Алтайдың қойнауындағы орта мектепке сонау Американың ұстаздары сабақ беруге келген. Шығыстың қиырындағы ауылға қайдан тап болды дейміз ғой. Сөйтсек, Катонқарағай ауылындағы С.Ластаев атындағы орта мектеп ұжымы АҚШ-тың Массачусетс технологиялық институтының «Global Teaching Labs» атты бағдарламасына қатысуға ниет білдіріп, көп ұзамай аталған институттың екі үздік студенті Александр Эдуард Шерстнев пен Ханна Парк «Ауыл мектебі» жобасы аясындағы бағдарлама бойынша мектепке келіп, дәріс бере бастаған.
Айта кетейік, «Ауыл мектебі Powered by NIS» жобасының қатысушысы – С.Ластаев атындағы орта мектебі бұл бағдарламаға енген ауыл мектептерінің ішіндегі әзірге алғашқы білім ұясы. «Global Teaching Labs» бағдарламасы аясында Массачусетс институтының алдыңғы қатарлы студенттері жыл сайын Еуразия елдеріндегі мектептерден іс-тәжірибеден өтуге аттанады. 9 қаңтардан Массачусетс технологиялық институтының екі үздік студенті С.Ластаев атындағы орта мектепке келген. Америкалық студенттердің жоспарында оқушыларға белгіленген пәндер бойынша сабақ беру ғана емес, олармен және ұстаздар ұжымымен бағдарламалау негізінде топтық жұмыс жүргізу де бар. Қос студент Катонқарағай ауылындағы мектепте бір айға жуық бағдарламалау, физика, ағылшын және ақпараттық технологиядан сабақ береді.
– Мен екінші, Ханна үшінші курста оқимыз. Негізгі мамандығым – физика пәнінің мұғалімі. Досым Ханна болса, компьютерлік дизайн бойынша білім алып жатыр. Бұл біздің «Global Teaching Labs» бағдарламасы аясында өзге елге жасаған алғашқы сапарымыз. Аталған бағдарламаға қатысуға өзіміз ниет білдірдік. Қазақстан туралы осы уақытқа дейін сырттай ғана біліп келдік. Университетте оқитын Қазақстаннан келген құрбы, достарымыз да жоқ емес. Сондықтан болар осы елге қызығушылығымыз ауып тұрды, – дейді Александр Эдуард Шерстнев.
Оларды Астананың әуежайына түсе салысымен Білім беруді тұрақты дамыту қорындағы достары құшақ жая қарсы алып, қонақжайлылық танытқан. Ертесінде Өскеменге, одан әрі Катонқарағай ауылына жеткен. С.Ластаев мектебіне келгендегі мақсаттары – өздерінің білімін, қарым-қабілеттерін мұндағы оқушыларға үйрету, солармен бөлісу, ағылшын тіліне деген қызығушылықтарын арттыру. Ең бастысы, мектеп оқушыларының білімге деген ынталарын арттырғысы келеді.
– Оқушыларға әлемнің үлкен әрі таңғажайып екенін, олар өз мүмкіндіктерін барынша пайдаланып, жарқын жетістіктерге жете алатынын айтқымыз келеді. Бәрі де өздерінің қолында. Ол үшін қазір барлық жағдай мен мүмкіндік жетерлік, – дейді Александр Эдуард Шерстнев.
Шетелдік студенттер өздеріне жүктелген пән сабақтарын ағылшын және орыс тілдерінде жүргізеді. Негізгі сабақтардан бөлек, Александр мен Ханна мектеп ішінде ұйымдастырылатын дебат, пікірталас алаңдары, дөңгелек үстел сияқты іс-шараларға қатысып, оқушылармен тілдік қарым-қатынас орнатып жүр. Мектеп шәкірттері де америкалық студенттердің сабақтарына қызығушылық танытып, ағылшын тілін меңгерудегі тәжірибелерін арттырып келеді.
Әмбеге таныстыра кетейік, Александр мен Ханна Солтүстік Американың Калифорния штатында туып-өскен. Александрдың ұлты – орыс, Ханна – корей қызы. Александрдың әкесі Ресейдің Челябі қаласында туған екен. Айтуынша, Қазақстанда бұған дейін өзі болып көрмесе де, туыстарының кейбірі осында әлі күнге дейін тұрады.
– Мектеп оқушыларының қазірдің өзінде ағылшын тіліне деген қызығушылықтары жоғары. Сабақта пікір алмасамыз, әңгімелесеміз. Өзіміз де олардан қазақ тілін үйреніп жүрміз. Қазірдің өзінде «Ас болсын», «Сау болыңыз», «Сәлеметсіз бе?» деген сынды сөздерді үйреніп алдық. Ауылдың балалары жан-жақты, білімді екеніне көзіміз жетіп отыр. Бұл бізді қатты қуантады. Бұдан кейін де біз катонқарағайлық оқушылармен және ұстаздармен үнемі байланыста боламыз, – дейді Ханна Парк.
Американың студенттері Алтайға келгендеріне шын қуанышты. Мұндай сұлу табиғатты көрудің өзі бақыт деседі. Баса айта кетерлігі, С.Ластаев мектебі Білім беруді тұрақты дамыту қоры мен «Назарбаев зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының «Ауыл мектебі» бірлескен жобасына қатысып отырғанына биыл бесінші жыл. 2019 жылы «Айтас» холдингінің қолдауымен бұл мектептің білім беру кабинеттері жаңартылған болатын.
Шығыс Қазақстан облысы,
Катонқарағай ауданы