып құрдымға кете барды. Балық шаруашылығы кәсіпорындары бірінен соң бірі жабылып, кеме жолы қатынастары тоқтай бастады. Кеме жөндеу зауытының да күні өтіп, көптеген алып кемелер теңіз жағалауында қайраңдап қалып жатты.
–Ашығын айтсам, – дейді мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, байырғы балықшы Нарғали Демеуов, – кеткен теңіздің қайтып келуіне Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының тікелей септігі тиді. Сол үшін де Елбасымызға айтар жүрекжарды алғысымыз шексіз. Кіші Аралымыз келе жатыр, бізге бұдан артық бақыт жоқ.
Иә, айтса айтқандай, Кіші Аралымыз келіп, көк теңіздің ақ бас толқындары жағалауды сүйер шаққа да санаулы ғана уақыт қалған сыңайлы. Осы күндері кезінде құрдымға кеткен сары сазандар мен ақ тырандар Кіші теңіздің төскейін тілгілей жүзіп жүрсе, ақ шағалалар шаңқылдай ұша бастады.
Елбасымыздың басты назарында тұрған САРАТС жобасы бастау алып, Көкарал бөгеті салынды. Көкарал бөгеті қалай салына бастады, солай Кіші теңіз толысып, ақ сорға айналған алып аймақ сумен сусындады.
САРАТС жобасының 1-кезегінде Солтүстік Арал теңізінің деңгейі 38 метрден 42 метрге дейін көтеріліп, бұрын Арал қаласынан 120 шақырымға қашықтап кеткен теңіз жағалауы 70 шақырымға жақындауы тиіс болатын. Десе де, бүгінгі күні Көкарал бөгетінің алдындағы су деңгейін 41,3 метрге көтергеннің өзінде теңіз жағалауы Арал қаласына жобада көрсетілген 70 шақырымның орнына 18 шақырымға жақындап отыр. Оны 42 метр деңгейіне көтерген жағдайда одан да жақындар еді. Мамандардың пайымдауынша, 46 метрге көтергенде Кіші Арал толысып та болған болар еді. Солтүстік Арал теңізі САРАТС жобасы бойынша 6-7 жылда толады деп болжанғанмен, ол 1,5-2 жылда толып, оны айтасыз, ағымдағы жылы үлкен көлемдегі таза су Үлкен теңізге ағып, ысырап болуда. Бір ғана мысал. Үстіміздегі жылдың өзінде Үлкен теңізге 2206 млн. текше метр таза су ағып кеткен. Бұл жағдай Сыр аймағы тұрғындарын селт еткізбей қалған жоқ. Содан да облыс әкімі Болатбек Қуандықовтың төрағалығымен САРАТС-2 жобасының 2-ші кезегі бойынша атқарылуы тиіс жұмыстарды қайта сараптаудан өткізу мақсатында су шаруашылығы мамандары мен экологтар, қоғамдық ұйым өкілдері қатысқан кеңес өткізілді.
САРАТС-2 жобасына бетбұрыс жасалған шақта, яғни 2009-2010 жылдары су тапшылығы болатыны туралы мәселе көтерілген болатын. Десе де, болжамдар теріске шығып отыр. Нақтылай айтар болсақ, бүгінде Шардарадан төменге қарай 1400 текше метр су келуде. Мұндай молшылық қайдан келіп жатыр? Айталық, Елбасы бастамасымен салынған Көксарай су реттегіші әу баста “САРАТС-2” жобасында қарастырылмаған еді. Уақыт өте келе жоғарыдағы жоба осындай тиімділігі дәлелденген ірі-ірі өзгерістермен толығып жатыр.
