• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Театр 24 Қаңтар, 2024

«Ең әдемі келіншек» көрерменге ой салды

9145 рет
көрсетілді

Махаббатта жолы болмаған Гүлбаршын бұл жолы да бақытын жолықтыра қоймады. Бәлкім, теңі жас та болса Абдолла ма еді? Облыстық драма театрдағы «Ең әдемі келіншек» лирикалық драмасының премьерасынан шыққан көрермен ой үстінде тарқасқандай.

Атауы тартымды болды ма, күннің аязына қарамастан, нөпір халық театрды бетке алды. Киім ілгішке ұзын-сонар кезекке тұрды. Тамыр-таныстар арқа-жарқа сәлемдесіп, бір-бірін демеп, көрермен залына өтіп жатты.

Шымылдық түрілді. Шағын бөлме. Терезенің арғы жағынан қаланың шамдары жымыңдайды. Аппақ дөңгелек үстелдің ортасында графинде су мөлдіреп тұр. Бөлменің кіреберіс бұрышында үш жақты айна. Айна алдында бұрамалы сары телефон. Қос қабырғада қос диван. Бірінде гитара сүйеулі тұр... Кеңестік кездің атмосферасын сезіндірген театр суретшілерінің шеберлігі ғой бұл.

Бүйір жақтағы есіктен чемодан көтер­ген қызыл көйлекті, қыпша бел келіншек кірді. Төгілген толқынды қара шаштары иығын жабады. Көрермен жалт қарасты. Келіншектің де мөлдіреген бота көз­дері жан-жаққа жалтақтай қарайды. Әдемі әуен, әдемі келіншек... Сұлтанәлі Бал­ғабаев жазған «Ең әдемі келіншек» дегені осы болса керек.

Бөлмеге ене сала «жатақхана ма» деп, менсінбеген сыңай танытты. Көк чемоданын диванға қоя сала сары телефонды бұрап-бұрап жіберіп, құрбысына соқты. Алматыға келгенін айтып, мәз болысты. Иә, Гүлбаршын группаластарымен кездесуге сонау Оралдан келген еді. Оқу бітіргендеріне он жыл болыпты. Телефонды қоя бере есіне Алтай түсті. Онымен де бірге оқыған. Сәл ойланып барып, оған да қоңырау шалды. Арғы жақтан телефон тұтқасын басқа біреу көтерді. Гүлбаршын сыпайы ғана телефонға Алтайды шақыртып, қысқа сөйлесті. Тегі екеуінің арасында жылт еткен сезім болған секілді. Көп ұзамай бөлмеге сұңғақ бойлы, келбетті жігіт кіріп келмесі бар ма?! Екеуі менің бөлмем деп, сенің бөлмең деп, шекісіп алды. Сөйтсе, қыз шатасып кіріп кеткенге ұқсайды. Сонда да жастау жігітке бет бақтырмай жуынатын бөлмеге беттеген. Жас жігіт Аб­долла гитарасын құшақтап, диванға жай­ғаса бергені сол еді, аласа бойлы ер адам алшаң басып кіріп келіп, әй-шәй жоқ, Гүлбаршын қайда деп, гүжілдеді. Әуелде сасып қалған Абдолла жинақтала қалып, араққа сылқия тойған ер адамды бөлмеден шығарып жібереді. Артынша Гүлбаршынның группалас екі қызы келіп, мәз-мейрам болып құшақтасады. Қызыл көйлекті әдемі келіншек құрбыларына Абдолланы күйеуім деп таныстырады. Шоқ гүлін алып, Алтай да жеткен. Сол екі ортада аласа бойлы маскүнем еркек те қайта бас көрсетеді. Ол Гүлбаршынның бұрынғы күйеуі Жиенбек еді. Кешкісін Абдолла қазіргі күйеуі ретінде группалас­тар кездесуіне барып, ән салды, көңілді кеш өткізді. Осы тұста әртістердің әншілік қыры да көрінген.

