• RUB:
    5.44
  • USD:
    478.58
  • EUR:
    520.84
Басты сайтқа өту
11 Маусым, 2010

АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫН ӘРТАРАПТАНДЫРУ – БӘСЕКЕЛЕСТІКТІҢ БАСТЫ ШАРТЫ

812 рет
көрсетілді

Ауыл шараушылығын дамыту маңызды мемлекеттік басымдықтардың бірі болып табылатынын Президент Н.Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауынан нақты байқауға болады. Ел экономикасын әртараптандыру мақсатында агроөнеркәсіп кешенін өркендетудің негізгі үш бағыты көрсетілген. Біріншіден, бұл салада еңбек өнімділігін арттыру үшін ауылшаруашылық өнімдерін өңдеуді күрт арттырып, жаңа тех­но­логиялар мен дүние жүзі жетістіктерін өн­ді­ріс­ке ендіру қажет. Екіншіден, еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін пай­даланылатын өнімдердің 2014 жылы 80%-ы өзімізде өндірілуі тиіс. Үшіншіден, олардың экспорттық мүмкіндігін арттыру. Осы мақсаттарды іске асыру нәтижесінде бірнеше түйткілдер бірден шешілмік. Ең бастылары – еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және экономиканы әртараптандыру. Кеден одағы жағдайында бәсекеге төтеп бере алатындай, нарықтық экономиканың талабына сай өнім өндіру ауылшаруашылық өндірісінің алдындағы басты міндет болып отыр. Бұл істе Үкімет орасан зор қолдау көр­сетуде. Егер 2002 жылы ауыл ша­руашылығы саласына жұмсалған инвестиция 17,3 млрд.  теңге болса, 2007 жылы оның мөлшері – 55, 9 млрд.  2009 жылы 96,3 млрд. теңге болды, ал 2010 жылы одан да артық болмақ. Мал өнімдерінің ішінде адамзаттың күнделікті тұрмысы үшін ең қажеттісі ет пен сүт. Біріншісімен елімізді толық қамтамасыз етіп, тіптен алыс-жақын шетелдерге шығаруға мүмкіндік бар. Кезінде қой етімен көршілес Өзбекстан мен Ресейді және Кеңес Одағының өзге де республикаларын қамтамасыз еткен болатынбыз. Алматы облысының Кеген, Нарынқол, Күрті және т.б аудандарының әрқайсысында биязы жүнді қой өсіруге маман­дандырылған 7-8-ден ірі шаруашылықтар болған, жыл басындағы аналық мал саны 40-50 мыңнан кем болмайтын. Көктемде қырыққан жүннен түсетін табыс 400-500 адам жұмыс істейтін кеңшардың бүкіл жылдық шығынын жабатын. Өкінішке орай, соңғы уақытқа дейін қойдың биязы және қылшықты жүндерін өңдеу, одан мата алу және киім тігу, кілем және басқа да ұлттық бұйымдар тоқу мәселелері ойдағыдай шешілмей отыр. Мәселен, 2008 жылы елімізде 34 мың тонна ғана жүн өндіріліп, оның 22%-ы ғана ішкі және сыртқы саудада сұраныс бар биязы жүн екен. Жуылмаған 1 кило жүннің бағасы 200-220 теңге аралығында болған, 70-80 жылдармен салыстырсақ он есегеге жуық төмен. Кең-байтақ аумақты алып жатқан елі­міздің шөл және шөлейт аймақтарында Еділ­бай және басқа тұқымды қылшық жүнді қой мен түйе малын өсіру тиімді екенін шаруа қожалықтары түсініп, табыс көзіне ай­нал­дырып отыр. Алматы қаласы тұрғындарын шұбатпен қамтамасыз етуде Алматы облысының ірі түйе шаруашылықтары және жеке қожалықтарымен қатар, шалғайда жатқан Кызылорда облысы да біраз үлес қосады екен. Шұбат сусын керек болса