Сөз реті келгенде Көксарай су реттегішінің Сыр аймағына әкеліп отырған орасан байлығын да айта кетпесек болмас. Елбасының тікелей нұсқауымен Көксарай су реттегіші құрылысы өткен жылы басталып, ағымдағы жылы пайдалануға берілді. Бұл құрылыс арқылы Кіші Аралға таза судың толассыз баруына жол ашылды. Мамандардың пайымдауынша, Көксарай су реттегішіне 3 млрд. текше метр су сыйғызылмақ. Демек, Кіші Аралды қайтып алып келуге бірден-бір себебі тимек. Сондай-ақ Қызылорда облысы жыл сайын су басып қалу қаупінен біржолата арылмақ. Ең бастысы, Көксарайға көктемде арнадағы артық суды жинап, ала жаздай аяқсудан тапшылық көретін Сыр диқандарын қажетті мөлшерде қамтамасыз етуге мүмкіндік те туып отыр.
– Елбасының батыл бастамасымен қолға алынып, әлемдік қауымдастықтан “ғасыр ғаламаты” деген баға алған САРАТС жобасының екінші кезегінде Солтүстік Арал теңізінің Сарышығанақ бұғазында құрылыстар кешенін салу ұсынылған болатын,– дейді облыс әкімі Б.Қуандықов. – Оның орнына Көкарал бөгетінің алдына жиналатын су деңгейін Балтық жүйесі бойынша 50 метр деңгейіне көтеру жұмыстарын енгізуді жан-жақты зерттеу қажеттігін Сенатта өткен дөңгелек үстелде, Үкімет басшысының бірінші орынбасары қабылдауында толғақты мәселе етіп көтердім.
Осы толғақты мәселеге байланысты САРАТС-2 жобасы бойынша атқарылар жұмыстарды зерттеу және Көкарал бөгетінің алдына жиналатын суды 50 метр деңгейге дейін көтеру мәселесін сараптау үшін жұмыс тобы құрылып, бүгінде шұғыл іске кірісіп те кетті.
Жобаның 2-кезегінің техникалық-экономикалық негіздемесін әзірлеуді Нидерланды елінің Arcadіs Euroconsult, Данияның DHІ Water & Envіronment, Ұлыбританияның Jacobs-Badtіe компаниялары және “Қазгипроводхоз” институты қолға алды. Жоба бойынша Сарышығанақ бұғазында салынатын құрылыстар кешені құрамына ұзындығы 10,3 шақырым, орташа биіктігі 7,4 метр болатын бөгет, секөнтіне 50 текше метр су өткізетін ұзындығы 46 шақырым болатын канал салу. Арал қаласындағы кеме портына дейін баратын ұзындығы 25 шақырым канал салу, 40 шақырым 35 кв.электр жүйесін жүргізу, су өткізгіштігі секөнтіне 50 текше метр болатын 3 су құрылыстарын салу, бөгеттен Арал қаласына дейін 50 шақырым және ұзындығы 46 шақырым қызметтік жолдар салу қарастырылған.
Сонымен Кіші Арал келе ме, жоқ әлде?.. Көпшілік көкейінде жүрген осы сауылға “Кіші Арал келеді” деп нүкте қоюға әбден болады. Жоғарыда айтқандай, САРАТС-1 жобасы негізінде қыруар жұмыстар атқарылып, қайтқан теңіздің қайтып келуіне бетбұрыс жасалса, САРАТС-2 жобасы бастау алып, Кіші Аралды алып келеді.
Кіші Арал келе жатыр...
Еркін ӘБІЛ, Қызылорда.
ҚЫМЫЗ ЖАЛПЫХАЛЫҚТЫҚ СУСЫНҒА АЙНАЛУЫ ТИІС
Семейлік танымал кәсіпкер Төлеуғазы Иманғалиев 1991 жылдан бері құрылыс жұмысын жүргізетін “Сәуле” ЖШС-інің бас директоры. Ол “Асау боттлер” серіктестігін құрып тамақ өнімдерін өндірумен де шұғылдануда. Халқымыздың қадірлі сусынын заман талабына сай сауда айналымына шығару өте нәзік шаруа болғандықтан оны екінің бірі қолға ала бермейді. Сол себепті бүгінде құтыға құйылған қымызды Қазақстанның бес қаласына шығарып отырған Төлеуғазы ИМАНҒАЛИЕВТАН осы бір күрделі кәсіп жөнінде әңгімелеп беруін сұрадық.
