• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Сараптама 12 Ақпан, 2024

Қосымша құн салығы төмендетілуге тиіс

461 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысы Үкіметтің кеңейтілген отырысында салық мөлшерлемесін көтеру – панацея емес дегенді айтты. Нақтырақ айтқанда, қосылған құн салығы жөнінде жаңа Үкіметке дейінгі бұрынғы Үкімет те оны біраз айналдырған. Алайда ҚҚС-ны 12 па­йыздан 16 пайызға дейін көтеру керектігі мәселе түйінін тарқатпасы әу баста-ақ белгілі болған. Бұл кәсіпкерлер мен салық төлеушілер арасында да біршама талқыланды.

«Сарапшылар қосылған құн са­лығын көтеру көлеңкелі эко­но­миканың үлесін арттырып, инфляцияның өсуіне әкеп соқ­тыруы ықтимал деп орынды пікір біл­діріп жатыр. Бұл қадам еліміздің инвестициялық тартымдылығына да кері әсер етуі мүмкін. Бұрынғы Үкімет Ұлт­­тық қордан бөлінетін транс­ферттің орнына салықты көте­ріп, қазынаға қосымша қаржы түсіреміз деген уәжді алға тартатын. Жаңа Салық кодексін әзірлеу барысына Мемлекет басшысы ретінде менің көңілім тол­майды», деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев. ҚҚС салығының мөл­шерлемесін көтеру, шынды­ғында салықты төлейтін тіке­лей тұтынушыға қосымша ауырт­­па­лық түсіретіндігі анық. Онда са­лық 4 пайызға көтерілсе, баға да өседі деген сөз. Ал Үкімет бағаны реттеу үшін түрлі әрекеттерге көшуде. Президент бұл мәселені ойланып, әр тұрғыдан салық қатынастарына қатысушылардың ой-пікірлерін тындау керек дейді.

Бизнес субъектілері мен салық агенттерін, яғни кез келген ре­форма салық қатынастары қаты­су­шыларының пікірін ескеру керек деп айтылды. Дамыған көп мемлекетте бұл мәселе бұрыннан талқыдан өтіп, тіпті мінсіз салық жүйелері де болғаны дәлел ретін­де ұсынылады. Қосылған құн са­лы­ғын француздың Морис Лора де­ген ғалымы ойлап тапқан. Еу­ропа мемлекеттері қосылған құн салығын дамыту барысында бір­неше кезендерден өтіп, бү­гін­дері оның мөлшерлемесі де әртүрлі деңгейде. Мәселен, кітап-баспа өнімдері, азық-түлік, дәрі-дәрмек, әлеуметтік маңызы бар тауарларға төмендетілген мөл­шер­леме қойылған. Мемлекет осы мөл­шерлеме арқылы бағаны да ретке келтіріп есептеп отыр деген сөз. Қоғамда соңғы кез­дері әлеу­меттік теңсіздікті жоямыз деп әді­летті қоғамды қалып­тас­ты­ру жайы талқылану үстінде. Кейбір сарапшылар байлыққа салық салынуы керек дегенді айтады. Онымен неге келіспеске? Қосылған құн са­лы­ғын қолдану арқылы атал­ған мәсе­лені шешуге болатыны күмән тудырмайды. Шет мемлекеттерден жеткізілетін қым­бат тауарлар, оның ішін­де кө­ліктер мен зергерлік бұ­йым­дар секілді байлықтың бел­гісін білдіретін тауарларға мем­­лекет жоғарылатылған мөл­шер­лемемен салық салады. Мәселен, Ис­ландияда мұндай тауарларға салық мөлшерлемесі 25 пайызды құрайды. Аталған тауарлардың тізіміне кірмейтін төмендетілген әлеуметтік маңызы бар тауарларға стандарттық мөлшерлеме бекітіліп қойылған. Ита­лияда – 16-18 пайыз. Қазақ­стан­да стандарттық мөлшерлеме ре­тінде 12 пайызбен қалса, қалған әлеуметтік маңызы бар тауар­лардың мөлшерлемесін тө­мендету арқылы бағаны реттеуге болады. Екінші мәселе, әлеу­меттік теңсіздікті жою үшін не істеу керек? Әрине, ха­лықтың әл-ауқатын арттырып, баға­ны тұрақтандыру қажеттілігін айта­мыз. Менің ойымша, еңбек және әлеуметтік қамсыздандыру ми­нистрлігі қазіргі күн көріс дең­гейін бас­қаша қарастыру керек. Әлеу­­мет­тік кодекс қабыл­дан­ды, параметрлер өзгеріп жатыр, ең төменгі жалақы меха­низмі де өзгерді. Салық кодексіне сәйкестендіріп, жасалынуы шарт. Себебі көптеген мемлекетте ең төменгі жалақы мөлшері бізге қарағанда әлдеқайда жоғары.

