Елімізде ауыл шаруашылығында кадр тапшылығы байқалады. Әсіресе техниканың тілін меңгерген маман табу мұң. Тіпті жоғары жалақы ұсынып, тұрғын үймен, әлеуметтік пакетпен қамтамасыз етсе де, жастардың бұл салаға қызығушылығы төмен. Осы мәселені мейлінше реттеуді көздеген елордадағы Назарбаев зияткерлік мектебінің жас зерттеушілері егіннің кез келген шығынын азайта отырып, оны дербес және тиімді басқара алатын ақылды жүйені жасақтап шығарды.
Шамамен 10-15 жыл бұрын елде ауыл шаруашылығы саласын цифрландыру ұғымы жат көрінетін. Саланың толықтай сандық жүйеге өтуі өте тиімді болады дегенге ілуде біреу болмаса, көбі сене бермейтін. Тіпті күнкөрісін байлаған шаруалар да қырын қарағаны белгілі. Алайда араға уақыт салып, жаңа технология қара күштің қуатын азайтты. Қазір бұл бағытта жастардың қолға алған жобалары басым. Соның бірі – жасанды интеллект көмегімен дербес басқаруды және кәсіби мамандарды тартуды көздеген «AgriMo» бастамасы.
– Аграрлық салаға қызығушылық танытатын жастар аз. Бұл саладағы проблеманы одан әрі күрделендіруі мүмкін. Сондықтан мәселені шешу үшін жасанды интеллектіге салмақ салу қажет. «AgriMo» жобасы еліміздегі ірі экономикалық және әлеуметтік мәселелерді шешуге қауқарлы. Өйткені біз ауыл шаруашылығы секторындағы агродрондарды және метеостансаларды жасау арқылы фермалардағы өсімдіктердің ауруларын жойып, оларды автоматты түрде емдейміз. Ол үшін біз жасанды интеллектіні дрондарға қостық. Басқа компанияларға қарағанда, толықтай автономды агродрондарды жасап, олар арқылы өсімдіктерге керекті тыңайтқыштарды береміз. Оған қоса біз метеостансалар арқылы ферма туралы барлық ақпаратты жинақтап, оны шаруаларға жедел жеткізіп, кез келген мүмкін шығындардың алдын аламыз. Біз қазір агродрондарды нөлден бастап әзірлеуге, компьютерлік көру моделін жасауға тыңғылықты кірісіп жатырмыз. Сонымен қатар төтенше жағдайларға арналған дрондарды жасағымыз келеді, – деді «AgriMo» командасының капитаны Әлішер Орынбай.
Жалпы, «AgriMo» жобасы республикалық «Tolyq Adam» байқауында 1-орын, «Industry 4.0 Startup Battle» байқауында 3-орын иеленіп, 3 млн және 5 мың доллар көлемінде сыйақы алды. Сонымен қатар «Samsung» компаниясының демеушілігімен өтетін «Solve for Tomorrow» байқауында үздік жобалар қатарына енген. Өзіміздің «KazRoboProject-2023» байқауында жүлделі 1-орынды қанжығалаған. Халықаралық компьютерлік жобалар байқауы «Infomatrix–Asia 2023»-те де алғашқылардың бірі болған.
– Білім ошағымызда роботтехника үйірмесі жүйелі түрде жұмыс істейді, оқушылардың үйірмеге деген қызығушылықтары жоғары, 7-11 сынып оқушылары ерекше ықылас танытып отырады. Қазіргі таңда ақпараттық технологияға баса назар аударылғандықтан, елімізде осы сала бойынша жарыстар, байқаулар көптеп өткізіліп жатыр. Біз де қатардан қалмауға қамданамыз. Әр жарысқа ілтипатпен дайындаламыз. Негізі бұл топтарға әріптесім Қымбат Дүйсембаева екеуіміз жетекшілік етеміз. «AgriMo» жобасында 16-17 жас аралығындағы оқушылар. Әр оқушының топ мүшесі ретінде де, сонымен қатар жеке де, басқа топ құрамында да өзіндік жетістіктері бар. Бәрі зерек, зияткер балалар. Елінің болашағына Абай сенген кірпіш болатынына сенімдімін, – деді Роботтехника үйірмесінің жетекшісі Алуа Әлиева.
