Еуропалық парламент қабылдаған қарарда қарт құрлықтың Орталық Азияға қатысты дипломатиялық стратегиясын қайта жоспарлау жөнінде айтылған. Жаһандық ірі өзгерістер кезеңінде аталған аймақтағы елдермен қарым-қатынасты тереңдету үшін Еуропаның бетке ұстайтын демократия талаптарын өзгертуге тура келеді.
Орталық Азиямен қарым-қатынас бағыты
Тарқатып айтсақ, 17 қаңтарда Еуропалық парламент Еуропалық одақтың Орталық Азияға қатысты стратегиясы жөніндегі қарарды жұмысқа алды. Халықаралық істер жөніндегі комитет дайындаған мәтінде ЕО-ның аймаққа міндеттемесін күшейту, өңірлік ынтымақтастықты ынталандыру, адам құқықтары секілді демократиялық құндылықтарды қорғау және екіжақты сауданы қолдаудың маңызы сөз болған.
Баяндаманы әзірлеушілер аталған өңірде еуропалық қарым-қатынастың күшеюі қазіргідей геосаяси ахуал күрделі кезеңде күн тәртібінде тұрғанына тоқталады. Атап айтқанда, Украинадағы соғыс және Ауғанстанда «Талибанның» билікке қайта оралуы, сондай-ақ 2022 жылы Орталық Азия елдерінде – Қазақстанның ірі қалаларындағы, Таулы Бадахшан және Қарақалпақстан секілді автономиялық аймақтарда орын алған наразылық шерулеріне мән беріледі.
Еуропалық комиссияның Сыртқы істер және қауіпсіздік жөніндегі өкілі Питер Станоның пайымдауынша, 2019 жылы Стратегия қабылданғаннан бері Орталық Азиямен қарым-қатынастар тереңдей түсті.
Ол Стратегия шеңберінде қол жеткізілген нәтижелер шынымен де құжаттың негіздемесін және өркендеуге, тұрақтылыққа және аймақаралық ынтымақтастыққа ұмтылу секілді үш басымдығын көрсететінін алға тартады. Осындай жетістіктер 23 қазанда Люксембургте еуропалық көшбасшылар мен Орталық Азия елдерінің сыртқы істер министрлерінің кездесуінен кейін Еуропалық одақ пен Орталық Азия арасындағы байланысты нығайтуға арналған жаңа Жол картасының қабылдануына ықпал етті.
Бұл жаһандық стратегияда жаңа келісімдер мен бастамалар қамтылған. «2024 жылдың 29 және 30 қаңтарда өткен Тұрақты көлік байланысы жөніндегі Global Gateway» инвесторларының форумы секілді іс-шаралар аймақаралық байланысты нығайтуға бағытталған», дейді Питер Стано.
Өңірлік ерекшелікті ескеру
Еуропалық одақтың Орталық Азия жөніндегі стратегиясы аймақтық ерекшелікке мән береді. Дегенмен Жол картасында өңірдегі бес мемлекетпен екіжақты қарым-қатынасты нығайту да ескерілген. Әсіресе, Қытайға бәсекелестігіне қарсы тұру мәселесі қозғалған.
Украинадағы соғыс Орталық Азия мемлекеттерін Ресейден алшақтауына итермеледі. Енді, босаған осы орынды Қытай алып, энергетика саласына ауқымды инвестиция құйып, көлік байланысын арттыруға мүдделі. Бірқатар келісімге қол қойылды. Мәселен, Қазақстан 2020 жылы Кеңейтілген әріптестік пен ынтымақтастық туралы келісім қабылданды. Өзбекстан, Қырғызстан және Тәжікстанмен ынтымақтастық бұрынғы Серіктестік және ынтымақтастық туралы келісімдерге негізделген. Дегенмен қазіргі таңда жаңа серіктестік және ынтымақтастық келісімі туралы келіссөздер жүргізіліп жатыр. Түрікменстанмен қарым-қатынас 2010 жылы күшіне енді. Құжатты Еуропалық парламент ратификациялауы қажет.
Питер Станоның айтуынша, қазіргі жаһандық шектеулер мен Ресейдің Украинадағы заңсыз соғысы нәтижесінде туындаған геосаяси жағдай Орталық Азиямен қарым-қатынастың маңызын күшейтеді. Өңірде Еуропалық одақтың белсенді әрекет ете бастауы бұған дәлел.
Адам құқының маңызы
Еуропалық одақ Орталық Азиямен қарым-қатынасы нығайып жатқанымен, аймақтағы адам құқықтарының жағдайы алаңдаушылық туғызып отыр. Стратегиялық есепке дауыс берген күннің ертеңіне Тәжікстандағы бұқаралық ақпарат құралдарына жасалған мемлекеттік репрессияны, журналистерді негізсіз түрмеге жабуды және цензураны айыптайтын мәтін жұмысқа алынды.
Бұған дейін Еуропалық парламент басқа да Орталық Азиядағы мемлекеттерге қатысты осындай қарар қабылдаған. Атап айтсақ, былтыр қазанда Өзбекстанға, шілдеде Қырғызстанға, 2021 және 2022 жылы Қазақстанға ескерту жасаған еді.
Бұған дейінгі декларациялардағы секілді 17 қаңтардағы қарарда Орталық Азияда демократиялық басқаруға, заң үстемдігіне және адам құқықтарын қорғауға қатысты негізгі кемшіліктері әлі де сақталып тұрғанына, кейінгі кездері нашарлап кеткеніне назар аударылған.
Мұндай пікір Еуропалық одақтың дипломатиялық стратегиясында кездесетін қиындықтарды анық көрсетеді. Еуропалық парламент депутаттары Еуропалық комиссияны Жалпы преференциялар жүйесі плюс (GSP+) өтінімін бағалау кезінде және кеңейтілген әріптестік пен ынтымақтастық туралы жаңа келісім бойынша келіссөздер кезінде осы жағдайды ескеруге шақырады.
Сыртқы саясат ұстыны
Питер Станоның айтуынша, адам құқықтары мен негізгі бостандықтарын құрметтеу – еуропалық сыртқы саясаттың ұстыны ретіндегі негізгі қағида. Бұл серіктестік туралы қолданыстағы келісімдерде көрініс тапқан. Осы құндылықтарды құрметтеуге назар аударатындықтан, Еуропалық парламент Тәжікстанмен Серіктестік және ынтымақтастық туралы келісімді қабылдаған жоқ.
Осы орайда, Еуропалық одақ өңірдегі әріптестерімен бірге адам құқығын ілгерілету жөнінде келіссөздер өткізетінін айта кеткен жөн. Осыған байланысты Еуропалық парламент депутаттары Еуропалық комиссияны визаны жеңілдету туралы келісімдер жасауға дайындық барысында Орталық Азия мемлекеттеріне қатысты мақсатты және жан-жақты реформалық бағдарламалар әзірлеу бойынша консультацияларды жандандыруға шақырады.