• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Тағзым 13 Ақпан, 2024

Ардагерлер ардақталады

233 рет
көрсетілді

Биыл кеңес әскерлерінің Ауғанстаннан шығарылғанына – 35 жыл. Кеңес әскерлерінің Ауғанстаннан шығарылған күні еліміздің мерекелік күндерінің тізіміне енгізілгені мәлім. Алматыда 15 ақпанға дейін ауған ардагерлеріне 100 мың теңге көлемінде біржолғы материалдық көмек көрсетіледі. Алматыда қазір Ауған соғысының 2389 ардагері тұрады, олардың 1100-і мүгедек.

Ауғанстандағы соғыс ардагерлері мен мү­гедектерін үйлестіру кеңесінің төр­ағасы Мұрат Әбдішүкіров 22 296 отан­дасымыздың Ауған соғысына қатысқанын, 929 адам қаза тауып, 19 адам хабар-ошарсыз кетіп, мыңдаған азамат мүгедек болып оралғанын атап өтті. Бес отандасымызға Кеңес Одағының Батыры, бі­ре­уіне Халық қаһарманы атағы берілсе, екі жа­уынгер «Айбын» орденімен марапатталған.

«Алматы әкімдігі ардагерлерді ұдайы қолдайды. 15 ақпан қарсаңында және 9 мамырға қарай интернационалист жауынгерлер 100 мың теңгеден алады. Ауған соғысының ардагерлері медициналық көрсеткіштері бойынша санато­рий-курорттық ем алуға құқылы. Қазір квота ­жылына 170 жолдамаға дейін ұлғайтылды. Мұның бәрі бізге сол соғыс туралы, жер­лес­теріміз­дің ерлігін ұмытуға құқық бер­мейді. Өз батырла­рын құрметтейтін және мақтан тұта­тын халық – ­ұлы халық», дейді М.Әбдішүкіров.

Атаулы күн қарсаңында Алматыда бір­қатар ауқымды іс-шара өтпек. Атап айт­сақ, 15 ақпан күні 28 гвардияшы-панфи­ловшылар саябағында Ауғанстанда қаза тап­қан алматылықтарды еске алу мақ­сатында «Мәңгілік алау» монументіне гүл шоқта­рын қою рәсімі өтеді. Қаланың барлық ауда­нында интернационалист жауынгерлерге құр­мет көрсетіліп, әскери қоян-қолтық ұрыс шеберлерінің көрме қойылымдары мен әске­ри-патриоттық кон­церті ұйымдастырылмақ. Ал 14 ақпан­да Орталық мемлекеттік музейде мерей­тойлық күнге арналған көрме ашылады.

«Көк байрақ» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Әуез Бейсенбаев, өткізілетін іс-ша­ра­лар жас ұрпақты тарихпен таныстыру үшін қажет екенін атап өтті. Сонымен қатар Алматы қаласының барлық оқу орнын­да жас­тар­дың бойында патриотизм сезімін ояту мақса­тында «Ерлік сабақтары» өткізіле­ді. Ұйым­дастырушылар қала тұрғындары мен қонақ­тарын іс-шараларға белсене қатысу­ға шақырды.

 

АЛМАТЫ