Азық-түлік бағасының ала-құлалығы халықты ерекше алаңдататыны жасырын емес. Әлеуметтік маңызы бар тауарлардың құнын кім және қалай қадағалайды? Сонымен қатар жаңа жылдық дастарқанға елорда тұрғындары қанша теңге жұмсады? Аталған сұрақтарға жауап алу мақсатында «Астаналық» базар мен «Magnum» сауда желісіне барып халықтан сұраған едік.
«Астаналық» базарда сауда таңнан бері қызып тұр. Жұмыс күнінің өзінде азық-түлік алуға келген халықтың қарасы қалың. Үкімет бекіткен әлеуметтік маңызы бар тауарлардың шектік бағасы мен мұндағы бағаларды салыстыру үшін елмен бірге біз де базарды барлап көрдік.
Ең әуелі жаңа жыл қарсаңында базар бағамы біршама көтерілгені байқалады. Әсіресе мерекелік дастарқанға қойылатын жеміс-жидектердің құны шарықтап тұр. Мәселен, алманың бағасы сортына қарай 450 теңгеден басталса, мандарин 600 теңге мен 1 200 теңге аралығында саудаланып жатыр. Осы орайда Ләззат есімді тұтынушыны сөзге тартып көрдік.
– Үйде кішкентайымыз болған соң, банан, мандарин секілді жемістерді жиі алып тұрамыз. Жаңа жыл кезінде бұл тауарлар тіпті қымбаттап кетті. Үй-ішімізбен мерекені атап өту үшін 30 мың теңгедей ақша жұмсадық. Жас отбасыға бұл да жеңіл тимейді. Бұған қоса күнделікті тұтынатын жұмыртқаның бағасы да өсіп кетіпті.
Онысы – шындық. Тұрғындар әлеуметтік маңызы бар азық-түлікке (ӘМАТ) жататын тауық жұмыртқасының бір данасын 45 теңгеден жоғары алып жүрген. Бүгінгі таңда оның бағасы 75-80 теңгені құраған. Ал саудагерлер бағаның күрт өсуін отандық өндірушілердің аздығымен және жеткізу шығындарының өсуімен байланыстырды. Қайбір жылы қымбаттап кеткен қанттың да себебін логистикалық проблемамен түсіндірген еді сарапшылар. Ең өкініштісі – кейін барлық мәселе өз шешімін тапса да, бағаның сол күйінде қалып қоятыны.
Осылайша, базардағы бағаны бағамдаған соң, іргедегі «Magnum» сауда желісіне кіріп көрдік. Бағаларды салыстырдық, басымызды шайқадық. Айырмашылық – айтарлықтай үлкен. Мысалы, «Magnum»-да 1 кг картоп 139 теңге болса, «Астаналық» базарда 160 теңгемен саудаланады. Ал сауда желісіндегі пияздың бағасы 129 теңге болса, базарда 170 теңгеге сатылып жатыр.
Сөйтіп супермаркеттің барлығын аралап жүріп, кассаға қалай жетіп қойғанымызды байқамай қалдық. Назарымызға төлем жасап жатқан ақ жаулықты апа ілікті. Азық-түлікті үнеммен алғаны байқалады. Қымбатшылық туралы апамыз не дейді екен? Пікірін білдік.
– Отадан жаңа шыққан адам болған соң, көп ақшам дәріге жұмсалады. Оларды білесің, арзан емес. Өзім үкіметтен ең төменгі зейнетақы мен жәрдемақы аламын. Әйтсе де Аллаға шүкір. Балалардың жұмысы бар. Не дегенмен олар да азық-түлік арзанға түседі деп жеңілдік акцияларын бақылап отырады, – дейді 75 жастағы зейнеткер.
Содан кейін базарға енді кіріп келе жатқан үш-төрт бозбаланы байқадық. Жігіттермен танысып, сөзге тарттық. Л.Н.Гумилев атындағы университетінің студенттері екен. Пәтер жалдайды. Өз іштерінен ақша қосып, азық-түлік алуға келген. Апамызға қойған сауалды бұларға да қойдық. Жауабы қынжылтты.
– Жатақханада орын болмағаннан кейін, пәтерге ауыстық. Жалпы жағдай – жаман емес. Бірақ азық-түлікті қарызға бөліп төлейтін кездер болады. Берешекті айдың соңында қосымша жұмыс істеп қайтарамыз, – деді олар.
Бөліп төлеу механизмі қарапайым болғанымен, қауіпті екені белгілі. Онда сатып алу бағасы төлем кезеңінің айларының саны бойынша тең бөліктерге бөлінеді және қарыз алушы ешқандай комиссия төлемейді. Бірақ мұның да өз кілтипаны бар. Кейбір дүкендерде бөліп төлеуге болатын тауарлар кейбір несие беретін жерлерге қарағанда қымбатырақ болуы мүмкін. Экономист Арман Байғанов қарызданған тұрғындардың жағдайы алаңдатарлық деп санайды.
– Кейбіреулерге картамен төлеудің өзіндік артықшылығы бар шығар. Алайда бұл халықтың кейбір тобында азық-түлікке де ақша жетпейтінін көрсетеді. Азық-түлікті бөліп төлеу арқылы алатындар кедейлік деңгейіне жақын санатқа жататынын атап өту керек, – дейді А.Байғанов.
Хош, халықтың әлеуметтік маңызы бар тауарларға да әлеуеті жете бермейтінін түсіндік. Қайтпек керек? Сарапшы Бауыржан Исабековтің пайымынша, қымбатшылықтың негізгі себебі – еліміздегі олигопилиялық нарық. «Яғни бізде қалыптасқан 4-5 ірі компаниялар бар. Солар өзара келісіп, бағаны жоғары деңгейде ұстап тұр», дейді ол. Мысалы, олигопилиялық нарықтағы екі фирманың біреуі төмен баға, екіншісі жоғары баға белгілесе, онда сандық қатынасы шамамен 1:3 есебінде екеуінің табыстары әртүрлі болады. Ондай қадамға ірі компаниялар, әрине, бармайды. Ал зардап шегетін – баяғы халық.
Айтпақшы, алдағы екі жыл ішінде мемлекет азық-түлік бағасына мүлдем араласпауы мүмкін. Нарықты реттеуден бас тарту ұсынысы қазір ашық талқыланып жатыр.
«Бұл өзгеріс – отандық өндірушілер арасында әділ бәсекені қалыптастыруға жасалған қадам. Сәйкесінше, енді әлеуметтік маңызы бар 19 түрлі тамақ құны да құбылып отырады. Бұл отандық өндірісті тоқыраудан сақтайды», деп түсіндірді Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев. Осылай деген ол әлеуметтік тауарлар бағасын мемлекеттік реттеуден кезең-кезеңімен бас тартуды ұсынып отыр.
Қорыта келе, бағаны тұрақтандыру және орын алуы мүмкін алыпсатарлықты болдырмау бойынша әлі де бірқатар жұмыс атқарылу керек екенін түсіндік. Ал әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасын әуелі бақылауда ұстап, кейін бос жіберу үмітімізді қаншалықты ақтайды? Уақыт көрсетеді.
Абзал МАҚАШ,
Л.Н.Гумилев атындағы
ЕҰУ 4-курс студенті