Айтайын дегенім...
4 маусымнан басталған ұлттық бірыңғай тестілеу үдерістері бүгінгі күндері қоғамдағы ерекше назарда тұрған оқиға және үлкен өмір жолына даярланып жүрген мектеп бітіруші түлектер үшін психологиялық жағынан жауапкершілігі жоғары кезең екені белгілі. Ал оның ішінде 11 жыл мектепте тек қана үздік оқып, “Алтын белгіге” үміткер болып отырған оқушы мен оған тілеулес болып жүрген ата-анасы, туыстары мен мектеп ұстаздары үшін жауапкершілігі одан да жоғары десем қателеспеспін.
Өкінішке қарай, “Алтын белгіге” үміткер бірнеше оқушының тесттің нәтижесі бойынша бір-екі баллы жетпей қалғандықтан (басым көпшілігі математика пәнінен), көмек болар деген үмітпен апелляциялық комиссияға берген өтініштері қанағаттандырылмай қалып жатыр. Осыған реніш білдірген оқушылар “онда апелляцияның қажеті қанша?” деп сұрақ қояды.
Осы себепті Білім және ғылым министрлігінің басшылығы “Алтын белгіге” үміткер, бір-екі баллы ғана жетпей қалған оқушылардың мүдделерін қорғай отырып, осы мәселенің оң шешілуіне көмек жасаса оңды іс болар еді. 11 жыл бойы үздік оқуға ұмтылған балалардың болашақ өмірлерінде тауы шағылмаулары үшін де сауапты шаруа болып табылар еді.
Рамазан СӘРПЕКОВ, Мәжіліс депутаты.
ХАЛЫҚ НАРАЗЫЛЫҒЫНА ҚАЛМАЙЫҚ
Оңтүстік Қазақстан облысы Мақтаарал ауданы еліміздің ең оңтүстігінде орналасқан, тұтастай Өзбекстан Республикасымен шектеседі. Мемлекетаралық шекара белгіленгенше, Елбасының пәрменімен салынған Достық көпірі арқылы, Жетісай – Шардара тас жолы арқылы, Пахтаарал – Сырдария – Сарыағаш стансалары арқылы ішкі-сыртқы қатынастар жасалатын.
Казіргі уақытта Жетісай – Шардара тас жолының 25 (жиырма бес) шақырым бөлігі Өзбекстан Республикасының аумағы арқылы (ол жер 1965 жылға дейін біздің жер болатын) өтетіндіктен, ол жол жабылған.
Ендігі кезекте “Пахтаарал – Сарыағаш” стансаларының аралығындағы Өзбекстан Республикасының аумағынан өтетін темір жол бөлігін көрші мемлекет бұзып алмақшы. Соның салдарынан Мақтаарал ауданына бағытталған жүз мыңдаған тонна жүк кірмейді, кері жүк шықпайды. Нәтижесінде халық тұтынатын тауарлар бағасының күрт өсіп кету қаупі басым.
Өзбекстан Республикасының осындай шешімге баруы біздің темір жол саласының, т.б. мемлекеттік органдардың сол бағыттағы жолға немқұрайлы қарауынан ба деген ойға қаласың. Әйтпесе Қазақстан мен Өзбекстан мемлекеттерінің шекараларындағы өткізу пункттері туралы Қазақстан мен Өзбекстан үкіметтері арасындағы 2001 жылдың 16 наурызындағы келісімге және осы келісімге сәйкес 2006 жылдың 4 қыркүйегінде жасалған хаттамадағы темір жол өткізу пункттері тізбесіне жұмыс істеп тұрған Пахтаарал стансасының енбей қалуын қалай түсінуге болады?! Темір жолдың жабылуы 300 мыңнан астам халқы бар өңір үшін үлкен ауыртпалықтар тудыратыны анық.
Шекаралас мемлекеттердің тас жолымызды, темір жолымызды, су жүретін каналдарымызды жабуын қандай жолмен тоқтатуға болады? Ел Үкіметінің жоғарыдағы аталған мәселелерге мұқият көңіл бөліп, темір жолды бұздырмай, Пахтаарал темір жол стансасын шекаралық өткізу пункті тізіміне енгізуге ықпал етуі өте-мөте қажет шара болып табылады.
Өстемір БЕКТӨРЕЕВ,Мәжіліс депутаты.
Тұрақты комитеттер тынысы
ЗАҢ ЖОБАСЫ ҚАРАЛДЫ
Сенаттың Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінде “Бір тараптан Қазақстан Республикасы және екінші тараптан Еуропалық қоғамдастықтар мен оларға мүше мемлекеттер арасындағы Әріптестік пен ынтымақтастық туралы келісім (ӘЫК), Болгария Республикасы мен Румынияның ӘЫК-ге қосылуы туралы хаттаманы ратификациялау туралы” заң жобасы талқыланды.
