Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылғы «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» Жолдауында: «Жалпыхалықтық референдумда қабылданған конституциялық өзгерістер әділетті Қазақстанның символына айналды. Біз Ата Заңымызда жер мен табиғи ресурстар халықтың меншігі деген басты қағидатты бекіттік. Бұл – құр сөз емес. Бұл – барлық реформаның арқауы. Әрбір отбасы еліміз пайдаланып жатқан ұлттық байлықтың игілігін көруі керек», деген болатын.
Мемлекет басшысының осы пайымы еліміз тәуелсіздік алып, үстіне де, астына да байлық тұнған кең-байтақ жерімізге өзі ие болған кездегі отандастарымыздың «Қатар мемлекетіндегідей бақуатты өмір сүру» жайлы орындалмаған арманын еске түсіріп, жалыны өшіп, бықсыған шоққа айналған үміт отын қайта маздатқаны анық. Ал Президенттің бастамасымен қолға алынған «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы биыл нақты іске асырылып, барлық баланың атына ашылған арнаулы шоттарға қаражат түсе бастағаны шынында да қазыналы қазақ жерінің иесі – халқымыз екендігін айғақтаған маңызды қадам болды.
Осы орайда ойланарлық мәселе де бар. Біздіңше, 2022 жылы болған жалпыхалықтық референдум қорытындысы бойынша Ата Заңымызда жер мен табиғи ресурстар бұрынғыдай мемлекеттің меншігі емес, халықтың меншігі деп жариялануына байланысты қолданыстағы жер заңнамасына өзгерістер енгізілгені жөн. Себебі ата-бабамыздан мирас болып қалған ұлан-ғайыр алқаптарға егін егіп, мал бағып, дастарқанымызды дәмге толтырып отырған асыраушы ауылдағы ағайын әзірге өздерін нағыз жер иелері сезіне қойған жоқ. Оның үстіне, қай өңірде болсын кезінде мемлекет жерін өз меншігіндей көріп, туыс-туғаны мен тамыр-танысына және жең ұшынан жалғасқан пысықайларға молынан алып берген шенеуніктердің озбырлығынан, сондай-ақ талай ауылдың тұрғындарын шартты жер үлестерін пайдалану құқығынсыз қалдырған арсыз кәсіпкерлердің алаяқтығынан туындаған дау-дамай әлі тыйылған жоқ.
Сондай жемқорлар мен алаяқтар, әсіресе демографиялық ахуалы жылдан-жылға нашарлап, көптеген ауылы азып-тозып, тұрғындары басқа жаққа көшіп жатқанымен, түгін тартса майы шығатын құнарлы жері көп Солтүстік Қазақстан облысына қызыл көрген құзғындай қаптап шүйілген тәрізді. Солардың ішінде «Әліби» агрохолдингінің басшылығы бәрінен асып түсіп, Қызылжар өңіріндегі 28 ірі шаруашылыққа шартты жер үлестерін сенімді басқаруға берген 20 мыңдай адамды алдап, тақырға отырғызып кетті. Нақты айтсақ, «Әліби» аса ірі мөлшерде кредит алу мақсатымен заңсыз кепілге қойған ондаған мың гектар жерді пайдалану құқығы кейін ол алған қарызын қайтармағандықтан, екінші деңгейдегі банктердің иелігіне өткен. Осындай топтасып жасаған аса ірі алаяқтығы үшін агрохолдингтің басшылары 2021 жылы сот үкімімен 5 жылдан 9 жылға дейін бас бостандықтарынан айырылды. Ал олардан зардап шеккен ауыл тұрғындары өздерінің жер үлестерін қайтарып алу үшін қазір құқық қорғау органдарына жүгініп, әуре-сарсаңға түсіп жүр.
Бұл ретте Айыртау ауданындағы көршілес Бірлестік, Дәуқара, Егіндіағаш, Қарақамыс, Светлое ауылдарының тұрғындары өздерінің шартты жер үлестерін сенімгерлік басқаруға алған кәсіпкерлердің алаяқтық әрекетін дер кезінде біліп қалғандықтан, оларға қолданыстағы заң аясында қарсылық көрсетіп, өз құқықтарын қорғай алды. Аталған ауылдар тұрғындарының рұқсатын алмай, жалған құжат жасау арқылы жалпы көлемі 42 мың гектар жерді «Аграрлық несие корпорациясы» акционерлік қоғамынан 600 миллион теңге несие алу үшін заңсыз кепілге қойған «Жарқын СҚ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің (ЖШС) басшылары ақыры ұзақ мерзімге сотталып тынды. Үш жылға созылып, Жоғарғы сотқа дейін барған сот үдерісі білек біріктіре білген бес ауыл тұрғындарының жеңісімен аяқталып, жерлері түгел қайтарылды.
