Алматыда танымал мемлекет және қоғам қайраткері Заманбек Нұрқаділовті еске алуға арналған тағылымды іс-шара өтті. Тәуелсіз еліміздің тарихында іргелі істерімен айшықталған айтулы азаматтың туғанына биыл 80 жыл толып отыр. Руханият жанашырлары, қоғам қайраткерлері мен белгілі саясаткерлер бас қосқан тағзым іс-шарасында көрнекті тұлғаның өмір белестері, қайраткерлік қыры хақында өзекті ойлар айтылды.
Тәуелсіздіктің елең-алаңында елдің жауапты азаматтарымен бірге мемлекет іргетасын қаласқан Заманбек Қалабайұлы Алматы қаласы мен облысының басшысы, Төтенше жағдайлар министрі секілді маңызды міндеттерді атқара жүріп, көптеген түйткілді мәселенің түйінін тарқатуға себепші болды. Оның бастамасымен жүзеге асқан ауқымды жұмыстарды аймақ тұрғындары әлі күнге дейін айтады. Бұл жөнінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың арнайы жолдаған хатында да айтылды. Ел басшысының жүрекжарды пікірін Президенттің кеңесшісі – Баспасөз хатшысы Берік Уәли оқып берді.
«Биыл белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Заманбек Нұрқаділовтің туғанына 80 жыл толды. Тәуелсіз Қазақстан тарихында ел мүддесі үшін аянбай еңбек еткен азаматтар аз емес. Заманбек Қалабайұлы – осындай тұғырлы тұлғалардың бірі. Ол егемендіктің алғашқы кезеңінде көптеген жауапты қызметті абыроймен атқарды. Мемлекетімізді нығайтуға айрықша атсалысып, өңірлерді өркендетуге зор үлес қосқаны даусыз.
Ұлт перзентінің есімін ел жадында жаңғыртып, еңбегіне лайықты баға беру – ұрпақ парызы. Осы орайда Зәкеңнің туған жері – Алматы облысының Кеген ауданында оған ескерткіш орнату және Алматыдағы тұрған үйіне ескерткіш-тақта ашу қажет деп санаймын. «Тарих – таразы» деп бекер айтылмаған. Халқымыздың кесек тұлғалы азаматының елге сіңген еңбегі ешқашан ұмытылмайды», делінген Президенттің хатында.
Сондай-ақ Парламент Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев пен Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошановтың барша депутаттар атынан жолдаған ресми хаттары жиналған қауымның алдында оқылды.
Қазақтың тұңғыш ғарышкері Тоқтар Әубәкіров бастаған қоғам қайраткерлері мен зиялы қауым ерен тұлғаның есімін ұрпақ жадында жаңғырту – жауапты міндет, бұл бағыттағы жұмыстар үздіксіз жалғаса беруі қажет деп есептейді.
Еңбек ері Асанәлі Әшімов: «Заманбек халықтың сүйіспеншілігіне бөленген, адал, батыр тұлғалы азамат еді. Оны халық шын мәнінде жақсы көрді. Жақсының аты еш уақытта ұмытылмайды, елімен бірге жасай береді», деп еске алды. Ал қоғам қайраткері Мұрат Әуезов: «Заманбек – саяси қайраткер ғана емес, руханият жанашыры. Оның көңілдің кейбір сәттерінде өлең жазатыны, аудармамен айналысатыны бар еді. Бұл да тазалықтың белгісі болса керек. Қалай дегенде де, ол тарихтан, ел жүрегінен ойып орын алды», деп азаматтың асыл қасиетін атап өтті.
Бедерлі жылдар белесінде ел дамуына елеулі үлес қосқан тұлғаның кәсіби білігі, жан дүниесінің тазалығы, кісілік келбеті жайлы да естеліктерде айтылды.
«Заманбек – ұлтын риясыз сүйген адам. Басшылық қызметте жүрген кезеңдерінде талай жұртқа шарапаты тиді. Кезі келгенде батыл шешімдерге барып, таршылық көрген азаматтардың баспанамен қамтылуына, жер телімдеріне ие болуына көп ықпал етті. Қандай батыл болса, сондай кішіпейіл еді. Алдына келген қарапайым адамның өзін қабылдап, оның мәселесін шешуге жан-тәнімен кірісетін. Кеңес заманының соңғы кезі мен егемендіктің алғашқы жылдары Алматыны басқару оңай емес еді. Бірақ Зәкең осынау жауапты міндетті абыроймен атқарды», деді қоғам қайраткері Амангелді Ермегияев.
Өз кезегінде Нұрлан Оразалин, Бексұлтан Нұржекеұлы, Амангелді Шабдарбаев, Амандық Баталов, Серік Үмбетов, Зейнеп Ахметова, Рысбек Сәрсенбайұлы, Болат Әбілов қайраткер жайлы жарқын естеліктерімен бөлісті.
АЛМАТЫ