– Шадыр мінезді жылқыдай ыңғайға көне бермейтін қымызды замана көшіне ілестіру қаншалықты мүмкін болып жатыр?
–Расында, қымызды өндіру жұмысы қаншалықты күрделі болса, арнайы құтыға құйылған қымыздарды сауда айналымына енгізіп жіберу де оңай шаруа емес екен. Өйткені, қымыз басқа өнім түрлері секілді бұрын сауда айналымына енбеген әрі бизнес тұрғысынан зерттелмеген. Тыңнан түрен салу қашанда қиын. Біз де басында қымызды құтыға құятын қондырғы әкелеміз де, шетінен сата береміз деп ойладық қой. Сөйтсек, олай емес екен. Мамыр айында қымызбен шұғылданғанымызға тура бір жыл болды. Осы бір жылда сауда орындарында қымыздың орын алу мүмкіндіктерін қолдан келгенше зерттеп, жіберген кемшіліктерімізді қалпына келтірдік. Нәтижесінде біз өндіріп отырған “Шыңғыстау” қымызы еліміздің Қарағанды, Екібастұз, Кереку, Өскемен, Семей қалаларында сатылады.
–Жаңа жіберген кемшіліктерімізді қалпына келтірдік деп қалдыңыз. Ол қандай мәселе?
–Біздің жіберген ағаттығымыз – қымыздың сауда айналымын-дағы сұранысын нақты анықтап алмай, үсті-үстіне өндіре беруде болды. Саумалдың әр литрін 100 теңгеден сатып алып отырған-дықтан, өнімнің өтіңкіремей тұ-рып қалуы шаруамызды қиында-тып жіберді. Соған қарамастан оның себеп-салдарын іздедік. Маркетинг мамандар іздедік. Әу баста қымыздың өте қоймауы өнімнің кемшілігінен емес, өнім жарнамасының, насихат жұмысы-ның әлсіздігінен екен. Алғашқы қарқынмен қымызды 3 айда 90 тоннаға дейін өндіріп жібердік қой. Бастапқы өнімнің өтімі баяу қозғалғанда “Қалай болады екен?” деп абыржып қалған кез болғанын жасырмаймын. Біз әуелде қымызды өңдейміз, дүкендерге шыға-рамыз, содан соң болды деп ойладық. Олай ойлаған себебіміз – азық-түлік бизнесінде шикізатты біреу шығарады, келесі біреу өңдейді, тағы біреуі сатады. Біз соның өңдеуі мен сатуын таңдадық. Өйткені, өз алдымызға жылқы шаруашылығын ашу біраз уақытты, көп қаражатты талап ететін болды. Саумалдай сатып алуға тоқтадық. Өніміміздің өтімі неғұрлым ұлғайған сайын соғұрлым саумалға сұраныс болады, сол арқылы жылқы малының көбеюіне септігімізді тигіземіз деп есептедік. Өмірдің заңдылығы сол бәрі бірден болмайды. Қазір қымызға сұранысты арттырудың барлық мүмкіндіктерін қарастырып жатырмыз.
–Төлеуғазы Сейітқазыұлы, ұлттық тағамымызды рыноктың ұлы дүбіріне ілестірсем, оның керемет сусын екендігін әйгілесем деген қадамыңызға билік тарапынан, тиісті мекемелер тарапынан қолдау байқалды ма?
– Бұл көтеріп отырған мәселеңіз өте орынды. Десе де, біздің мемлекет нарықтық экономика заңдылықтарымен өмір сүріп жатқанын ескеруіміз керек. Нарықтық экономика талабында кәсіпкер өзі меңгере алатын бизнеспен ғана шұғылдануы керек. Нарықта “анау маған көмектеспеді” деген өкпе жүрмейді. Соған қарамастан мемлекет тарапынан шағын және орта бизнесті дамытуға арналған бағдарламалар баршылық.
