Тарих ақиқат жағында дүр. Оны бұрмаламақ ниеттілер Алтын Орда тарихын бізден тыс қарауға талпынды. Алайда жалғандықта жанды өмір болмасы анық. Араб тарихшысы әл-Омари ежелгі Ордамыз хақында: «Ертеден бұл қыпшақтар елі болатын. Кейін татарлар қыпшақтармен араласып, туыстасып кетті» деп жазады. Қыпшақ елінің тағы бір дәлелі, оның оғыз-қыпшақ тілінде жазылған әдебиеті. Хорезмидің «Мұхабатнамасы», Құтбтың «Фархад-Шырыны», Дүрбектің «Жүсіп-Зылиқасы».
Алтын Орда әдебиетінің алысқа даңқы кеткен айдарлы туындысының бірі – «Сухейл мен Гүлдірсін». Ақын Сайф Сарай Арал маңындағы Кердері жерінде туып-өседі. Ес жиып, ер жеткен шағы Ордада «ұлы төңкеріс» басталған мерзімге тұс келеді. «Нар мойыны Бердібекте кесіліп», Бердібек ханнан соңғы 20 жылда 16 хан таққа отырып, ішкі алауыздық өрт тиген қурайдай қаулап өсті. Осы уақытта Мысырдағы қыпшақ тілді мәмлүктер ақын-жазушыларға кеңінен құрмет көрсетіп, мұсылмандық Андалуси, солтүстік Африкадан келген өнер саңлақтарына есік ашты. Мұны білген бір топ Алтынордалық шайыр мен ғалымдар қандас бауырларына сапарлап, бес мың жылдық тарихы бар қарт шаһарға қоныс аударды. Соның бірі – Сайф Сарай еді.
Қалай десек те, ақын өз тамырының жемісі. Сайф Сарай да үнемі ел жаққа елеңдеп, мысырлық Тутанхамон мен Рамзестің ерлігін емес, Сырдария мен Ніл өзені арасында «Түркі тіліндегі Гүлістан» еңбегін дүниеге әкелді. Ал «Сухейл мен Гүлдүрсін» атты дастанда аты шулы Әмір-Темірдің қызы Гүлдірсін мен алтынордалық Тоқтамыстың ұлы Суйхелдің трагедиялық махаббаты баяндалады.
Темірлан Хорезмге қармақ салды,
Құйындай «Үргеніш!» деп алға аттанды.
У да шу, айғай-сүрең, бәрі осында,
Қан ақты құрыш майдан арасында.
Тоқтамыс төсеп жанын, ел қорыды,
Сілкінді күңіреніп жер қабірі.
Сухейл торға түсті, жау қолына,
Кім төзбес Тәңірінің салғанына?
Сонымен, бұйра шашы шекесіне төгілген, сөзі мір, тумысы ер, өз ойынан басқа ғажапты көзі көрмес, назға оранған жаны еш жұбанбас ер Сухейл зынданға түседі. Алаулаған рухына тар зындан қастық қыла алмай, өршеленіп, аспанда айналған ай мен жұлдызға қарап іштен тынады. Бірде талып кетіп таң-тамаша түс көреді, түсінде шуақты іс көреді. Түсінде ажары асқан сұлу, әлдебір пері қызы сайранбақтан гүл жинап жүр екен. Естен танған Сухейл «Барлық бақ гүлінен де көркем сен емессің бе, о ғажап ханша? Кімсің сен? Адамсың ба, жынсың ба? Есімің кім, неге көз алдымда күндей жарқ еттің?» дейді аласұрып. Сиқырлы сұлу есі кеткен жігітке емінбей, жалт етіп жоқ болады. Сухейл соңынан еріп, айлы патшалыққа жете бере ұйқысынан оянып, зындан түбіне қайта құлайды.
Сонымен, дастанда келгендей қатулы қағанның жаны жарық бұлақтай, жүз айдың сәулесін бойына жиған Гүлдірсін есімді қызы бақ аралап жүр еді. Бақ жанынан темір құрсанған күзетшілер қол-аяғы шынжырға оранған Сухейлді алып өтеді. Міне, сонда жас ханшаның жүрегінде ғашықтық оты тұтанып қоя береді.
Көргенде Сухейлді жылы лепті,
Ішінен бір найзағай жүріп өтті.
Айналды сезім жанды, бойды алғандай,
Күн шетін толағай Жер айналғандай.
Елестер ақылына мың бір пайым,
Өзі – раушан, ал, жігіт бұлбұлдайын!
Әлқисса, хаса сұлу «бұлбұл тек еркіндікте ғана шырқамай ма, ол торда қалай ән салмақ?» деп ойлайды. Ақылынан көркі сай ару күзетшіге қолақысын беріп, Сухейлді тағы бір көруді мұрат тұтады. Қараңғы түнді қақ жарып, зынданға енген Гүлдүрсін алып ерге «мен саған өмірімді құрбандыққа әкелдім!» дейді. Ер Сухейл түсінде көрген перизатын өңінде көріп, қаны мен жанын жолына құрбан етуге даяр екенін жеткізеді. Гүлдірсін болса қара түндей еріні дірдектеп, мәңгілік махаббаттың маздақ оты үшін қол ұстасып, бас ауғанға қашуға бейіл танытады. Міне, солайша екі жас Қызылқұмды бетке алып тартып отырады. Жалғыз түйір азық алуды да ұмытқан, сезім көлімен жадыланған екеуге құм мен жел, қарсақ жортпас қалың, түлкі жортпас түлей пана бола ала ма? Тән көлігінің өз заңы бар емес пе? Қажыған Гүлдірсіннің бойынан қайрат етіп, құмға еңкейіп ақырғы демі таусылады... Мұны көрген Сухейл «Сүйгенімсіз өмірдің мәні не?» деп өз-өзіне қанжар сұғып өлім құшады.
Сөнді өмір, көрген түстің көлеміндей,
Баянсыз кер уақыттың дерегіндей.
Бұл өлім салмағы ауыр, зіл батпан-ды,
Өліммен бірге ұлы жұмбақ қалды:
Адал жет ақ сапарға сен де әліңше,
Арсыздық сыбырымен семгеніңше!
Қадірле сүйгеніңді, бер өмірді,
Лайлатпа саяздықпен тереңіңді!
Аяла, сенім мен сыр сазына ора,
Ие бол жүрегінде қазынаға!
Міне, қайғылы махаббат оқиғасына қауыштырған даналық дастанды қал-қадірімізше нәзиралық үлгімен аударуға тырыстық. Түпнұсқасы бұдан он есе, тіпті жүз есе терең, мағыналы екені даусыз.
Айналды сезім жанды, бойды алғандай,
Күн шетін толағай Жер айналғандай.
Жоғарыда келтірген осы бір қос тармақты ғалымдар көріпкелдікке балап, түркі мәдениетінің озық танымы ретінде жарыса жазып келеді. Жер мен күн айналысы туралы Бруно мен Коперниктен 150 жыл бұрын айтып кеткен түркі шайырының сұңғылалығы, жан-жақты білімдарлығы, расында, мақтанарлық.
Араб-парсыланудан аулақ, тұнық қыпшақ тілі мақамымен жазылған төлтума дастан Алтын Орданың заңды мұрагері, ұлы қазақ халқының бай мұрасы, өшпес шежіресі болып қала бермек.