Әлішерден өзге топта Әділет Аусарбек, Айлин Нұрашева, Әлиәмір Құрманғазы, Дания Кенебай және Мәулет Сейітов те бар. Жас зерттеушілер болашағын жасанды интеллект, роботтехникамен байланыстыруды көздеп отыр. Әрі «AgriMo» өнертабысын одан әрі жетілдірмекші.
– Бұл жоба түбінде әлемдегі аштық мәселесін болдырмауға да үлкен үлесін қосатынына сенімдімін. Өйткені оның негізгі мақсаты – шаруашылықтың өнімділігін жаңа технологияларды қолдану арқылы арттыру. Меніңше, алдағы уақытта зиянды жәндіктердің және егін ауруының таралуы тым күрделенуі мүмкін. Бұл мәселені арнайы ұзындықтағы радиация толқындарын жіберу арқылы шешуге болады. Әзірге мен жоғары оқу орындарының деңгейіндегі жасанды интеллект курстарын өтіп, мобильдік қосымша жасаумен айналысып жатырмын. Болашақта «computer science» немесе «machine learning» мамандығын оқып, жаңаша бағыттар іздейміз, – деді Әділет Аусарбек.
Бұдан өзге роботтехника үйірмесінің тағы жас өнертапқышы, 8-сынып оқушылары Таир Тұрсынқан мен Баймұқан Қалиақбар жаһандық түйткілді мәселені шешуге арналған «Ecokeme»-ні ойлап тапқан. Яғни әртүрлі сипаттағы судағы дақтарды кетіруге қабілетті сорғы жасап шығарған.
– «Ecokeme» жобасының мақсаты – мұхиттар мен теңіздердегі ластануды мейлінше азайту. Қазір әлемде теңізге мұнайдың төгілуі мәселесі бар. Мұнай төгілген кезде мұнай дақтары жалпы экологияға өте зиянды. Мәселен, Францияда 1978 жылы 223 мың тонна мұнай суға құйылып, екі мың шаршы шақырым дақ пайда болды. Мұнай Франция жағалауының 360 шақырымына дейін таралды. Салдарынан шамамен 20 мың құс өлді. Кейбір ғалымдардың пікірінше, бұл аймақтағы экологиялық тепе-теңдік (экожүйе) осы уақытқа дейін қалпына келген жоқ. Біздің елде де мұндай мәселе бар. Оның салдарын біз біртіндеп көріп келе жатырмыз. «Ecokeme»-де әртүрлі сипаттағы судағы дақтарды кетіруге қабілетті сорғы бар: мысалы, мұнай дақтары, жануарлар қалдырған биологиялық дақтар. Бір ерекшелігі кеме барлығына танымал күн панельдерінің арқасында жұмыс істейді. Олар желкендер мен қуат көзі рөлін атқарады, тігінен бұрылғанда желкенге айналады және сонымен бірге желкенді қуатпен қамтамасыз етеді. Осылайша, жылдамдықты да, қуатты да арттыруға болады. Қазіргі уақытта мұндай кемелер құрастырылған жоқ, тек прототиптері мен эскиздері ғана бар. Бұл жоба экологиялық әрі қаржылай тұрғыдан да тиімді болатынына сенімдімін, – деді жас өнертапқыш.
Статистиканы бағдарласақ, былтыр қаңтар-маусым айларында теңіз көлігімен жүк тасымалдау көлемі 633,2 мың тонна болып, 2022 жылға салыстырғанда 13,5 пайызға өскен. Дерекке сүйенсек, теңізбен тасымалдау дамып жатыр. Оған қоса өткен жылы Каспий теңізі арқылы бірнеше жобалар бекітіліп, инвестиция көлемі де нақтыланған. Егер экономикалық бастамалардың болашағына алаңдасақ, экологиялық қауіп-қатерді назарға алу қажет. Осы ретте жас зерттеушілердің кемесі апаттық техногендік ластанудан тазартуға көмектесетіні анық.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында жалпы агроөнеркәсіп кешеніне ауқымды реформа жасау қажет деген еді. Осылайша, жаңа технологияларды енгізіп, жерді және басқа ресурстарды ұтымды пайдалануды міндеттеді. Дәл осы мүмкіндікті жастар жасанды интеллектінің көмегімен жүзеге асыруға ерекше мән беріп отыр.