Еліміз үшін жаңа жыл жақсы жаңалықтармен басталды. Оның ішінде Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың сұхбатын оқып, көкейдегі сан сауалға жауап алдық. Бүгінде біз мемлекеттік саясаттың жалпыұлттық құндылықтар жүйесін қайта жаңғыртуға және тұтас алғанда ұлттың жаңа сапасын қалыптастыруға бағытталуының өзгергеніне куә болып отырмыз.
Сұхбатта ел Президенті «Біз озық ойлы ұлт ретінде халқымызды ыдырататын емес, біріктіретін жолды таңдап, тек қана алға қарауымыз керек. Жалпыұлттық құндылықтар бәрінен жоғары тұруға тиіс... еңбекқорлық, білімпаздық, кәсібилік, бірлік, ынтымақ, жанашырлық, іскерлік, бастамашылдық, адалдық, қарапайымдылық және үнемшілдік – нағыз отаншыл, адал азаматқа тән қасиеттер мен құндылықтар. Халқымыздың қуатын арттырып, табысқа жетелейтін осындай қасиеттер мен құндылықтарды жан-жақты дәріптеп, ұрпақ санасына сіңіру арқылы ғана сапалы ұлтқа айнала аламыз», деді.
Мемлекет басшысының ұйытқы болуымен жалпыұлттық құндылықтарды қалыптастыру үшін жастар саясаты дұрыс құрылып жатыр. Үкімет жас ғалымдарды қолдау мақсатында нақты шаралар қабылдап жатқанын да біліп отырмыз.
Экополиэтилен, интеллектуалды егіншілік, суды инновациялық сүзу – С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті жас ғалымдарының ғылыми жобаларының аз бөлігі ғана. Университет кейінгі жылдары еліміздің іргелі және қолданбалы зерттеулерінің басым бағыттарына сәйкес қалыптасқан ғылыми зерттеулерді жетілдіріп жатыр. Зерттеу жұмысының ресурстарын жаңартып, Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитетінің ғылыми жобалары мен бағдарламаларын гранттық қаржыландыруға арналған байқауларға қатысып келеді.
Жақында жоғары оқу орындарының жас инноваторлары министр Саясат Нұрбекке ғылыми еңбектерін таныстырды. Осы орайда Тілек Қуанышбеков «Су объектілерін тазартуға арналған композициялық сүзгі материалдарын өндіру технологиясы» атты жобасын көрсетті. Жоба өзекті әлемдік проблема – тұщы судың сапасыздығын шешуге арналған. Жоба аясында биополимерлер, керамикалық материалдар, сондай-ақ картриджге құрастырылған графит оксидімен модификацияланған, көміртекті материалдар негізінде сүзгіш композициялық сорбенттер өндірісін жолға қою, сонымен қатар университет базасында корпустар жасау жоспарланған. Ғылыми жұмыстардың қорытынды өнімі ірі кәсіпорындарда және тұрғын үйлерде қолданылады деп жоспарланып отыр.
Ал ғалым, 30 жылдық жұмыс тәжірибесі бар агроном Алмасбек Мәуліт цифрлы аналогтік порталды таныстырды. Ғалымдар әзірлемесі мультиспектрлі камерасы бар ақылды дроннан тұрады. Ол егіс жұмыстарының уақытын, өнімділігін және тыңайтқыштың қажетті көлемін болжауға көмектеседі. Бұдан бөлек университет өнертапқыштары арамшөптермен күресте жасанды интеллектіні қолдануды жолға қойған. Құрылғы қашықтан түсіру кезінде камера арқылы өсімдіктердің әртүрлі түрін ажыратып, арамшөптер шоғырын анықтай алады.
Ұлттық ғылыми зертхана базасында университеттің кіші ғылыми қызметкері Нариман Қайырбеков полиэтилен пакеттері кесірінен бүкіл әлемде қоршаған ортаның ластануы проблемасын шешу жолында тынымсыз еңбектеніп жүр. «Табиғи полимерлер негізінде биологиялық ыдырайтын материалдарды әзірлеу» жобасы күнбағыс, рапс тұқымы мен дала өсімдіктерінің сабағынан жасалған биологиялық ыдырайтын полиэтилен пакеттер дайындауды мақсат етеді. Ыдырату үшін қолданғаннан кейін целлофан қалдықтарын суда ерітсе жеткілікті.
«Экология, қоршаған орта және табиғатты ұтымды пайдалану» басым бағыты бойынша жоғары оқу орнында «Сутекті алуға, сақтауға және электр энергиясын өндіруге арналған инновациялық технологияларды, материалдар мен құрылғыларды әзірлеу және зерттеу» жобасы орындалып жатыр. Жобаның негізгі міндеті бойынша Ұлттық ядролық орталық сутегі элементін өндіру, сақтау және тасымалдау саласындағы проблемаларды шешуге бағытталған зерттеулер жүргізеді. Университет алынған сутегі элементін кәдеге жарату арқылы электр энергиясын алу үшін мембраналық электрод блогін жасаумен айналысады. Нәтижесінде, жасыл энергияға қол жеткізуді қамтамасыз ететін экологиялық қауіпсіз технологиялар тізбегін әзірлеу іске асырылады.
Университет ғалымдары өздерінің ғылыми жобаларының нәтижесінде мектептер, балабақшалар мен түзеу мекемелерінің білім беру ортасына инклюзияны енгізіп жатыр. Ерекше білім беру қажеттілігіне мұқтаж балалары бар отбасыларға қолдау көрсетіп келеді. «Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды психологиялық-педагогикалық даярлау және әдістемелік-технологиялық қолдау жөніндегі құзыреттер орталығы» коммерцияландырылған жобасы авторлық әдістемелік құралдарды, конструкторларды, психолог-дефектологтің кәсіби үстелін, вертикализаторды, тірек-қимыл аппараты бұзылған балаларға арналған парталарды және тірек-қимыл аппараты бұзылған балаларды оңалту және дамыту жөніндегі техникалық құралдарды әзірлеуді қамтиды.
Креативті ойлау және өнімді шығармашылық, еңбек және прагматизм қағидаты – Қазақстанда өмірді шынайы қабылдауды қалыптастыратын заманауи қоғам құрудың басты негіздері.
Мұхтар ТӨЛЕГЕН,
С. Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті басқарма төрағасы-ректор, профессор, PhD