Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылғы 16 наурыздағы Жолдауында елімізде сот төрелігін жүзеге асыруға қоғам өкілдерінің кеңінен қатысуын қамтамасыз ету қажеттігін атап өткен болатын. Жолдаудың бұл бағытын жүзеге асырудың бірегей жолы – алқабилердің қатысуымен қаралатын істердің санын кеңейту. Бұл қадам сот жүйесін одан әрі ашық етіп, оған қоғамның сенімін арттыруға оң әсерін тигізбек.
Осыған орай Қылмыстық процестік кодекске тиісті өзгертулер енгізіліп, 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап алқабилердің қатысуымен қаралатын қылмыстық құқық бұзушылықтардың құрамы 14-тен 35-ке дейін артты.
Бүгінде қоғамның сот жүйесіне деген талабы ұлғайып келеді және сот төрелігіне айтар сын да аз емес. Алайда заңдылық пен әділеттілік көбіне сәйкес келе бермейді және олардың арасында қарама-қайшылық туындаған жағдайда судья заңдылықты бірінші орынға қойып, тек заң аясында белгіленген шешім қабылдай алады. Сәйкесінше, сот үкіміне қоғам тарапынан наразылық туатыны айтпаса да түсінікті. Заң аясында әділ шешім қабылдау мүмкіндігі әр кезде бола бермейді. Осындай жағдайларда алқабилер сотының маңызы өте үлкен.
Бірақ ел азаматтарының сот төрелігін жүзеге асыруға қатысуға, яғни алқаби міндетін атқаруға ниеттерінің өте төмен екенін көпшілік біле бермейді. «Біткен іске сыншы көп» демекші, кейбір істер бойынша қоғамдық резонанс туындап, қоғам тарапынан көптеген сыни пікір айтылады. Ал іс жүзінде қоғам өзінің азаматтық белсенділігін және құқықтық санасын танытып, сот төрелігіне қатысуға құлықсыз. Алқабилерді іріктеу сатысында көбі сылтау іздеп, сот залынан сытылып шығудың жолдарын іздейді. Бұған бірнеше себеп бар, соның бірі – азаматтар өзгенің тағдырына қатысты шешім қабылдау жүгін мойнына артқысы келмейді. Өйткені қоғамдағы құқықтық сана және азаматтық белсенділік әлі де төмен.
Биыл 1 қаңтардан бастап алқабилердің қарауына жататын құқық бұзушылықтардың саны артып, 44-ке дейін ұлғайды. Енді олардың қатарына тек аса ауыр емес, ауыр және ауырлығы орташа санатқа жататын қылмыс құрамдары қосылды. Атап айтқанда, алқабилердің қарауына адам өліміне немесе өзге де ауыр зардаптарға әкеп соғатын және көбіне қоғамдық резонанс туғызатын 13 қылмыс құрамы кірді. Олар: адамның дене мүшелерін заңсыз алу; азаптау; балық пен басқа да су жануарларын үлкен шығын келтіретін көлемде заңсыз аулау; заңсыз аң аулау; көлікпен абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкелген жол-көлік оқиғасын жасау; көлікті мас күйде басқарып, екі немесе одан да көп адамның өліміне әкелген жол-көлік оқиғасын жасау; көлік құралын басқару құқығынан айырылған және мас күйде көлік басқарғанда адамның өліміне әкелген жол-көлік оқиғасын жасау; рейдерлік және медициналық қызметкердің әрекеттерінен абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкелу.
Бұл өзгерістер еліміздің сот жүйесінің одан әрі ілгерілеуіне оң әсерін тигізеді деген сенім мол. Себебі алқабилер соты қылмыстық үдерістің негізгі қағидаттарын, яғни жарыспалық пен тараптардың теңдігі, кінәсіздік презумпциясын және басқа да қағидаттарды бекітуде маңызды оң рөл атқарады. Алқабилер институты сот пен қоғамның жақындасуын қамтамасыз етеді және сол арқылы халықтың сотқа деген сенімі мен құрметін арттыруға септігін тигізеді, еліміздің азаматтарының құқықтық деңгейі мен мәдениетін арттырады.
Бекзат ШАЛҒЫМБАЕВ,
Қарағанды облысы қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төрағасы