М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің ғалымдары Владилен Поляков пен Дмитрий Мокшин терек сығындысы бар емдік печенье ойлап тапты.
Ғылыми дерекке сүйенсек, бальзам терегінің биологиялық белсенді заттары, яғни флавоноидтар қатерлі ісікке шалдыққан науқастардағы қанның негізгі көрсеткішін қалыпқа келтіруге көмектеседі. Аталған ғалымдар осы өсімдік сығындысының дәрілік әлеуетін ашып, пайдаға жаратты. Олардың айтуынша, бальзам ағашында бактерияға, қабынуға қарсы шығып, жараларды емдейтін қасиет бар. Оны медицинада ғана емес, ауыл шаруашылығында да қолдануға болады.
Отандық ғалымдар бальзам терегінің химиялық құрамын 2000-жылдардың басында зерттей бастаған. Солай сығынды негізінде әртүрлі биологиялық препарат жасап көрген. Нәтижесінде, емдік сағыз бен печенье пайда болды. Кондитерлер печеньенің эксперименттік нұсқасын жасап шығарып, оның дәстүрлі түріне бальзам терек сығындысы қосылды.
Ғалымдар облыстық онкологиялық диспансермен бірлесіп зерттеулер жүргізді. Сәулелік терапиядан өткен науқастар флавоноидтармен және терек бүршіктерінен бөлінген басқа да пайдалы заттармен байытылған печеньені жеп көрді. Нәтижесінде, науқастардың қан көрсеткіштері басқа бақылау тобымен салыстырғанда біршама қалыпқа келген. Гемоглобин мен эритроциттер 7,5%-ға, лейкоциттер 20%-ға өскен. Осылайша, бальзамдық терек сығындысы бар печенье онкологиялық науқастар қанының негізгі көрсеткішін қалыпқа келтіруге көмектескен.