23 қаңтар күні сағат таңғы 05:30 шамасында Қызылорда қалалық полиция басқармасы патрульдік полиция қызметкерлері Қорқыт ата көшесінің бойында жүргізушісі жол белгілері талаптарын сақтамаған Volkswagen Touareg маркалы автокөлігін тоқтатпақ болған.
Бірақ талапқа бағынбаған жүргізуші көлікті Қарауылтөбе ауылына қарай бұрып, күріштік алқабына түседі. Тосқауыл жасауға көмекке келген полиция нарядының қызметкері құйғытқан көліктің алдынан жаяу шығып тоқтатпақ болғанда жүргізуші заңды талапқа бағынбай, полиция қызметкерін қағып өтіп, оқиға орнынан бой тасалайды. Дер кезінде «Тосқауыл» арнайы жоспары енгізіліп, 32 жастағы күдікті ұсталды. Оның орта дәрежелі масаң екендігі де анықталды. Өзі уақытша ұстау изоляторына қамаққа алынса, автокөлігі айыптұраққа қойылды.
Қазір билік өкіліне қатысты күш қолдану дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп жатыр.