• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Спорт 20 Ақпан, 2024

Бір көшесінен 18 әлем чемпионы шыққан аудан

8472 рет
көрсетілді

Алты құрлық «армрестлинг» деп білетін білектілер бәсекесі қазақтың ұлттық ойыны - қол күрес. Сырттай қара күштің иесі ғана жеңістің тұғырында тұратындай болып көрінетін спорттың бұл түріне интеллект пен икем де керек. Қарсыластың қарымын бағамдау, сайыс барысында тиімді техниканы ұтымды қолдана алу, жеңіске жетелер жаттығу жайын жүйелеу - ақылдың ісі. Білгеніңнен жаңылмай білекті жығу үшін шапшаң қимыл, игерілген икем қажет. Спорттың бар түріндей қол күреске қадам басқандар да шынығып, тынбай тер төгіп, іркелмей іздену арқылы ширығады, деп жазады Egemen.kz.

Армрестлингті айтқанда Шардара ауызға қатар ілігеді. Шалғайда жатқан ауданның абыройын қол күрестен шыққан чемпиондар шарықтатып жүр. «Шардара Армспорт» клубынан 26 жыл ішінде 107 - әлем чемпионы, 31 - Әлем кубогының иегері, 327 - Азия чемпионы топ жарды. Шарболат жігіттердің дүбірлі додаларды дүр сілкіндіруі білікті ұстазға шәкірт болуымен байланысып жатыр. Алматыда тұтанған арман алауы Арман Қарсыбаев ауылына келгенде әсте басылмады. Бастапқыда Арман Романұлының ауласында негізі қаланған қол күрес үйірмесі «Шардара Армспорт» клубына ұласты. Ауладан басталған қызығушылықтың қарқынды дамығанына ауданның 1 көшесінен 18 әлем чемпионы шыққаны айғақ. Жеңімпаздардың қанатын қатайтып, баптаған ұстаздан жаттығу жиындары мен дайындық қалай өтетінін, «Шардара Армспорт» клубының бет алысын сұрадық.

«Бізге жақсы чемпионнан бұрын, жақсы адам шығару маңызды»

- Биыл Шардара Армспорт клубының негізі қаланғанына 26 жыл толды. Осы уақыт аралығында шәкірттеріңіздің бәсі биік 5 бағындырған белесін атаңызшы?

- Иә, биыл «Шардара Армспорт» клубының құрылғанына 26 жыл толып отыр, осы жылдар ішінде жеңіске жеткен әрбір спортшымның бағындырған белесі мен үшін өте үлкен қуаныш. «Шардара Армспорт» клубының негізін 1997 жылдан бастап қаладық. Сол уақыттан бері Қазақстан, Азия және Әлемдік біріншіліктерде ел абыройын қорғап келеміз. Қазіргі уақытта ауданымыздан: 

107 - Әлем чемпионы; 106 - Әлем чемпионатының жүлдегері; 31 - Әлем кубогының иегері; 327 - Азия чемпионы; 75 - Азия кубогының иегері; 500 - Қазақстан чемпионы; 85 - спортшы Халықаралық турнирлердің жеңімпазы; 75 - Қазақстан Республикасының Халықаралық дәрежедегі спорт шебері және 130 - Қазақстан Республикасының спорт шебері шықты. Сондай-ақ 6 бапкер «Қазақстанға еңбегі сіңген жаттықтырушы» және 5 спортшы КР Еңбек сіңірген спорт шебері атанды. Менің ойымша жүлделі жетістік толымды тәрбиеден басталады. Спортта да біз осы ұстанымға жүгінеміз. Өйткені, бізге жақсы чемпионнан бұрын, жақсы адам шығару маңыздырақ. Бос уақытын қол күреске арнап, тер төккен, еңбектен қашпаған әрбір шәкіртімнің көк туды биікте желбіреткен жетістігі мен үшін мәртебе.

- Чемпиондар шеруі тоқтамаған шағын аудан Шардарада жарыстарға дайындық, оқу-жаттығу жиындары қалай өтеді?

- «Шардара Армспорт» клубында оқу-жаттығу жиыны тұрақты түрде өтеді. Спортқа ден қойып, дамытуға мемлекетіміздің спорт саласына көрсеткен қарқынды қолдауы да септесіп тұр. Әрбір жарыс алдында күніне екі рет таңертең және кешкі уақытта оқу-жаттығу жиыны өтеді. Жаттығу барысында спортшылардың уақтылы ұйықтауы, денені шынықтыруы, режиммен тамақтануы сынды факторларға да ерекше мән береміз.

- Чемпиондарды баптайтын бапкерлер туралы айтыңызшы. Олар тәжірибесін қалай шыңдайды?

- Қазіргі таңда клубымызда 30-дан аса жаттықтырушы жұмыс істейді. Оның барлығы бұрын қол күреспен кәсіби айналысқан және әлі күнге дейін халықаралық сайыстарда бақ сынап жүр. Олар өздері де осы спорт түрімен айналысатындықтан тәжірибені алыстан іздемей, бір-бірімізбен ақылдасқан түрде тәжірибені толықтырып, кеңесіп шыңдап отырамыз.

