• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Оқиға 18 Қаңтар, 2024

Ату жазасына кесілген заңгер

7047 рет
көрсетілді

Өз заманында әділдігімен аты шыққан, турашылдығымен талай­ға көмегі тиген Әділ Сұлтанбекұлы туралы кейінгі жастар­дың кө­бі біле бермейді. Көбі дейміз-ау, оның есімін тек алдыңғы буын өкілдерінен естігені болмаса, кейінгі жастар қайдан білсін? Аты аңызға айналған адамның есімін жаңғыртып, әділдігі мен адал­­дығын кейінгі ұрпаққа үлгі ету мақсатында біраз ізденіп көрдік.

Балалық шағы Арыс өзенінің жағалауында өткен Әділ Сұлтан­бекұлы жастайынан алғыр болып өседі. Өзімен тете өскен інісі Омар да орысшаға жетік болған. Әкесі Сұлтанбек күнкөріс қамымен ояздың арбасын айдайды. Өзі қарапайым жұмысшы болса да балаларының білім алып, қызметке араласқанын құп көрген, тәрбиесіне ерекше көңіл бөлген. Білімнің алғашқы негізін өз ауылындағы мектептен алған бала Әділ он төрт жасқа толғанда, әкесі оны Уфа қаласындағы «Ғалия» медресесіне алып барады. Алғыр бала медреседе үздік оқып қана қоймай, ізбасар інілерінің де білім алуына ықпал етеді. Інісі Омар мен туысқан інісі Бекжанды осы медресеге оқуға түсіреді. Өзі оқуды бітірген соң Түркістан ояздығына тілмаш болып жұмысқа орналасады. 1917 жылы Түркістан ояздығының аты өзгеріп «Түркестанский уездной комитет» болады да, оның бірінші орынбасары болып Әділ Сұлтанбекұлы тағайындалады. Осылайша, жиыр­маның о жақ-бұ жағындағы балаң жігіт алғыр­лығымен, білім­дар­лығымен көзге түсіп, ауыл-елдің бетке ұстар азаматына айналады. Кейбір деректерде Әділ Сұл­тан­бекұлы сол кездері Түркістан атты әскерінде саяси басқарма бастығының орынбасары қызметін атқарған Нәзір Төреқұловпен жа­қын ара­лас­қан. Өзі сияқты алғыр да бі­лім­паз дос­тарының ықпалы бол­ған шығар, 1918 жылы Әділ Сұл­танбекұлы Сырдария губер­ния­сына, досы Абдулла Жармұ­хам­медов Кат­та­қорған қаласына ішкі істер мекемесінің бастығы болып тағайын­­да­лады. 1921 жылы Нәзір Төре­құ­лов Түркістан орталық атқару коми­тетінің төрағалығына сайланады да, Әділ Сұлтанбекұлы араға бірер жыл салып Өзбек АССР Жоғарғы соты орыс тілі бөлімінің бастығы болады. Жауапты қызметті атқара жүріп сол жылдары мемлекетаралық шекараны белгілеуге қатысып, Ташкент қаласы шекараның арғы бетінде қалып бара жатқанына шырылдап, Мәскеуге қайта-қайта хат жазады. Бірақ оның бұл әрекетінен ешқандай нәтиже шықпайды, қайта шамадан тыс ұлтшылдығымен көзге түсіп, қара тізімге ілігеді. Көп өтпей-ақ бұл «еңбегі ескеріліп», Жоғарғы соттан шеттетіледі. Алай­да іскер маманды мүлдем жұмыс­сыз қалдыруға болмайтынын ескеріп, Хорезм облысының соты ретінде төмендетіп жібереді. Қайда жүрсе де өзінің ұлтына қызмет етуден тайсалмайтын, қайта оны өзіне өмірлік мұрат еткен Әділ Сұл­танбекұлы 1930-1931 жылдар­да қуғын-сүргінге ұшыра­ған Қарағандының қазақтарына көмектеседі. Бас сауғалап бара жатқан көш Тәжікстанның құзырлы органдарының қолына түсіп қалса керек, отыздан астам түйесі мен бар байлығын тәркілеп, өздерін қамап тастағанын естігенде, арттарынан іздеп барады. Құзырлы органдардың қолында қамауда отырған қандастарына араша түсіп, тиісті басшыларына жолығып, ұзақ келіссөзден кейін бәрін босатып алады. Көнекөз қариялардың айтуынша, босап шыққан керуеншілер жиналып кім босаттырғанын, қалай босағандарын біліп, өзара келісіп, оған құрмет көрсеткен деседі. Керуен басы қасына екі-үш адамын алып, бір түйені жүгімен жетектеп Әділ сотқа барады. Рахметін айтып: «Сен болмасаң бізді соттап, қамалып кете берер едік, мына түйені жүгіменен саған сыйға беруге ұйғардық, сені бізге Құдай жеткізген шығар», деген екен. Сонда Әділ Сұлтанбекұлы: «Біріншіден, біз үкіметтің адамымыз, яғни қызметіміз үшін үкімет ақы төлейді. Екіншіден, өз қандастарымыздың басына іс түскенде, қол қусырып қарап отыруға арым жібермеді. «Қарағандылық қазақтар қамауда отыр екен» дегенді естігеннен қалай да құтқарып қалудың қамына кірістік. Ол үшін ешқандай құрмет те, сый да дәметпеймін. Қайта өз қандастарыма қызмет еткеніме қуаныштымын», деген екен. Ар­найы ала келген сый-сияпатын ауыл­дағы қиналып отырған қандас­тарға үлестіріп беруге кеңес береді.

