Отандық «Beksar» стартапы 305 мың доллар инвестиция тартты. Сауда дүкендерін автоматтандырумен айналысатын жоба 4,8 млн долларға бағаланып отыр.
Цифрландыру жүйесінің қарқынды күш алуы еліміздің экономикалық әлеуетін арттыратыны анық. Бұл ретте жергілікті стартаптар жоғары деңгейдегі белсенділігі мен нарықта көрсеткен сауаттылығы арқылы жақсы нәтижеге қол жеткізіп те үлгерді. Солардың бірі – «MOST Investment Readiness Accelerator» бағдарламасының түлегі «Beksar» стартапы. Жергілікті инвесторлардың назарына іліккен стартапқа белгілі инвестор әрі кәсіпкер Мұрат Әбдірахманов 150 мың доллар инвестиция салды. Ал «MOST Ventures» қоры 105 мың доллар қаржы құйды. Бұл қатарға инвестор Эльдар Төлеш те қосылып, стартаптың капиталына 50 мың доллар қосты.
– Мен Мақсат Бектібаевты алғаш рет «Digital Bridge» форумындағы стартап «шайқасының» финалында көрдім. Маған жоба да, оның негізін қалаушы да ұнады. «Beksar» ұжымы нарықтағы кемшіліктердің шешімін қарастырып жатыр. Форумнан кейін олардың сайтын қарап, өзім ұсыныспен шықтым. Бұл инвестиция Орталық Азияның негізгі құрылтайшыларына қолдау көрсету стратегиясына да сәйкес келеді, – дейді Мұрат Әбдірахманов.
«Beksar» – шағын және орта бизнестің үдерістерін автоматтандыруға арналған жоба. Стартап клиенттерінің қатарында сауда дүкендері, ондаған филиалдары бар сауда желілері бар. Бағдарламада касса, аналитика, қойма есебі секілді жүйелер қамтылған. Технология маркетинг құралдарын пайдалануға мүмкіндік береді. «Қазақстанда 150 мыңнан аса шағын және орта бизнес субъектісі бар екенін ескерсек, бұл салалардағы автоматтандырудың маңыздылығы мен қажеттілігі бұрынғыдан да өзекті болып отыр. «Beksar»-ға салған инвестициямыз сауда нысандарының ағымдағы трендтері мен нарықтың өсу әлеуеті туралы түсінігімізді көрсетеді. Стартап операциялық тиімділікті арттыруға және ақылды автоматтандыру арқылы шығындарды азайтуға бағытталған офлайн сауда үшін негізгі шешімді ұсынады. Біз жетілген әрі масштабтауға әзір стартаптар командасына сенеміз, – дейді «MOST Ventures» қорының басқарушы серіктесі Әлім Хамитов.
Жобаның негізін қалаған Мақсат Бектібаев қазірдің өзінде ел бойынша 2700-ден аса дүкен жобаға қосылғанын айтты. «Біз сауда индустриясынан шықтық. Жеке сауда дүкендеріміз бар және дүкен иелерінде кездесетін проблемаларды жақсы білеміз. Біздің өнім кәсіпкерлер үшін қиындықты шеше алады және бұған кәсіби венчурлық капиталистер назар аударғанына қуаныштымыз. Жобаны одан әрі кеңейту және жетілдіру жоспары да бар. «HoReCa» үшін шешімді бейімдеуді ойластырып жатырмыз», деді ол.
Қысқасы, «Beksar» стартапының сауда нысандары үшін әкелген пайдасы зор. Сондай-ақ цифрландыру жолында сауда орындарындағы жеңілдік жүйесі, касса орындары, арнайы төлем секілді үдерістерді бір бағытта жинап, белгілі бір тетікті басу арқылы нәтижеге қол жеткізуді көздеді. Қазіргі таңда бұл жүзеге асырылған дүние. «Beksar» жүйесі технологиялық автоматтандыру, нарықтағы белсенділік, инвестиция тарту сынды факторларды топтастыра отырып, көздеген мақсатқа қол жеткізіп келеді. Бұл жобаны сенімділігі аса жоғары және болашағы жарқын стартаптар қатарына жатқыза аламыз.
Нұрдәулет КӘРІБАЙ,
Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің 2-курс студенті