 «Басты бәсекелесіміз – Еуропалық жігіттер»

- Шетелден Шардараға арнайы ат басын бұрып, тәжірибе толыстыруға келетін қол күресшілер көп пе? Басым бөлігі қай елдер?

- Шардарадан чемпиондардың көп шығуы әлем назарын аудармай қоймайды. Сондықтан Шардараға Корея, Малайзия, Польша, Өзбекстан, Хорватия, Франция, Латвия, Америка Құрама Штаттарынан және тағы басқа көптеген мемлекеттен спортшылар келіп, тәжірибе толыстыруға ынталы. Оларға қазақтың қонақжайлығын көрсетіп, жаттығу залындағы чемпиондармен бірге жаттығу жасауға мүмкіндік береміз. Олардың басым көпшілігі біздің спортшылардың тәртібі мен бойындағы жігерін көріп таңданысын жасырмайды. Олардың Шардараға арнайы ат басын бұрып, біздің тәжірибемізге қызығушылық танытуы бізге ғана емес, бүкіл еліміз үшін мәртебе деп білемін.

- Шардаралық шымыр, құрыш білек жігіттердің әлемдік додадағы басты бәсекелестері қай елдің өкілдері?

- Қазіргі таңда қол күрес әлемде армрестлинг атауымен көптеген елде қарқынды дамып жатыр. Оның ішінде Еуропа елдерінің спортшылары өте мықты қарсыластар деп айта аламын. Негізі, кез келген спортшының ішкі және сыртқы дайындығы мықты болса, ешқандай қарсылас уайымдатпайды.

 «Қазақстанның әр өңірінде спорттың бір түрін тыңғылықты дамыту керек»

- БАҚ-қа берген бір сұхбатыңызда «Қазақстанның әр өңірінде бір спорт түрін дамытса, ел спорты қарыштап дамитын еді» деп пікір білдірген едіңіз. Осы бағытта Шардара ауданына қарасты ауылдарда қол күрес үйірмелері үйлестіріліп жатыр. Олардың жұмысы қалай реттеледі, қандай қолдау көрсетіліп жатыр?

- Біздің ауданымызда қол күрес спорты жылдан жылға кең етек жайып, динамикалы түрде дамып келеді. Бүгінгі күні ауданға қарасты Қоссейіт ауылында қол күрес үйірмесі жұмыс жасап тұр. Ол жерге арнайы жаттықтырушы бөліп, керекті жаттығу құрал жабдықтарымен де көмек беріп тұрамыз. Қазір Қоссейітте 100-ге тарта бала жаттығады. Олардың арасынан да 7 әлем чемпионатының жүлдегері, 10 Азия чемпионы, 5 жүлдегер мен 10 ел чемпионы топ жарды. Егер ауданға қарасты басқа елді мекендерде қолкүреспен айналысуға ниет білдіріп жатса әрқашан көмектесуге дайынбыз. Мен әркез Қазақстанның әр ауданы белгілі спорт түрімен тыңғылықты айналысса, елімізде бұқаралық спорттың көкжиегі кеңіп, дені сау, деңгейі биік ұрпақ өсіп шығуына арқау болатынын айтудан жалықпаймын.

- Қыздар арасындағы қол күресте де серпін бар. Чемпион қыздар туралы ақпар берсеңіз?

- Дұрыс бағамдаған екенсіз. Біздің клубта қыздар да осал емес, арулар арасынан да әлем чемпионы атанғандар жеткілікті. Соның бірі - Жазира Ақбаева Әлемнің екі дүркін чемпионы болса, Қалықұлова Меруерт - әлем чемпионы әрі қазіргі таңда қыздар құрамасын жаттықтырумен айналысады. Жалпы спорт клубымызда 40-қа жуық қыз шеберлігін шыңдайды. Олардың әр қайсысы да өз салмақтарының саңлақтары.

- Шардараны армспорт державасы деңгейіне жеткізудегі сіздің еңбегіңізді ел біледі. Бүгінде осы ауданның тізгінін ұстадыңыз. Шардарада тағы қандай спорт түрлерін дамыту жоспарда бар?

Айта кетерлігі «Шардара Армспорт» клубының ауласында қол күрес спортынан бөлек гір көтеру спорты (әлем чемпиондарымыз бар), дзю до, таэквон-до, каратэ, бокс, ауыр атлетика, жеңіл атлетика (ядро лақтыру және найза лақтыру), пауэрлифтинг, асық ату, тоғызқұмалақ және шахмат спорт түрлері бар. Біз аталған спорт үйірмелерін ашу, талаптыларды тарту арқылы осы спорт түрлерінің де ауданда қарышты дамуына мүдделіміз. Алдағы уақытта аталған әрбір спорт түрінен әлемді және олимпиада шыңдарын бағындыратын спортшылар шығады деген үміттемін. Менің ойымша, барлық спортта елге деген ерекше сезім, патриоттық рух болғанда бағынбайтын тұғыр болмайды. Осы ұстанымды ұран еткендер ұтылмайды.

- Әңгімеңізге рақмет!