Қымыздың бұрын-соңды технология үрдісімен үндесіп көрмегенін көлденең тартып біз ешкімді мазалаған емеспіз. Бір жыл ішінде өз күшімізбен тырысып келе жатсақ та, бірқатар көмектің керек екенін сезіндік. Әсіресе қалалық, облыстық, республикалық деңгейде ақпараттық, жарнамалық қолдаудың қажет екендігі бірінші кезекте тұр. Осы тұрғыдан біз алдағы уақытта үлкен-үлкен ақпарат орталықтарының басшылығына, министрліктерге ұсыныс жасап, жарнама жағынан патриоттық танытуларын сұрамақпыз.
Біздің көз жеткізгеніміз – жарнама мәселесі тиісінше қолға алынса, қымыз жалпыхалықтық сусынға айналғалы тұр. Ал, қымыздың жалпыхалықтық сусынға айналуы бірінші кезекте ауыл шаруашылығына серпіліс әкеледі. Ауыл шаруашылығының серпілуі ауылдың түлеуіне мол септігін тигізетіні айтпаса да түсінікті.
– Әлгінде “Қымыздың жалпыхалықтық сусынға айналуға мүмкіндігі мол” дегеніңіздің белгілі бір себептері бар шығар?
– Әрине, егер біз қымыздың шипалы сусын екенін, оның адам ағзасына беретін қуатын дәйекті жеткізе алсақ, ол міндетті түрде жалпыхалықтық сусынға айналады. Былтыр Астанада ұлттық тағамдардың республикалық байқауына қатыстық. Біздің “Шыңғыстау” қымызы екінші орын алды. Сонда және Семейде қымыздың дегустация шараларын өткіздік. Байқағаным, қымыз ішушілердің ішінде өзге ұлт өкілдері көп қызығушылық танытты. Мысал келтіре кетсек, өзіміздің ұлттың өкілдері қымыз-ды алғаш жұтқанда ашырқанып әрі онысын айналасына байқатып тұрады. Ал, орыстар қымыз ішкенде бәлендей ашырқанбайды екен. Сонымен бірге тағы бір мысал, ТМД бойынша қымызды ең көп пайдаланатын жер – Мәскеу қаласы. Сенсеңіз, Мәскеу тұрғындары тәулігіне 15 тонна қымыз ішеді екен. Ресейдің орталық қаласына қымыз негізінен Башқұртстаннан және Қырғызстаннан тасымалданады. Әрине, Мәскеу маңында да қымыз дайындаумен шұғылданатындар аз емес көрінеді. Қымыздың жалпыхалықтық сусынға айналуына толық мүмкіндігі бар деуімізге, міне, осындай деректер негіз бола алады.
– “Шыңғыстау” қымызын бір жылдың ішінде еліміздің 5 қаласында сатылатын дәрежеге жеткізіпсіздер. Өнімдеріңізді таратуды осы ауқымда шектейсіздер ме, әлде кеңейте түсесіздер ме?
–Дәл қалай болатынын уақыт көрсетер. Десе де, алға қойған мақсатымыз жоқ емес. Артта қалған бір жыл бізді қымыз бизнесінің қыр-сырына үйретті. Алғашында бар күшімізді қымызды құтыға жабуға жұмсадық дедім ғой. Біз шығара берсек, басқа кәсіпкерлер көтерме бағамен әкете береді деген дәмеміз далада қалды. Еріксіз сату мәселесімен шұғылдандық. Бірінші кезеңде сауда айналымына айына 1 тонна қымызды әрең өткізсек, қазір бір айда 8 тонна қымыз еркін өтетін болды. Қазір Қазақстанның 5 қаласында сауда нүктелерін тұрақтандырдық. Енді Ресейге шығармақ ойымыз бар. Көршілес екі қаладан әріптестер іздестірудеміз. Бұйырса Ресейдегі алғашқы сатылымды Омбы қаласынан бастамақпыз. Ресейге жол салуға сенімді болған себебіміз – ол жақта қымызды шахтерларға арнаулы сүт ретінде беруге рұқсат етілген.