Қызмет істей жүріп «Ташкентті қазаққа қайтарамын» деп жоға­ры­ға хат жазуды тоқтатпайды. Сол кездегі оқымысты, белсенді азаматтар Нәзір Төреқұлов, Аб­дулла Жармұхаммедов (Қазақ эн­циклопедиясында Ярмұхам­ме­дов деп жазылған) Сұлтанбек Қожанов, Нұртас Оңдасынов, Иса Ақынбеков сияқты басқа да азаматтармен тығыз байланыста ел мүддесі үшін тізе қосып әрекет еткен. Әділ Сұлтанбекұлы Хорезмнен кейін Жызақ облыстық сотының төрағалығына ауыстырылады. Аталған облыста қызмет еткен кезінде де әділдігімен аты шығып, ел арасында зор құрметке бөленген.

Ауылдастары оның ат бәй­гесіне, ұлттық ойындарды на­сихаттауға да ерекше қызығу­шы­лық танытқанын айтады. Мал бағып өскен бала ғой, ат ұстап, көкпар шауып, «Әділдің сары аты» деген атын көкпарға қосқан екен. Ташкентті қазаққа қайтарамын деп тынымсыз жаза берген соң, Жызақ облысы сот төрағалығынан шеттетіп, «Мақтаарал дайындау» мекемесіне басшылыққа жібереді. 1937 жылы одан да түсіріп, «халық жауы» деп қудалап, қамауға алады. НКВД-ның үштігі ұзақ ұстауға қорқып, «сауатты, орысша-қазақша таза жаза да, сөйлей де біледі, өзі заңгер, заңды жақсы меңгерген. Босап кетер болса, басымызға бәле болады», деп атуға үкім шыға­рып, отбасы, туысқандарымен қоштасуға да мұрша бермей, ертесіне аттырып жібереді. Әдетте атуға үкім шыққан соң отбасы, туыс­қандарымен қоштасуға он-он екі күн рұқсат береді екен. 1962 жылы Мақтаарал, Киров, Жетісай аудандары он жылға Өзбекстанға жалға берілуіне байланысты 1964 жылы Өзбек КСР-інің прокуратурасы Әділ Сұлтанбекұлын ақтап газетке шығарды. Бірақ өкінішке қарай, ол күндерді көру бақыты оған бұйырмапты. Есімі ескерусіз қалып бара жатқан тұлғаның рухына тағзым ете отырып, оның есімін жаңғыртып қоюды жөн көрдік. Солардың аттарын елге дәріптеп, жаңғыртып, ауылға, мектепке, көшеге берсек, келешек ұрпаққа көрсеткен өнегеміз болар еді.

 

Камалбек ОРТАЕВ,

Журналистер одағының мүшесі