• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Сенат 22 Ақпан, 2024

Сенаторлар бизнеске әкімшілік жүктемені азайту туралы заңды қарады

81 рет
көрсетілді

Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палата отырысы өтті. Онда сенаторлар бизнес жүргізу мәселелері бойынша заңды қарады және депутаттық сауалдарын жолдады, деп хабарлайды Egemen.kz Сенаттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Отырыс барысында Сенат депутаттары «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне бизнес жүргізу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды бірінші оқылымда қарады. Бұл құжат тиісті заңнаманы қоғам мен бизнестің мүдделерін ескере отырып жетілдіруді көздейді.

Атап айтқанда, кәсіпкерлік қызмет жағдайларын жақсартуға, бизнеске әкімшілік жүктемені азайтуға және негізсіз кедергілерді жоюға қатысты өзгерістер қамтылған. Сондай-ақ мемлекеттік бақылау мен қадағалау тәртібін реттейтін нормалар да бар.

Заңның негізгі міндеттерінің бірі – Мемлекет басшысының өңдеу өнеркәсібі орындарын жеткілікті көлемде және көңілге қонымды бағада отандық шикізатпен қамтамасыз етуге, сондай-ақ, халықтың әлеуметтік осал топтарына тиімді атаулы қолдау көрсетуді қамтамасыз ете отырып, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің бағасын реттеуден кезең-кезеңімен бас тартуға қатысты жекелеген тапсырмаларын іске асыру.

Жалпы, осы құжат арқылы 114 заңнамалық актіге, оның ішінде 12 кодекске және 102 заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу көзделіп отыр.

Заң мақұлданған жағдайда мемлекеттік бақылау және қадағалау нысандарын жаңа реттеуші саясаттың базалық қағидаттары мен тәсілдеріне сәйкес келтіру, кәсіпкерлік қызметті реттеу мен қорғаудың тың тетіктерін енгізу, бизнеске әкімшілік жүктемені азайту және тұтынушылар, кәсіпкерлік субъектілері мен мемлекет мүдделерінің теңгерімін қамтамасыз ету сияқты нақты нәтижелерге қол жеткізу көзделіп отыр.

Сонымен қатар Палата отырысында сенаторлар депутаттық сауалдарын жолдап, маңызды мәселелерге назар аударды.

Ләззат Қалтаева төтенше жағдай кезінде мүгедектігі бар адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қатысты проблемаларға тоқталды. Осыған байланысты депутат бірқатар шара ұсынды. Олардың қатарында дағдарыс жағдайында оларды іздеу және нақты көмек көрсету үшін мүмкіндігі шектеулі азаматтардың бірыңғай дерекқорын қалыптастыру туралы бастама да бар.

Серік Шайдаров өндірістік жарақат алу оқиғаларының көбеюіне және зейнеткерлікке шыққаннан кейін зардап шеккен қызметкерлерді қорғайтын кепілдендірілген шаралардың болмауына алаңдаушылық білдірді. Осыған орай сенатор келтірілген зиянға байланысты материалдық өтем өтеуді жұмыс берушіге жүктеуді ұсынды.

Жанболат Жөргенбаев бүгінде ауыл халқының қалаға көшуі артып отырғанын айтып, бұл үрдістің салдарына назар аударды. Депутат осы бағыттағы мәселелерді шешу үшін Үкіметті ауылдағы инфрақұрылымды дамытуға және жергілікті тұрғындардың тұрмыс жағдайын жақсартуға ықпал етуге шақырды.