– Сіздің әңгімеңіз бұл шаруаның даму үстіндегі кәсіп екенін аңғартып тұр. Жалпы, қымыз өндірумен қатар қала ішінен үлкенді-кішілі қымызханалар ашуды ойластырып көрдіңіздер ме?
–Қымыз өндіруді дамыту мен қымызхана ашу екеуі екі мәселе. Қымыз өндіруді дамытуға қатысты айтпағым – бір жылдан бері біздің қымыз бір литрлік ыдысқа ғана құйылуда. Алдағы уақытта бұл ыдыс түрін 300 грамнан 5 литрге дейін өзгертпекпіз. Дамыту демекші, қымызымыздың тарату шеңберін шетелмен байланыстырамыз ба деген де ниетіміз бар. Былтыр Қытайға із салып, бір мәрте 10 тонна қымыз жөнелттік. Биыл Ресеймен байланыс орнатып жатырмыз.
Ал, қымызханаға келсек, ол біздің ойымызда болғанымен, оған әзірге күш жеткіліксіз.
– Қымыз ұлттық сусын дегенде, оның арғы жағында ұлттық намыс жатады. Сол ұлттық намысымызға сын секілді қазақ қымызының замана көшіне ілеспек қадамы болашақта қаншалықты пәрменді болады деп есептейсіз?
– Егер қымызға ұлттық намыс ретінде қарағымыз келсе, оның кең таралуына әркім өз мүмкіндігінше атсалысуы керек. Әсіресе ғалымдарымыз, дәрігер-мамандарымыз қымыздың адам денсаулығына пайдасы мен емдік қасиеттерін көбірек насихаттаса. Насихат, ақпарат, жарнама жұмыстары неғұрлым жан-жақты жүргізілмей, қымыздың ұлттық деңгейге көтерілуі күмәнді. Сондықтан қазақ қымызы қанатын кеңге жайсын десек, халқымыздың қастерлі сусынын басқа жұртқа мойындатудың түрлі амалдарын қарастыруымыз қажет.
– Осы орайда сұранып тұрған бір сұрақ, қымыз өніміне мемлекеттік тапсырыстар қарастырылған ба? Бұрын туберкулез ауруханаларында қымыз берілетін дегендей…
–Ол дәстүр кейінгі жылдары үзіліп қалған секілді. Біз былтыр Ауыл шаруашылығы, Денсаулық сақтау министрліктерінен бастап облыстық, қалалық денсаулық сақтау басқармаларына, облысқа қарасты туберкулез ауруханала-рының барлығына қымыз өніміне тапсырыс берулерін сұрап ұсыныс-хаттар жолдағанбыз. Еш-қайсысынан хабар болған жоқ. Жалғыз-ақ Зырян аудандық ауруханасынан ғана тапсырыс болды.
Жаңа жоғарыда айттым, қымыз шахтерлерге арнайы сүт ретінде беріледі деп. Сол секілді, қымызға қорғаныс, спорт және туризм саласы да тапсырыс берулеріне болады. Мысалы, Қытайда қымыз спортшыларға тұрақты беріледі. Оның бәрін олар жан-жақты зерттеп барып қолданып отырғаны түсінікті.
– Сөз соңында өнім сапасы туралы және қолдың қымызы мен өндіріс қымызының айырмашылығы туралы айтып берсеңіз.