сусын, тағам десеңіз тағам. Құрамында адам ағзасына қажет, басқа тағамдарда кездеспейтін амин қышқылдары мен минералды заттар көп. Оны кептіріп, түйіршіктелген ұнтақтарын бірнеше ауруларға ем болатын дәрі-дәрмек ретінде шетелдерге шығарса, оның 1 тоннасы мыңдаған тонна мұнайдың құнына пара-пар болатыны да айтылып жүр. Жылқы ма­лына ауылдық жерде көп көңіл бөлінуде. Оның еті мен қазы-қартасы және қымызы емдік қасиеті жоғары, сіңімді, дие­талық тұрғыдан аса тиімді ұлт­тық тағамдар екені белгілі. Қазір базарда 2-3 жасар семіз жылқының құны 150-175 мыңнан 225-250 мың теңгеге дейін барады. Қымызға келсек жаз айларында тікелей өндірушілердің өзінде 1 литрінің бағасы 250-300 теңгеден кем емес, үлкен қалалардың базарында тіптен 1000 теңгеге дейін барады. Бір сөзбен айтқанда, жылқы малын өсіруге кеткен еңбек ақталады. Осындай ұлттық тағамдарды, барлық санитарлық-гигиеналық талаптарға сай өндіріп, әшекейленген ыдыстарға құйып, ағылып келіп жатқан туристерге ұсынсақ, шетелдерге, әсіресе, мұндай тағамдарға сұраныс бар араб елдеріне шығарсақ, ауыл тұрғындарына бұл да үлкен табыс көзі болар еді. Сүт өнімдерімен еліміздің сұранысын қамтамасыз ету бағытында соңғы жылдары біраз оң өзгерістер байқалуда. Мәселен, осы­дан 3 жыл бұрын Канададан сиырдың “Голштинофриз” тұқымының 760 тайын­шалары Солтүстік Қазақстан облысының Қызылжар ауданындағы “Зенченко и К” шаруашылығына әкелініп, олар голланд технологиясы бойынша бағылуда. Күніне бір сауын сиыр 38-45 литрге дейін, ал жылына 6 800 литр сүт береді екен. Осындай ірі мамандандырылған шаруашылықтың бірі Астанаға жақын орналасқан И.В.Сауэр басқаратын “Родина” ЖШС. Әрине, сонау Канададан ұшақпен асыл тұқымды сиыр әкеліп, оны голланд технологиясымен күтіп-баптау кез келген жеке шаруаның қолынан келе бермейді. Сондықтан осы мал тұқымын әрі қарай өзімізде көбейту қажет. Қуанатын бір жағдай, сүт беретін қарала сиыр тұқымының 300 басы Ақмола облысынан Жамбыл облысы Жуалы ауданындағы “Гамбург” ЖШС-ге әкелініпті, олар 2-3 есе жоғары сүт береді деп күтілуде. Осы шаруашылықтың сүт фер­масында жергілікті “Әулиеата” тұқымы да бар екен, бұзауымен жалпы саны 940 басқа жетіпті. Бұл өндірілетін өнімнің сапасын көтеріп, өзіндік құнын төмендетудің, бәсекеге қабілетті болуының басты кепілі. Табиғаты әр алуан республика аумағында субтропикалық жемістерден басқа күнделікті қажет ететін жеміс-жидек пен бау-бақша, көкөніс және картоп дақылдары жақсы өседі. Олардың өнімімен барлық тұрғындарды, әсіресе, Астана, Алматы, Қарағанды сияқты ірі қалалардың сұранысын толық қамтамасыз етуге болады. Еліміздің оңтүстігі мен оңтүстік-шығысының ауа-райы өте қолайлы, жеміс және көкөніс дақылдарынан көп шығын жұмсамай, жоғары өнім алуға болады. Бұл халық тығыз орналасқан осы өңір тұрғында­рын жұмыспен қамтамасыз етіп және өнімнің өзіндік құнын төмен деңгейде ұстауға мүмкіндік береді. Бұрын Алматы мен Талдықорған облыста­рының суармалы алқаптарында көптеген шаруашылықтар қант қызылшасын