Ал Шал ақын ауданындағы Балуан ауылы тұрғындарының жалпы көлемі 4322 гектар шартты жер үлестерін сенімгерлік басқаруға алған фермерлік шаруашылық басшысы да осыдан он жылдан астам уақыт бұрын ауылдастарының келісімін алмай, сол жерді пайдалану құқығын басқа заңды тұлғаға сатып жіберген. Алайда балуандықтар әртүрлі себеппен құқық қорғау органдарына бертінде ғана арызданыпты. Соның салдарынан бір қолдан бір қолға өтіп кеткен жерлерін қолданыстағы заңнама бойынша қайтару қиынға соғып, талай табалдырықты тоздырып жүр. Балуандықтардың өкілдерін облыстың жаңа әкімі Ғауез Нұрмұхамедов жуырда қабылдап, ортақ шағымдарын тыңдаған соң іле сол ауылға әдейілеп барып, тоз-тозы шыққан шағын елді мекенде қалыптасқан жағдайды өз көзімен көріп-біліпті. Содан соң балуандықтар айырылып қалған жерді пайдалану құқығын иеленіп, ауыл маңындағы алқаптарға егін салып жүрген ЖШС басшысына көршілес елді мекендердегі инвесторлар сияқты, жыл сайын жергілікті тұрғындарға пай төлеуді ұсыныпты. Бұл – әділ ұсыныс деп білеміз. Өйткені балуандықтар өздерінің шартты жер үлестерін пайдалану құқығынан заңсыз айырылып қалғанымен, туған ауылдарының маңайындағы жердің бәрі – олардың ата-бабаларынан мирас болған жерлер. Шынтуайтында, Балуан ауылының жері ешкімге сатылған жоқ, оны пайдалану құқығы ғана заңсыз сатылған. Ал Ата Заңға жалпыхалықтық референдум арқылы енгізілген өзгеріс бойынша енді жер иесі – халық болғандықтан, Балуан ауылы жерінің заңды иесі оның тұрғындары болуға тиіс емес пе?
Осы орайда 2003 жылы қабылданған Жер кодексінің 79-бабы инвестор атын жамылған талай алаяқтың көптеген ауыл тұрғынының өздеріне сенімгерлік басқаруға берген жер үлестерін пайдалану құқығын заңсыз кепілге қойып, аса ірі мөлшерде кредит алып, оны қалталарына басуына жол ашып бергенін айтқан жөн. Соның салдарынан алаяқтық жолмен алынған кредит қаржы ұйымдарына қайтарылмай, кепілге салынған жерлерді пайдалану құқығы аукцион арқылы сатылып жатыр. Екінші деңгейдегі банктердің мәліметтеріне қарағанда, өткен жылы жалпы көлемі 4,1 млн гектарға жуық ауыл шаруашылығы мақсатындағы 2 661 жер учаскесін пайдалану құқығы кепілге қойылған. Бұл туралы олардың иелерінің бәрі бірдей білмеуі де мүмкін. Ал осынша жерді кепілге қою арқылы алынған кредиттер бойынша ағымдағы берешек 1 213 млрд теңге болған. Мұның өзі алдағы уақытта жер қатынастары саласында жаңа дау-дамайларға әкеліп соғып жатса, оған таңғалуға болмайды.
Былтыр жер қатынастары саласындағы көкейкесті мәселелермен айналысып жүрген белгілі заңгер, Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек Үкімет пен Бас прокуратураға жолдаған депутаттық сауалында екінші деңгейдегі банктер мен қаржы ұйымдарына ауыл тұрғындарының шартты жер үлестерін пайдалану құқығын кепілге беруге екіжылдық мораторий енгізуді ұсынған екен. Оған Үкімет Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігімен ақылдасып қайтарған ресми жауапта: «Ауыл шаруашылығы өндірушілерінде өтімді кепіл мен өз ақшасының жеткіліксіздігі жағдайында жер учаскелерін кепілге беруге мораторий енгізу ауыл шаруашылығы өндірушілерінің едәуір санының кредиттік ресурстарға қол жетімділігін айтарлықтай шектеуі мүмкін. Бұл ауылдағы айналым қаражатының жетіспеушілігіне және ауыл шаруашылығына жеке инвестициялар ағынының төмендеуіне әкеледі. Осыған байланысты банктерге, оның ішінде шартты жер үлесінен тұратын жер учаскелерін кепілге беруге мораторий енгізуге қолдау көрсетілмейді», делінген.
Сонымен қатар Үкімет жер үлескерлерінің құқықтарын қорғау мақсатында ЖШС-лер басшыларының серіктестікке қатысушыларды шартты жер үлестерінен тұратын жер учаскелерін кепілге беру туралы кемінде 30 күн бұрын міндетті түрде хабардар етуге міндеттеу және тиісті шешім қабылдау үшін олардың 75 пайызының даусы берілуі туралы талапты енгізу сияқты шараларды қарастыру жоспарланып отырғанын мәлімдепті.
Біздің ойымызша, жаңартылған Ата Заңда жер – халықтың меншігі деп көрсетілгендігіне байланысты қолданыстағы заңнамаға ауылдардың тарихи қалыптасқан жері олардың байырғы тұрғындарына тиесілі екендігі туралы өзгеріс енгізу қажет. Сонда жерді пайдалану құқығы қай кәсіпкерге сатылып кетсе де, ол жердің түпкілікті иесі – ауыл тұрғындарына жыл сайынғы табысынан белгілі мөлшерде пай төлейтін болады. Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің Балуан ауылының жерінде егін егіп жүрген ЖШС басшысына айтқан ұсынысы, міне, осы тұрғыдан да қисынды.