Біздегі ең төменгі жалақы мөл­шері – 85 мың теңге. Халық қа­лаулылары да сандармен дәлел­деді. Әрине, бір айда 85 мың теңге жалақыға күн көру оңайға соқпайды. Өзін өзі жұмыспен қамтып отырған азаматтарды мазалайтыны да сол. Минералды ресурстарға бай, бүкіл Менделеев кес­тесінің элементтері бар жер қой­науы бола тұра, 20 млн ха­лықтан құралған еліміз үшін қынжылтатын жайт. Мемлекет басшысы халықтың әл-ауқатын жақсартуға байланысты ішкі жалпы өнімді 2029 жылы 450 млрд көтеру керектігін тапсырды. Бұған қол жеткізу үшін әлемге әйгілі экономикалық теорияның классигі Адам Смиттің мінсіз әрі әділ салық жүйесін құруды алға тарту керек. Онда әділдік, ай­қындылық, ынғайлылық пен үнем­ділік туралы салық жүйе­сінің 4 қағидатын атаған. Осы қағидаттарды салық органдары салық жүйесін реформалау кезінде факторларды ескеретін болса, шынымен де әділдікке қол жеткізуге болады. Соңғы кез­дері салық органдары жаппай декларациялауға айрықша кө­ңіл аударып отыр. Биыл жеке кәсіпкерлерге, өткен жылы мек­теп мұғалімдеріне, жалпы бюд­жеттен жалақы алатын бар­­лық мемлекеттік мекеменің қыз­меткерлері жұбайларымен өткізуі керек. Декларациялаудың не­­гізгі мақсаты салық органдары мем­ле­кет­тік көзқарас бо­йынша кө­леңкелі экономиканы төмендету деңгейін, жем­қорлықпен күресу десе, екін­ші жағын да ескерген жөн. Дамыған мемлекеттердің салық жүйе­сін­де декларациялау не үшін ен­гізілген? Мұнда декларация деген сөздің мағынасы әрбір са­лық төлеуші өзінің кірісі мен шы­ғысы тура­лы қо­ғам алдында жариялауға тиіс. Мәселен, біз­дің салық жүйеміздің өзге­ше­лігіне тоқталсақ, жеке табыс салығы деген бар екендігін білеміз. Ол әрбір жұмыс істеуші қызметкер өзінің жалақысынан белгіленген шегерімдерді азайтып тастағаннан кейін он пайыз салық агенттері, яғни жұмыс берушінің есепшісі ұстап қалады және сәйкесінше бюджетке аударады. Сондықтан салықты төлем көзінен төлеп отырған жайымыз бар. Шетелдіктердің са­лық төлеуіндегі өзгешелігі олар төлем көзінен емес, өз беті­мен декларациялау әдісі бо­йынша қоғам алдында есеп беріп жа­риялайды, салық мәдениеті деңгейі өте жоғары. Олар салық төлеу арқылы өз мем­лекеті қолдайтындығын біл­діріп, еш қарсылықсыз төлейді. Бізде керісінше, наразылықтарын білдіріп жатады. Соны түсіндіру керек. Екіншіден, салық төлеуші шетелде өзінің қоғамға қосқан үлесі салығының нәтижесін көре алады. Көбінесе, өзінің тұратын мекенжайына, мәселен абаттандыруға жұмсалады. Ол үшін жергілікті басшысы жауап береді. Бізде сондай жүйеге көшсек, салық түсім­дері дұрыс қол­данар еді. Бұл жөнінде әкім­шіліктен басқа, ха­лық қалау­лылары да сайлаушылар алдында есеп беруге тиіс. Бізде тек тұрғындардан шағым түскен кезінде қозғалатындығы жасырын емес.