–Сіз айтып отырған екі қымыз да бір саумалдан жасалатындықтан, арасында көп айыр-машылық жоқ. Айырмашылық – өндірісте бір технология, бір стандартпен жабдықталады. Қолдың қымызын әркім өз ыңғайы, өз тәжірибесі бойынша ашытып дайындайды. Сондықтан қолдың қымызының өзі бір-біріне ұқсай бермейді. Санитарлық жағдайлары да бірыңғай бола бермеуі мүмкін. Сақталу мерзімі де қысқа. Өндірісте жасалатын қымыз бір тех-нология тәртібіне бағынатындықтан, қолдың қымызынан сәл қышқылдау келеді. Бұл жерде мән беретін нәрсе оның пайдалану тәртібінде. Қымыз басқа сусындар секілді сатып алған бетте тығынын ашып іше салуға келмейді. Қымыз ежелден көбірек сапыруды талап етеді. Неғұрлым көп сапырған сайын “ашуы” тарқай түседі. Қышқылдығына келсек, қымыз – негізі қышқылдығымен қымыз. Қышқылдықты ұнатпағандар болса, қымызға бал, қаймақ, мейіз, қант қосып жұмсартып ішулеріне болады. Келешекте бал қосылған қымызды өндіреміз бе деген үмітіміз де жоқ емес. Біздің қымызды Алматыдағы Ұлттық тамақтану академиясы өз зертханасынан өткізіп, ең сапалы қымыз ретінде бағалап отыр. Осы академия мамандарының айтуына қараған-да, ең құнарлы қымыз Арқа жерінікі. Сонымен қатар Семей қымызын да айрықша бағалайды.
–Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескендер Қайрат ЗЕКЕНҰЛЫ, Дәулет СЕЙСЕНҰЛЫ.
ТҮРКІМЕН РЫНОГЫНА ҰМТЫЛЫС
Үстіміздегі жылдың 26-27 мамыры аралығында отандық тауар өндірушілерді мемлекет тарапынан қолдау көрсету шеңберінде “KAZNEX ІNVEST” экспорт және инвестициялар жөніндегі ұлттық агенттігі” АҚ екіжақты сауданы жандандыру миссиясымен Түркіменстанға барып қайтты. Бұл шараға аталмыш елдің сауда-өнеркәсіп палатасы да қолдау көрсетті.
Мұндай мақсат үшін Түркіменстан елінің таңдалуы кездейсоқ емес. Өйткені қазақстандық бизнес өкілдерінің бұл елге қызығушылығы айтарлықтай. Оған қоса, Қазақстан Түркіменстанға тауар әкелетін негізгі тауар жеткізушілердің ішінде 6-орынды алады. Екі елдің ішкі сауда айналымындағы өнімдердің негізгі саласын азық-түлік тауарлары, мәшине, жабдықтар, көлік құралдары, металл, минералды өнімдер, құрылыс материалдары, химиялық өнімдер құрайды.
Қазақстандық делегация құрамында қазақстандық экономика секторы, ауыл шаруашылығы, тағам, жеңіл, мұнай-газ, мәшине жасау, құрылыс өнеркәсіптері саласынан 30-дан астам кәсіпкерлер қатысты. Бұл сапар қорытындысы бойынша қазақстандық 15 компания өз өнімдерін Түркіменстан рыногына шығаруға келісті. Бұл елде ұн, жарма, кондитер бұйымдары үлкен сұранысқа ие. Бизнес-форумның жұмысы мен екіжақты келіссөздер нәтижесінде ұн, кондитерлік бұйымдар, сүт өнімдері, металл құбырлар жеткізуге байланысты құны 7 млн. долларды құрайтын 4 келісім-шартқа қол қойылды. “KAZNEX ІNVEST” АҚ-тың басқарма төрағасының орынбасары Мейіржан Мәйкеновтің айтуынша, Түркіменстан еліне жасалған сапар қорытындысы үлкен үміт күттіреді. Бұл ел Қазақстан тауарларын Орталық Азия елдеріне шығаруда серпінді дамып келе жатқан, әрі болашағы бар рынок болып есептеледі. Бүгінде Түркіменстанда өздерінде өндірілмейтін өндіріс өнімдеріне деген қажеттілік байқалуда. Түркімен кәсіпкерлері өкілдерінің атап өтуінше, екі ел арасындағы сауда әріптестігі өте қажет және маңызды.