Сөйтіп ырду-дырду кештен шыққан группаластар күндіз Медеуге шығып, суретке түсетін болып келіскен. Жиенбай, одан Алтай келіп, Гүлбаршынның көңі­ліне кірбің түсіргені болмаса, Алатау бау­райына серуендеп те қайтар еді. Жиен­байдан қайыр жоқ. Алтай көңіл білдіргісі келгенімен, әйелінен ажыраспайды. Тағ­дырына риза болмаған Гүлбаршын «бесінші қабаттан секіріп кетсем бе» деп те күбірлеген. Оған басу айтқан құр­былары «біреудің жазғы ас үйін жалдап та күнелттік, жетісіп жүрген біреуіміз жоқ» деп мысалдаған. Алғаш танысқанда шекісіп қалған Абдолла да Гүлбаршынға сезімі бар екенін айтып, мекенжайын сұраған. Бірақ қызыл көйлекті әдемі келін­шек тым жас деді ме, мекенжайын бергісі келмеген. Үнсіз ғана есіктен шығып бара жатты...

Жабылған шымылдық қайта түрілді. Көңілді әуенмен рөлдегі актерлер қол ұстаса, бір-бірін демей сахнаға шықты, көрермен алдында иіліп сан мәрте алғыс айтты, құрмет көрсетті. Әсіресе Гүл­бар­шынның рөліндегі Гульвира Әбі­кенқызы мен Жиенбайды ойнаған Мирас Разханов шыққанда көрермен қиқу қоса қол соқты.

Гүлбаршынның махаббатына нүкте қойылған жоқ. Мүмкін Жиенбайға қайтып барды ма? Әлде Абдолла ауылына іздеп шықты ма? Қойылымнан шыға сала көрерменнің де пікірін тыңдағанбыз.

– Иә, қоғамда мұндай проблемалар бар. Бірақ кез келген мәселеде, қарым-қатынаста ашық әңгіме болуы керек. Әңгіме соңында сұрақ белгісін, көп нүк­те қойып кетуге болмайды. Нүктесі қойылмаған қатынас қайта орала береді. Кездеспегелі он жыл өткен группаластар ара­сын­да да ескі әңгіме қайта қозғалды. Жалпы, қазақ деген бір ауыз сөзден көңілі қалған, бір ауыз сөзге тоқтаған, бір ауыз сөзбен түйін түйген халық қой. Бұл жерде сол бір ауыз сөздің жоқтығы қылаң берді. Енді оқиғаны көрермен өзінше өрбітеді. Гүлбаршынның бақытын табу көрерменнің, оқырманның еншісінде, – деді театрдың тұрақты көрермені Ақмарал Ермек.

Жалпы, қандай шығарма бол­масын, көрерменге, иә болмаса оқырманға айтар ойы, мақсаты, тіпті тәр­бие­лік мәні болады емес пе?! Ал «Ең әдемі келін­шек» спектаклінің қою­шы-режиссері Қайрат Мұ­қышев көрерменге не дегісі келді? Жалпы, қойы­лым­ның мақсаты қандай еді?

– Шығарма кеңес үкі­меті тұсында жазыл­ғанымен, тақырып әлі күнге дейін маңыздылығын жой­маған. Қашанда әйел адамның тағдыры өте ауыр. Мәселен, қойы­лым­да үш құрбының да өз трагедиялары бар. Оны монологтарында айтады да. Сахнада алты әртіс ойнаса, әр­қайсысының мінез-құлықтары әр түрлі. Ал финалда Гүлбаршын кетіп бара жатып, Абдоллаға бір қарайды. Демек сезімі жоқ емес. Десе де, соңғы түйінді көрерменге қалдырдық, – дейді қоюшы-режиссері Қайрат Мұқышев.

Көрермен көңілінен шыққан бұл қойылымның дайындығына бір ай уақыт кеткен. Қайрат Мұқышевтың алғашқы режиссерлік жұмысы. Актер ретінде Ерсайын Тәпенов, Батырбек Шамбетов, Дина Жұмабай сынды белгілі режиссерлермен жұмыс істей жүріп, әрбіреуінен сабақ ала жүрген. Тәжірибе жинақтап, толысып барып, өзі де режиссерлікке қадам басты. Мұнымен тоқтамай, әлі де сахнаға елді елең еткізетін тың дүние алып шығары сөзсіз.

 

Өскемен