Ел алдындағы басты міндет – табысты қайта бөлу керектігі кейінгі жылдары ашық айтылып, басым бағыттардың біріне айналды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осыған дейін бұл мәселені бірнеше рет айтты. Жуырда «Egemen Qazaqstan» газетіндегі сұхбатында айтылған ұсыныстардың өзегі де осы болды.
Бұл жолғы сұхбатта біраз сауалдың жауабы ашық айтылды. Бұл үрдіс сұхбат беруді есеп берумен шатастырып алатын кейбір шенеуніктерге сабақ болады деп үміттенемін. Тек Мемлекет басшысы емес, Үкіметтің кез келген блогын басқарып отырған тұлғалардың баспасөзге шығуы сол саланың жай-күйінен хабар беретін жағдайға жеткізуіміз керек.
Мемлекеттік деңгейде айтылған ұсыныстардың кем дегенде 10 пайызы орындалса, экономикалық көрсеткішіміз қазіргі деңгейде болмас еді. Мемлекеттік деңгейде айтылған ұсыныстар алдын ала сараптамалық кеңестен өтпейтіні, басқаша айтқанда халыққа берілген уәдені орындауға экономикалық мүмкіндігіміз көтере ме деген мәселе алдын ала зерделенбейтіні айтылған ұсыныстардың жүзеге асырылуына кедергі болып келген еді. Кейінгі бірер жылда бұл бағытта біраз ілгерілеушілік бар. Халықтың талабымен санасу қажеттігі билік өкілдеріне шындықты айналып өтетін жолды жауып тастады. Сырт көзге бірден байқала қоймаса да оң өзгерістер бар.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қыркүйектегі кезекті Жолдауында ел экономикасының негізгі бағыттары бойынша көрсеткіштер өскенін, былтыр Қазақстанның ішкі жалпы өнімі 104 триллион теңге болғанын айтты. 28 миллиард доллар тікелей шетел инвестициясы тартылғаны да – рекордтық көрсеткіш.
Бір қарағанда көрсеткіш көңіл қуантады. Ел экономикасының нығайғаны, ұдайы тұрақты өсім көрсеткені жақсы. Дегенмен, бұл жаңалыққа кереғар мәліметтер де бар. Мысалы, өткен айда Ұлттық статистика бюросының жариялаған зерттеу нәтижелері бойынша, биылғы екінші тоқсанда елдегі кедейшілік деңгейі 5,1% көлемінде белгіленген. Бұл көрсеткіш бірінші тоқсанда 4,8%-ды құраған еді. Сондай-ақ «Ranking.kz» мәліметінше, елімізде ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен табыс табатын 177,8 мың үй шаруашылығы бар, бұл өткен жылмен салыстырғанда 9,4%-ға артық. Басқаша айтқанда, ел экономикасы өскенімен, халық кедейленіп жатыр.
Осыдан келіп қоғам мен билік арасындағы сенімге селкеу түседі. Себебі, 2022 жылы Ұлттық статистика бюросы жариялаған зерттеу нәтижелері бойынша, биылғы жылдың екінші тоқсанда елдегі кедейшілік деңгейі – 5,1%. Бұл көрсеткіш бірінші тоқсанда 4,8%-ды құраған еді. Демек, біздің елде ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен табыс табатын 177,8 мың отбасы бар. Бұл – 2021 жылмен салыстырғанда 9,4%-ға артық. Осы мәселені Мемлекет басшысы да жиі айтады. Бұл – мемлекетіміздің қауіпсіздігіне төнген үлкен қатер. Мұның бәрі қоғамның экономикалық-әлеуметтік, артынан саяси жағынан қақ бөлінуіне әкеліп соқтыруы мүмкін. Басқаша айтқанда, елдегі бай мен кедейдің арасы көз алдымызда алшақтап барады.
Жалпы, қабылданған макроэкономикалық меженің орындалуын жұмыс орындары, қолайлы тұтынушылық инфляция, табысты әділ бөлу, экономикалық өсу деңгейі тәрізді факторлар қамтамасыз етеді. Біздің ұлттық экономикамыздың деңгейінің қандай екені бәрімізге түсінікті. Ал экономикадағы әлсіздік созылмалы жұмыссыздық синдромын қалыптастырады. Бұл – кез келген қоғам үшін трагедия. Өмір сүру деңгейімізді экономиканың, орташа жалақының өсуімен емес, ең төменгі күнкөріс деңгейі мен тұтыну бюджетімен, әлеуметтік инфраструктураның дамуы тәрізді факторлармен бағалау керек.
Қазір бізде нарық заңына мүлдем қайшы құбылыстар жиі байқалады. ІЖӨ өсім бере бастады. Бірақ халықтың төлем қабілеті тым төмен. Халықтың несиеге өмір сүруі де қалыпты құбылысқа айналды.
Кейінгі онжылдықтарда әлемнің барлық елінде дерлік табыс теңсіздігі өсті. Бірақ әртүрлі қарқынмен. Мысалы, Таяу Шығыста ең жоғары табысы бар халықтың 10%-ы ұлттық табыстың 61%-ын иемденген. Қытайда – 41%, Ресейде – 46%, АҚШ-та – 47%. Ең төменгі теңсіздік деңгейі Еуропада тіркелген – 37%. Ал KPMG дерегінше, Қазақстан байлығының тең жартысын бар-жоғы 162 адам (ел азаматтарының 0,001 пайызы) иелік ететінін ескерсек, кедейлік деңгейінен көш бастап тұрғанымыз анық.
Тұтынушылық несиелеу арқылы халықтың әлеуметтік жағдайына баға беруге болмайды, мұндай құбылыстың қаржылық дағдарыстарға әкелетіні барлық саналы адамға түсінікті болуы керек. Бұл жерде мәселе тек банктердің тәбетіне байланысты емес, мәселе табыс теңсіздігінің құрсауында өмір сүріп жатқанымызда. Табысты тең бөлудегі теңсіздік тек кедейліктің емес, нарыққа қажетті мамандардың елден сырттап кетуіне мүмкіндік беретін тетікке айналып кетті.
Мен ақылға қонымды либерализмді ұстанамын және кез келген экономикалық мақсаттарға қол жеткізуді ешбір бағамен емес, сақтықпен жүргізу керек деп есептеймін. Басқаша айтқанда, өткеннің қателігінен сабақ алмай, алға жылжу мүмкін емес.
Эдуард ПОЛЕТАЕВ,
саясаттанушы