Ашхабад сапары бизнес үшін сұхбат алаңын ұйымдастырудың жақсы үлгісін көрсетті. Бұл құрал – экспортты кеңейту шеңберінде атқарылар жұмыстарға тиімділік береді.
“KAZNEX ІNVEST” түркімен компанияларының өкілдерін сауда-экономикалық байланыстарды нығайта түсу мақсатымен осы сапарға жауап ретінде елімізге келіп қайтуға шақырды.
Венера ТҮГЕЛБАЙ.
КӨП ПІКІРІНІҢ КӨМЕГІ КӨП
Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен алдағы 1-2 шілдеде ІІІ Астаналық экономикалық форум өтетіндігі белгілі. Онда әлемдік экономиканың дағдарыстан кейінгі даму проблемалары, сондай-ақ мемлекет-жеке меншік әріптестігі мәселелері, инновациялық экономиканың дамуы, инвестиция тарту мүмкіндіктері талқылаудың басты тақырыптарына айналмақ.
Биылғы өткелі отырған ІІІ Астаналық экономикалық форум әлемдік жетекші ғалымдарды, шетелдік және қазақстандық беделді іскер топ өкілдерін, мемлекеттік құрылымдарды біріктіре отырып кең көлемді интеллектуалды тұғырнамаға айналғалы отыр. Оған БҰҰ-ның Еуропалық экономикалық комиссиясының ықпалдастық бөлімінің басшысы Джефри Гамильтон, Израйль математигі, “Қақтығыс проблемаларын түсінуді кеңейту және ойындар теориясы шеңберінде анализ көмегімен кооперациялау” үшін 2005 жылғы экономика бойынша Нобель сыйлығының иегері Исраэль Роберт Джон Ауманн, америкалық экономист, “Макроэкономикалық саясатта уақытаралық алмасу анализі” үшін 2006 жылғы экономика бойынша Нобель сыйлығының иегері Эдмунд Фелпстің қатысуы күтілуде.
Аталған жиын шеңберінде әлем мемлекет-жеке меншік әріптестігі орталықтарының конференциясын өткізу көзделуде. Онда бүгінгі таңда инфрақұрылым дамуына жеке меншік инвестицияларын тарту, осы саланың заңнамалық базасын жетілдіру, институттық жүйені күшейту, сондай-ақ мемлекет-жеке меншік әріптестігі жобаларына мемлекеттік қолдау шараларының тиімділігін арттыру мәселелері де күн тәртібінде көтерілмек.
Әлемдік экономиканың дағдарыстан кейінгі кезеңде орнықты даму тетігін пысықтау мақсатында конференция бағдарламасы ғылыми және практикалық бағыттағы іс-шараларды да қоса қамтуды да көздеп отыр. Бұл басқосудың Президенттің биылғы “Жаңа онжылдық – жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері” Жолдауының шеңберінде “Қазақстандық мемлекет-жеке меншік әріптестігі орталығы” АҚ әзірлеп жатқан “МЖМӘ дамуының 2010-2014 жылдарға арналған тұжырымдамасы” жобасының жетік бір үлгіде әзірленуіне тың серпін берері сөзсіз.
Форум жұмысының бірінші күнінде “Әлемдегі мемлекет-жеке меншік әріптестігі орталықтарының конференциясы” тақырыбы талқыланып, пікірталасқа МЖМӘ орталықтарының, орталық және жергілікті органдардың өкілдері қатыспақшы. Конференция соңында МЖМӘ халықаралық орталығын құру туралы меморандумға қол қою жоспарланып отыр.