Шындығында, мем­лекеттік қызметкер халыққа жақын болуға тиіс. Салық есебінен абаттандырудан өзге, әлеуметтік қор­ғалмаған отбасылардың мәсе­лесін шешу керек. Ол мемле­кеттік қызметкерлер осы салық төлеушілердің арқасында жалақы алып отыр емес пе? Әлі де қа­ғаз жүзінен арылмай келеміз, олардың жұмысы ауданға есеп беру, аудан облыс орталығына есеп берсе бітті.Тек осымен ай­­на­лы­сып жүргені шындық. Бола­шақта әкімдер салық қанша жиналғаны туралы және нақты қайда жұмсалғаны жөнінде есеп беруі қажет. Сонда ғана шетелдегі сияқты салық тө­леуші өзінің төлеген салығының нәтижесін көрсе, наразылығын білдірмес еді. Шетелде прогрессивті мөл­шерлемемен салық салынады.

Тағы бір мәселе, жер қойнауын пай­даланушыларға дамыған мемлекеттерде жоғарылатылған мөл­шер­­­лемелер қолданылады. Бізде салық ауыртпашылығы жер қой­науын пайдаланушыларға онша жоғары емес. Жер қойнауын пай­даланушылар бизнес иелері заңды немесе жеке тұлға болсын жоғары мөлшерлемемен төлесе, байлыққа салынатын салық өзімен теңесер еді. Қарапайым халық Адам Смиттің қағидатын көрер еді. Прогрессивті мөлшерлемені енгізіп, дамыған мемлекеттердегі сияқты белгіленген бір орташадан төмен жалақыға мүлдем салық салуды тоқтату керек. Зейнетақы жарнасын алсын, ме­дициналық әлеуметтік қам­сыз­дан­дыру қо­ры­на алсын, бірақ жеке табыс салығын салмауға да болады емес пе? Мәселен, Жапон елінде біздің ұлттық валютамен шаққанда 489 мың теңге, Германияда 819 еуроға, яғни 400 мың теңгеге дейін жалақы алатындарға салық салынбайды. Сонда біз қаншалықты дең­гейде тұрмыз. Орташадан тө­мен жалақы деңгейінде салық салудың қажеті жоқ. Әділ салық салудың, декларациялаудың не­гізгі мақсаты шетелдің тәжіри­бесін қолдансақ, мәселен Нор­ве­гияда табыс салығының мөлшері 25 па­йыздан 42 пайыздың ара­лығында. Олар оны еш қар­сылықсыз төлейді. Өйткені ертеңгі күніне сенімді. Мемлекет оларға кепіл береді.

Сонымен қатар шет мемлекеттер­де көлік салығы деген атымен жоқ. Жеке және заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлер көлік салығы бойынша есеп бермейді. Олардың көлік салығы жанармайының құ­нына енгізілген механизмі бар. Шын­дығына келгенде заңнамаға сәйкес, біздің мемлекеттік мекемелер көліктері үшін салық төлемейді. Осынысы әділ ме? Олар да жолды қолданады, экологияға зияның тигізіп жатыр емес пе? Аталған мә­селелер жүзеге асса, жаңа Үкімет Прези­денттің алға қойған тапсырмасын мүлтіксіз орындаса және ішкі жалпы өнімді параметрлерге жеткізіп, халықтың әл-ауқатын жақ­сартуда түсіндірме жұмыстар жүргізсе, біздің қоғам шынайы әділ қоғамға беталары сөзсіз.

 

Лутпулла Омарбакиев,

Тұран университеті қаржы кафедрасының профессоры, экономика ғылымдарының докторы

 

АЛМАТЫ