Мұзбалақ ақын Мұқағали Мақатаевтың туған күніне орай ұйымдастырылған «О, махаббат, сен әлі тірі ме едің?» атты әдеби-сазды кеш өлеңсүйер қауымды Майқұдықтың мәдениет үйіне жинады. Жиында ақын Серік Ақсұңқарұлы бастаған қаламгерлер өлең оқып, Арқа ән өнерінің көрнекті өкілдері Мұқағалидың сөзіне жазылған әндерді әуелетті.
Бүгінде Қарағанды қаласы әкімдігінің ақындарға деген қамқорлығы ерек болып тұр. Поэзия кештерінің бірінен соң бірінің дүркіреп өтуіне шаһар билігінің шарапаты зор. Осы бір әдеби-сазды кешті ұйымдастыруға да Қазақстан Жазушылар одағының облыстық филиалына қолдау көрсетті.
Әдеби-сазды кештің шымылдығын Сәкен театрының актерлері түрді. Ақын үнін аңсап келген көрермен Мұқағалидың дәуіріне сапар шекті. Мұзбалақ ақынның өлеңдері оқылды, әндері де өзінің сәнімен тебірене орындалды.
Поэзия кешінде Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың иегері Серік Ақсұңқарұлы, Қойлыбай Асанов, Қайрат Асқар, Ілияс Мұқай, Ерғанат Кеңесбекұлы, Салтанат Смағұлтегі, Сұлтан Дәулетхан, Айнұр Жаппарқұлова секілді ақындар жырдан шашу шашты. Сондай-ақ Ерік Нарын, Әділет Шопен, Кәмшат Хасен, Еркебұлан Елеусізұлы сынды жас буын да көрерменді тәнті етті.
Бұдан соң көпшілік студент жастардың өнерін тамашалады.
Міне, осылай әр буынды жеке-жеке топтастырып, сахнаға шығару арқылы ұйымдастырушылар Қарағандының әдеби ортасын көрсетті.
Ерекше форматтағы әдеби-сазды кешке облыс әкімінің орынбасары Ерлан Құсайын қатысты.
Қарағанды облысы