Қазақстанның мемлекет-жеке меншік әріптестігі саласында жеткен жетістіктері ауыз толтырып айтатындай болғанымен, жылына 40-қа жуық МЖМӘ жобаларын іске асыратын Жапония, Ұлыбритания, Үндістан немесе Корея деңгейіне жету үшін көп тәжірибе алмасудың пайдасы да мол болмақ.
Әбдірахман ҚЫДЫРБЕК,АСТАНА.
БОРСЫҚ – ОРМАН ҚОРҒАУШЫСЫ
Халықаралық деңгейде қалыптасқан дәстүр бойынша әр елдің өз орман алқаптарын өрттен қорғау шараларын білдіретін өздеріне тән эмблемалары бар. Мәселен, Ресейде ол аю болса, Канадада – бобр, Индонезияда – маймыл, Мексикада – шибөрі, ал АҚШ-та кәдімгі қонжық. Осы аталған аңдардың суреттері бейнеленген эмблемаларды орман өскен алқаптардың көзге көрінетін тұстарына орнатып қою арқылы ол елдер өз тұрғындарына жасыл желекті көздің қарашығындай сақтап, оларды өрттен қорғау қажет екенін ескертеді.
Осы мәселеге Ауыл шаруашылығы министрлігінің Орман және аңшылық шаруашылығы комитеті де соңғы кездері көңіл бөліп, Қазақ еліне тән эмблема ойлап табу ісін қолға алған болатын. Ақыры сол істің де орайы келген сыңайлы. Таяуда аталған комитеттің сараптама комиссиясы ұсынылған жұмыстарды қарай келіп, Қазақстан эмблемасы ретінде борсықтың алынғанын хабарлады.
Олардың айтуларына қарағанда, борсық еліміздің бүкіл аумағында дерлік таралған. Орманды дала, дала және шөлейтті аймақтарда, сол сияқты сексеуілді және тау бөктеріндегі ормандарда өмір сүреді. Сонымен бірге борсық зиянкестерді жоя отырып ауыл шаруашылығына да елеулі пайда келтіреді. Оның сыртында түнгілік ерекше белсенділік танытатын аңның осы бір түрі еңбекқорлықтың да символы болып есептеледі екен. Қазақстандық орманшылар таңдауының борсыққа түсуіне де оның осындай ерекшеліктері себеп болса керек.
Сөз ретінде осы айтылғандарға бір ғана ойды қоса кеткіміз келеді. Эмблеманың ауызекі атауын борсық деп бадырайтпай-ақ майтабан деп еркелете атасақ жарасатын сияқты. Оның үстіне халықтың жүрген жеріне жақсылық ала келетін адамдарды кейде “ол бір майтабан ғой” деп іштарта атайтын ежелден келе жатқан дәстүр де бар.
С.АЛМАСОВ.
Орталық мемлекеттік органдардың интернет-сайттары
Қазақстан Республикасының Үкіметі www.government.kz
Ішкі істер министрлігі www.mvd.kz
Қорғаныс министрлігі www.mod.kz
Қоршаған ортаны қорғау министрлігі www.eco.gov.kz
Білім және ғылым министрлігі www.edu.gov.kz
Сыртқы істер министрлігі www.mfa.kz
Денсаулық сақтау министрлігі www.mz.gov.kz
Көлік және коммуникация министрлігі www.mtk.gov.kz
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі www.enbek.gov.kz
Қаржы министрлігі www.mіnfіn.kz
Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігі www.mіnplan.kz
Әділет министрлігі www.mіnjust.kz
Төтенше жағдайлар министрлігі www.emer.kz
Мәдениет министрлігі www.sana.gov.kz
Байланыс және ақпарат министрлігі www.bam.gov.kz
Ауыл шаруашылығы министрлігі www.mіnagrі.kz
Экономикалық даму және www.mіnplan.kz
сауда министрлігі -
Туризм және спорт министрлігі www.mts.gov.kz
Мұнай және газ министрлігі www.memr.gov.kz
Статистика агенттігі www.stat.kz
Жер ресурстарын басқару
агенттігі www.auzr.kz