егіп, оның әр гектарынан 40-50 тоннаға дейін өнім алатын. Көп еңбекті және күтіп-баптауды талап ететін бұл дақылдың егіс көлемі соңғы жылдары көп қысқарып кетті. Қазіргі таңда жиылатын тәтті тамырлар еліміздің қантқа деген сұранысын 10% ғана қанағаттандыратын көрінеді. Керісінше, Оңтүстік Қазақстан облысының біраз аудандарында мақта егісінің көлемі күрт артып, басқа дақылдарға көңіл бөлінбеді. Соңғы жылдары бұл өңірде мақтамен қатар көкөніс дақылдарының егіс көлемін көбейту өзекті мәселе ретінде көтеріліп отыр. Сонымен қатар малазықтық дақылдарын, әсіресе жоңышқа егіп, ауыспалы егіс жүйелерін игеру қажет. Елдің ұлттық қауіпсіздігінің негізгі көрсет­кіштерінің бірі — өндірілетін астық. Дамыған елдерде жан басына шаққандағы оның мөлшері 1 тоннаға жуық екен. Қазақстанда 2007 жылы бұл көрсеткіш 1058 кило болып, астықты экспортқа шығару мүмкіндігі бойынша республика 7-орынға шықты. 2008 жылы ұн экспорттау 2000 жылмен салыстыр­ғанда 20,4 есе ұлғайып, сатылған өнімнің құны 849 млн. долларды құрап, дүние жүзі бойынша бірінші орынға шығыппыз. Астық өнімдеріне деген сұраныс дүние жүзі бойынша арта бер­мек. 2009 жылы Астанада өткен халықаралық конференцияда АҚШ ғалымы Раттан Лал ХХІ ғасырдың басында ауыл шаруашылығы үлкен тұйыққа тіреліп отырғанын, оның басты себебі жер шарындағы халық саны 6,7 миллиардтан 2050 жылдары 9,2 миллиардқа жететінін, осыған байланысты астық өндіруді екі есеге арттыру қажеттігіне тоқталған еді. Ескеретін жағдай егіс көлемін арттыра беру мүмкін емес, керісінше, жан басына шаққанда оның көлемі төмендей бермек. Көптеген аймақтарда су тапшылығынан суармалы жерлер біртіндеп қысқаруда. Сондықтан да өндірілетін өнімді көбейтудің сара жолы егістік алқаптарды тиімді пайдаланатын агротехнологияларды жетілдіріп, оларды кеңінен өндіріске ендіру. Астық өндіруде республиканың солтүстік өңірінің алатын орны ерекше, мұнда егіс көлемінің 80%-ға жуығы шоғырланған. Өткен жылы республиканың батыс аймағы құрғақшылық салдарынан қатты зардап шексе, еліміздің оңтүстік, оңтүстік-шығысы мен солтүстігі және солүстік-шығыс өңірлерінде көктем мен жаз айларында ауа-райы өте қолайлы болып, 20 миллион тоннаға жуық өнім жиналды. Диқандардың мұндай табысқа жетуіне астық дақылдарын егудің минималды және нөлдік технологияларын ендіру де біраз септігін тигізді. Мемлекет қолдауы нәтижесін­де ірі мамандандырылған шаруашылықтар тұқым себетін, арамшөптер мен зиянкестерге қарсы пестицидтер шашатын кең алымды, өнімділігі жоғары заманауи техникалармен және астықты ысырапсыз жиып алатын комбайндармен жабдықталуда. А.И.Бараев атындағы астық шаруашылығы ҒЗИ-дың көпжылдық зерттеулері минималды және нөлдік технологияларды қолданғанда танапта жинақталатын өсімдік қалдықтары топырақтағы қара шірінді қорын толықтырып, оның құрамын қалпына келтіруде үлкен рөл атқаратынын және көміртегінің табиғаттағы айналымына оң әсер ететінін көрсетті. Ауыспалы егіс танаптарында топырақты күзде қопсытуды 3-4 жылда бір рет қана қайталап тұруға болады, сонда жанар-жағармайға кететін шығын да азаяды. Өткен жылы Астанада басталып Шор­тандыда жұмысын жалғастырған халықаралық конференцияда егін шаруашылығын әрта­раптандыруға көп көңіл бөлінді. Академик М.