• RUB:
    4.62
  • USD:
    499.51
  • EUR:
    525.83
Басты сайтқа өту
Саясат 16 Қаңтар, 2024

Қазақстан – Еуропа ынтымақтастығы

89 рет
көрсетілді

Қазақстан Премьер-ми­нистрі Әлихан Смайылов пен Еуропалық комиссияның вице-президенті Маргари­тис Схинас Қазақстан мен Еуро­палық одақтың сау­да-экономикалық қаты­настарын нығайту жөніндегі қадамдарды талқылады.

Астанада өткен кездесу аясында тараптар тауар айналымын ұлғайту, инвестициялар тарту, көлік-логистика саласындағы ынтымақтастықты нығайту, виза­лық режімді жеңілдету, өнер­кәсіп кооперациясын ұлғайту және басқа да бірқатар мәселені қарастырды.

Үкімет басшысы Қазақстан Еуропалық одақпен өзара тиімді қарым-қатынастарды нығай­туға ерекше мән беретінін атап өтті. Бұл ретте Кеңейтілген әріп­тес­тік пен ынтымақтастық туралы келісім, сондай-ақ ЕО-ның Ор­талық Азия бойынша жаңа стратегиясы маңызды рөл атқарады.

«Біз өзара сенім мен құрметке негізделген Қазақстан-Еуропа ынтымақтастығын одан әрі кезең-кезеңмен дамытуды қолдаймыз», деді Ә.Смайылов.

Премьер-министр атап өт­кендей, ЕО – Қазақстанның ірі сауда және инвестициялық серік­тестерінің бірі. ЕО үлесі­не сыртқы сауданың шамамен 30%-ы және тартылған инвести­циялар­дың шамамен 40%-ы тиесілі. Мәселен, өткен жылдың 11 айында тауар айналымы 5%-ға жуық өсіп, шамамен 38 млрд долларға жетті. 2022 жылы ЕО-дан Қазақстанға салынған инвес­тициялар көлемі 12,5 млрд долларды құрап, кейінгі 10 жылдағы ең жоғары деңгейді көрсетті.

«Бүгінде Қазақстанда 6 мыңға жуық бірлескен кәсіпорын жұмыс істейді, оның 130-ы өткен жылы ғана қосылды. Бұл көрсеткіштер еуропалық серіктестерге эконо­ми­камыздың тұрақтылығы мен тартым­дылығын көрсетеді. Еуро­паның инвестициялық қоғам­дастығын бірлескен жобаларға кеңінен қатысуға шақырамыз», деді Ә.Смайылов.

Сонымен қатар Үкімет бас­шы­сы өзара іс-қимылдың ма­ңыз­ды бағыты транзиттік көлік сала­сы екенін айтты. Бүгінде Қытайдан Еуропаға жіберілетін тауарлардың шамамен 85%-ы Қазақстан арқылы тасымалданады. Атап айтқанда, өткен жылы Транскаспий халықаралық көлік бағыты аясында жүктерді ауысты­рып-тиеу көлемі 65%-ға өсті. Ортамерзімді перспективада мұн­дағы жүк ағынын 10 млн тоннаға дейін жеткізу жоспарланып отыр.

«Осы мақсатқа жету үшін Әзербайжан, Грузия және Түркия­мен аталған бағыттың «тар жерлерін» жою бойынша жол карталарға қол қойылды. Сондай-ақ Қазақстанда теміржол, порт инфрақұрылымын жаңғырту, жылжымалы құрам мен сауда флотын ұлғайту бойынша бірқатар ірі инфрақұрылымдық жоба іске асырылып жатыр. Біз сондай-ақ жүк жөнелтушіге нақ­ты уақыт режімінде өз жүк­тері­нің қайда екенін көрсетуге мүм­кіндік беретін ақпарат жүйе­лерін бір ретке келтіріп жатырмыз», деді Үкімет басшысы.

Өз тарапынан Еуропалық комиссияның вице-президенті Қазақстанның Еуропалық одақ үшін маңызды әріптес екенін атап өтті.

«Қазақстанда ауқымды жаңғыр­ту үдерістері жүріп жатқа­нын білеміз. Еуропалық одақ атынан Қазақстанды Орта­лық Азия өңіріндегі маңызды ойыншы етіп отырған Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен іске асып жатқан рефор­малардың маңыздылығын атап өткім келеді», деді М.Схинас.

Ол сондай-ақ «Global Gateway» бастамасы аясында өтетін Еуропа мен Орталық Азия ара­сындағы көлік қаты­нас­­та­рын тұрақты дамыту жөнін­дегі алдағы Инвесторлар фору­мы­­ның маңызын атап өтті. Фо­рум жұ­мысына Қазақстан да қатысады.