Аталмыш құжаттың мақсаты Қазақстан Республикасы мен Еуропалық Одақ арасындағы шарттық-құқықтық базаны жақсарту, сондай-ақ Қазақстанның еуропалық бағыттағы мүдделерін одан әрі ілгерілету болып табылады.
Хаттаманың күшіне енуі саяси, экономикалық, ғылыми-техникалық, экологиялық, ақпараттық, гуманитарлық, мәдени және басқа да салалардағы екі жақты ынты-мақтастыққа жаңа серпін беруге бағытталады.
Осы хаттамаға 2008 жылғы 16 қыркүйекте Брюссельде қол қойылды.
Заң жобасы палатаның қарауына жіберілетін болды, деп хабарлады Парламент Сенатының баспасөз қызметі.
Сізді не толғандырады?
ЕГІНШІЛЕРГЕ БЕРІЛЕТІН СУ БАҒАСЫ ҚЫМБАТ
“Қазақстан-2030” стратегиялық даму бағдарламасын іске асыру аясында Жаңаөзен қаласында соңғы жылдары ауыл шаруашы-лығын өркендетуге айрықша көңіл бөлінуде. Бұл орайда “Маңғыстау облысындағы, Жаңаөзен қаласының әлеуметтік-экономикалық даму проблемаларын шешу жөніндегі 2009-2012 жылдарға арналған кешенді жоспарды бекіту туралы” Үкіметтің 2009 жылғы 9 желтоқ-сандағы №2052 қаулысы жергілікті тұрғындардың көптен бері көкейінде жүрген өзекті мәселелерге қозғау салды, іс-қимылға соны серпін берді.
Аталған қаулының 11-тарма-ғында “Төңірекшың елді мекенін-дегі қосалқы шаруашылықты 500 гектарға дейін кеңейту және ауыл шаруашылығы тауарларын өндіру-ші оралмандар үшін 1500 жаңа жұмыс орындарын ашу” деп жазылған. Қазірдің өзінде осы бағытта біршама айтарлықтай іс-шаралар атқарылуда. Төңірекшың алқабын-да биылғы маусымда 100 пайыз мемлекеттік үлесі бар “Өзен-Дархан” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі, “Бизнес-Инкубатор” мемлекеттік коммуналдық кәсіп-орны, сондай-ақ елуден астам жеке кәсіпкерлер жалпы көлемі 285 гектар жерге дән сеуіп, 14 түрлі көкөніс өнімдерін егумен айналысуда. Бұл жұмыстарға қамтылған 580 адамның көпшілігін атақонысына қайтып оралған қандас бауырларымыз құрайды.
Азық-түлік өнімдерін өндіретін өлкелерден өте шалғайда жатқан, ауа райының өзіндік ерекшеліктері мен қиындықтары мол Маңғыстау өңірінде көкөніс өнімдерін өсіруден жергілікті халыққа келер пайда мол. Алыстан тасымалданып әкелінетін көкөніс өнімдерінің бағасы да өте қымбат, әрі халықтың сұранысын қамтамасыз ете алмайды.
Өткен жылы Төңірекшың елді мекенінде егін егумен айналысқан жеке кәсіпкерлерге Еділ өзенінің суы арзандатылған бағамен берілуі нәтижесінде жергілікті базарлардағы көкөніс өнімдерінің бағасы біршама арзандады. Бұл жерде жоғарыда аталған Үкімет қаулысының 40-тармағындағы “Ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер үшін Еділдің суын беруге “КазТрансОйл” АҚ тарифін ағымдағы деңгейде сақтап қалу” деп көрсетілуі көп көмек болды. Биылғы жылы егін көлемінің ұлғаюы жергілікті бағаның әлі де төмендеуіне септігін тигізеді деген сенімдеміз.
Алайда, Үкімет қаулысында нақты айтылғанына қарамастан, “КазТрансОйл” АҚ 2010 жылғы шартында егіндік су бағасын 154 теңге 11 тиынға бағалап отыр. Бұл жағдайда егілетін көкөніс өнімде-рінің өзіндік құны қымбаттайды, базар нарқы өседі, дайын өнімдер дер кезінде сатылмай, еңбек зая кетеді. Сондықтан, Үкімет Жаңа-өзен қаласының климаттық ерекшеліктерін, құрғақшылықты, жазының аптап ыстықтығы мен басқа да жәйттерді ескере отырып, жаңаөзендік егіншілерге берілетін су бағасының бұрынғы жылдардағыдай арзандатылуына, яғни “КазТрансОйл” АҚ-қа ықпал етуі тиіс деп білеміз.
Зейнолла АЛШЫМБАЕВ, Мәжіліс депутаты.