Сүлейменов атмосферада көміртегі мөл­шерінің үздіксіз артуы, осының салдарынан ауа температурасы көтеріліп, экологиялық зардаптарды ушықтыруы, егін шаруашы-лығына тікелей байланысты екеніне тоқталды. Ғалымның пікірінше, ресурс үнемдейтін технология тиімді болу үшін міндетті түрде дақылдардың алмасуы, мүмкіндігінше өсімдік қалдықтары көбірек сақталынып, топырақ өңделмеуі немесе сирек өңделуі қажет. Нарықтық экономика жағдайында өндірілетін және экспортқа шығарылатын ауылшаруа­шылық өнімдерінің мөлшері мен құны оған сұранысқа тікелей байланысты келеді. Соңғы жылдары бидай өніміне сұраныс артып, баға біраз шарықтады. Мәселен, 2008 жылдың қараша айында 3 класқа жататын клейко-винасы 23% бидай бағасы 205-210-нан 230-265 АҚШ доллары арасында болды. Үш жыл қатарынан жоғары бағаға үйренген шаруа қожалықтары 2009 жылы астық дақылдарының егіс көлемін біраз арттырып, 16,3 млн. гектарға жеткізді, бидай 13,9 млн. гектарға себілді. Өкінішке қарай, күзде қыруар астық өтпей қалды. Мұның басты себебі бидайға сұра-ныстың төмендеуіне байланысты болды. Ба-ғаның құлдырауына өнім сапасының төмендігі, оны сақтайтын қоймалардың болмауы және экспорттық мүмкіндіктің шектеулілігі сияқты факторлар да әсер етпей қоймады. Осыған орай егін шаруашылығын әрта­раптандырудың маңызы өте зор. А.И.Бараев атындағы Қазақ астық шаруашылығы ҒЗИ-дың көпжылдық тәжірибелеріне қарағанда республиканың солтүстік аймағында егін шаруашылығын әртараптандыру үшін ас бұршақ пен ноқат, күнбағыс пен зығыр, сұлы мен арпа дақылдарына көңіл бөлу қажет. Республиканың оңтүстік-шығысы мен оңтүс­тігінде жүргізген зерттеу топырақты бірнеше жыл жыртпай, күздік бидайды және басқа дақылдарды тұрақты жалдап егу арқылы оның құнарлығын сақтап, жер мен су ресурстарын тиімді пайдалануға мүмкіндік беретінін көрсетті. Негізгі дақыл жиналғаннан кейін оған қарақұмық, рапс, жүгері және бұршақ дақылдарын егіп, екінші өнім алуға болады екен. Соңғы жылдары елімізде құс өсіретін ірі кешендер қайтадан жанданып, құрама жем дайындау үшін жүгері дәніне сұраныс артуда. Оларға құрама жем дайындау үшін 2006-2008 жж. Ресей мен Украина және алыс шетелдер­ден 15-20 мың тонна жүгері дәні тасымал­данды. Осыған байланысты Алматы және Жамбыл облысының суармалы жерлерінде жүгерінің үлесі артуда. Күздік бидайға қарағанда бұл дақылдардың түсімділігі 2 еседей жоғары, сондықтан экономи­калық тұрғыдан да тиімді. Қорыта келгенде, егін шаруа­шылығын әртараптандыруды шаруа қожалықтары негізгі өнімге бағаның күрт ауыт­қуы­нан қорғауды қамтама­сыз ететін шара ретінде де қарас­тырған жөн. Со­ны­мен қатар, бұл егін шаруашылығын ғылыми негізде жүргізудің сара жолы. Мұрат ҚОЙШЫБАЕВ, Ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор.