Еліміз зайырлы мемлекет ретінде қазақ жеріндегі түрлі этностардың еркін өмір сүріп, ділі мен дәстүрін, тілі мен дінін сақтауға еш шектеу қойған емес. Солай бола тұра, объективті жеңіл түсініктерін желіге салып, қоғамдық пікір туғызатын, сол арқылы татулыққа сызат түсіруді көздейтін теріс пиғылдардың әрекеті ара-тұра бой көрсетіп қалады.
Әсіресе, кейінгі уақытта Қазақстан мен Ресей қарым-қатынасына сына қаққысы келетіндер «орыс тіліне қысым көрсетіле бастады» деген негізсіз желеуді алға ұстайтын болған. Этносаралық татулық – қылдай нәзік мәселе. Сондықтан көршілес елдердің достығына нұқсан келтіретін жымысқы әрекеттерге жол беруге болмайды. Қоғам бұл мәселеге зерделі көзқарас, терең пайыммен қарағаны абзал.
Қазақстан халқы Ассамблеясы бұл бағытта этностар достығын дәнекерлейтін маңызды жобаларды қолға алған. Өзге ұлт өкілдері арасында кең сұранысқа ие болған «Үйде сөйле» жобасының негізін қалаушы Александра Мыскина түймедейді түйедей етіп, халықтар достығына күйе жаққысы келетіндерді сынға алды.
– Әлем күн сайын өзгеріп келеді. Ақпараттық майдан қыза түскен. Осыны пайдаланып, қазақ-орыс достығын сынайтындар, әлдеқашан қалыптасқан игі ұстанымдарды аяқасты еткісі келетіндер пайда бола бастады. Қақтығыс тудыратын технологтер тіл тақырыбын өшпенділік тудырудың ең жылдам және тиімді әдістерінің бірі ретінде пайдаланады, көпұлтты елдерде бұл мінсіз жұмыс істейді. Қазақстан-Ресей қарым-қатынасы мәселесінің үнемі күн тәртібінен түспей, кімнің айтқанына қарай достық немесе дау-дамайға айналуының басты себебі – біздің геосаяси ұстанымымыз. Ресей біздің ең жақын көршіміз болды, солай болады да. Әлем картасын ғасырлар бойы, біздің арғы аталарымыз бен олардың арғы аталары жасаған және біздің Ресей Федерациясымен шекаралас болуымыз бекер емес. Сондықтан қазақ-орыс достығын сынау әбестік. Біз басқа құрлыққа көшпейміз, Ресей де көшпейді. Жақын көршімен тығыз қарым-қатынас жасай беруіміз керек. Дипломатия қазақтың қай кезде де мықты тұсы болған, дауды сөзбен шешу өнері бұл өлкеде ғасырлар бойы қалыптасқан үрдіс. Сөз бен әділдіктің күші – талай жанжалдың түйінін тарқатқан Майқы билерден жалғасқан мектеп. Біз бұл дәстүрді жалғастырамыз. Қазақтар ежелден көршіні алыс туыстан да жақын санаған, бұл қағида қазіргі геосаясатта да қолданылады. Арандатушылық дәнегін егіп жатқандар менталитетімізді білмегендіктен, ақпараттық қоқыспен далаға от жағуға болады деп ойлайды. Біле-білгенге бұл ұсақ-түйек мәселе емес. Мұндай уақытша арандатушылықтар дала даналығының алдында дәрменсіз екеніне сенімдімін. ҚХА бастамасымен қазақ тілін үйрену бойынша нәтижелі жұмыс жүргізіліп келеді, этнос өкілдерінің саны күннен-күнге көбейе бастады. Біз қазақ тілін туған жерді сүйгеніміз, құрметтегеніміз үшін үйренеміз. Ал орыс тілі елімізде теперіш көріп жатыр деген сөз мүлде қисынға келмейді, онымен қалаған адам, қалағанынша сөйлеп жүр, – дейді ҚХА мүшесі А.Мыскина.
«Қазақстанды мекендейтін этностардың тіл еркіндігінің сақталуы мен олардың тіл саясатына қатысты кенже қалып жатқан тұстары бар ма?» деген сауалды «Қазақша сөйлейтін клуб» қоғамдық жобасының белсенді мүшесі Ольга Спиринаға жолдадық.
«Бірді-екілі жекелеген адамдардың пікірі қоғамдық ойды білдірмейді. Кім екені белгісіз, бейтаныс адамның пікіріне бола қорытынды жасай алмаймыз. Жеке өз басым мұндай жағдайлардың куәсі болған емеспін. Мені де, ортамды да орыс тілінің кесірінен ешкім қыспаққа алған емес. Мен ғаламтор бетіндегі бейнелерді кездейсоқ көрдім және мұны теріс пиғылдардың жымысқы әрекеті деп бағаладым. Арандатушылар қай кезде де болған және бола береді де. Олардың артында тұрақтылықты шайқау, абыржу туғызу секілді белгілі бір мақсаттардың тұрғанын ұмытпауымыз керек. Арандатушылардың жетегіне еретін болсақ, біз үшін ең қымбат құндылықтан айырылып қалуымыз мүмкін. Бейбітшілік, бірлік, этностардың өзара сыйластығы мен достығы – тұрақты және дамып келе жатқан Қазақстанның негізгі тіректерінің бірі. Оны сақтауға бар күш-жігерін салу – әрбір қазақстандықтың азаматтық борышы. Қолымыздағы игіліктің жойылуына жол бермейік! Бұл тек арандатушылар мен олардың артында тұрғандарға ғана тиімді. Ал тіл мәселесіне қатысты айтарым, әрбір азамат мемлекеттік тілге құрметпен қарауға тиіс. Мен «Қазақша сөйлейтін клуб» қоғамдық жобасына қатысамын. Бұл – тегін сөйлесу клубы. Кездесулерімізде қазақ тілін ойын түрінде үйренеміз. Сабақтардың тұжырымдамасы мен бағдарламасын өзім құрастырдым. Бұрын клуб отырыстары жүйелі түрде өткізілсе, қазір тек сұраныс бойынша. Мен ұйымдарға сабақтар жүргіземін», дейді О.Спирина.
Сарапшы қазақ тіліндегі аула клубтарына қызығушылық артып келе жатқанын, ҚХА-ның жастар қанаты еліміздегі достық пен бірлікті нығайту үшін басқа да бірнеше бастаманы қолға алғанын жеткізді.
ҚХА – 30 жылдан бері ел тұрғындарын ынтымаққа ұйыстыруда маңызды рөл атқарып келе жатқан бірегей ұйым. Ассамблея мүшесі Алина Кан «Сөйле» деп аталған аула клубында азаматтарға қазақ тілін үйретумен айналысып келеді. Бірнеше тілді еркін меңгерген ол мемлекеттік тілге құрмет көрсету әрбір азаматтың пайым-парасатынан хабар береді деп есептейді.
«Қазақстанда қазақ тілі – мемлекеттік тіл, орыс тілі – ұлтаралық қатынас тілі. Қазақстан – 120-дан астам этнос өкілдері тұратын мемлекет. Бір-бірімізбен қазақша да, орысша да сөйлесеміз. Басқа факторлармен қатар, біз ТМД елдерімен орыс тілі арқылы кең ауқымды қарым-қатынас жасайтынымыз анық. Қазіргі уақытта мен – «Алина Канс тіл мектебі» онлайн мектебінің негізін қалаушы әрі дәріскерімін. Қазақ тілінен сабақ беремін. Одан бөлек қоғамдық жұмыстармен айналысып, өзге этнос өкілдері арасында қазақ тілінің қанат жаюына көп үлес қосып келемін. Сонымен қатар «Amanat» партиясының «Жастар рухы» жастар қанатының жанындағы «Сөйле» әңгімелесу клубында замандастарыма қазақ тілін тегін үйретемін. Әлеуметтік желілерде қазақ тілінде танымдық бейнероликтер жүргіземін. Қазақстан халқы Ассамблеясы ұлтаралық қарым-қатынасты нығайту бағытында қыруар іс атқарып келеді. Жыл сайын жүздеген этномәдени іс-шара өткізіледі, оларға белсене қатысып жүрген азамат ретінде ҚХА ел бірлігінің көрсеткіші екенін айтқым келеді, дейді А.Кан.
АЛМАТЫ