• RUB:
    4.75
  • USD:
    498.55
  • EUR:
    524.28
Басты сайтқа өту
Аймақтар 26 Ақпан, 2024

Маңғыстаудың логистикалық әлеуеті

85 рет
көрсетілді

Премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғарин Маңғыстау облысына жұмыс сапары аясында өңір әкімі Нұрлан Ноғаевпен бірге жергілікті кәсіпкерлермен кездесу өткізіп, бизнесті дамытудың өзекті мәселелерін талқылады.

«Қазір ауыл шаруашылығындағы ең өзекті мәселе – негізгі азық-түлік түр­лерімен толық қамтамасыз ету. Зерттеулер дерегі бойынша қазақстандықтардың тұтыну шығындарының едәуір бөлігі азық-түлік өнімдеріне тиесілі. Оның 17%-ы – ет (тауықты қоса есептегенде), 8%-ы – астықтан (нан, жарма, т.б.) өндірілетін өнімдер, 5% – ы сүт және сүт өнімдері, 4%-ы – көкөністер, жемістер мен қант. Бұл – біз өзімізді толығымен қамтамасыз етуіміз керек өнімдер. Ол үшін біз үлкен жобаны іске қостық – бұл Солтүстік Қазақстан облысының тауарлы сүт фермаларына жеңілдікпен несие беру бойынша оң тәжірибесін қайталау. Өткен жылы 65 ферманы несиелеуге 100 млрд теңге бөлінді, олар еліміздің түрлі өңірінде салынып жатыр. Биыл негізгі азық-түлік өнімдері бойынша импортқа тәуелділікті төмендетуге тиіс жобаларға тағы 100 млрд теңге қарастырылған. Ауыл шаруашылығы өнімдерін, сондай-ақ көкөніс қоймаларын терең өңдеу бойынша жобалар қажет», деді вице-премьер.

Сонымен қатар Серік Жұманғарин Маңғыстау облысының агроөнеркәсіп саласын дамыту үшін 2024 жылы 2,5 млрд теңге субсидия көзделгенін атап өтті. Бұл сома алдағы уақытта көбеймек.

«Сіздермен кездескенге дейін мен Құрық портына бардым. Онда тіршілік қайнап жатыр, порттың даму перспективасы үлкен. Географиялық орналасуының арқасында Маңғыстаудың логистикалық әлеуеті жоғары. Міндет – жүктерді ауыс­тырып тиеу бойынша ірі халықаралық хабқа айналу», деді ол.

Кездесу барысында кәсіпкерлер өздерін толғандыратын сұрақтарды қойды. Шетелдік ауыл шаруа­шы­­лығы өнімдерін өндірушілермен баға бәсе­келестігі ең өзекті мәселе болып отыр.

«Маусымда бізге Ираннан қияр белсен­ді түрде әкелініп, олар жергілікті өнім­дерден екі есе арзан сатылады. Мыса­лы, ирандық қиярдың бір килосы 500 теңгеден сатылады, ал жергілікті қияр 1 000 теңгеден тұрады. Иранда құнның жартысын мемлекет субсидиялайды, бізде ондай шара қарастырылмаған. Бұл тұрғындарға қиярды арзан бағамен сатып алуға мүмкіндік береді. Дегенмен жер­гі­лікті қияр экологиялық тұрғыдан айтар­лықтай таза, өйткені тасымалдау кезінде балғындықты сақтау үшін әртүрлі тыңайтқыштпен өңделмейді», деді «Доктор Агро» ЖШС директоры Байрам Казым.

Мұнайлы ауданының тұрғыны Алмагүл Қарасаева көкөністердің бірнеше түрі өсірілетін жылыжай туралы айтып берді. Биыл лаванда алқабын құруды жоспарлап отыр. Кәсіпкердің пікірінше, бұл туристерді тартып қана қоймай, жаңа жұмыс орындарын ашады. Алайда бүгінде жылыжайда да жұмыс қолдары жетіспейді.

«Біздің аймақта жұмыссыздар көп, бірақ барлығы мұнай компанияларында жұмыс істегісі келеді. Біз жұмысқа тұрғызу орталығына жылыжайда бос орындар бар екені туралы хабарлама жібереміз, бірақ ешкім ауыл шаруашылығы құрылымында жұмыс істегісі келмейді», дейді Алмагүл Қарасаева.

Серік Жұманғарин фермерлік жылыжай иелеріне субсидия алу мүмкіндігі туралы айтып берді. Ол үшін жылыжай шаруашылықтарын ұлттық стандартқа сәйкес келтіру қажет. Бұған фермерлерге Техникалық реттеу және метрология комитеті көмек­тесе­ді. Сондай-ақ өңірдегі жылыжай ша­руа­шылықтарын дамыту перспективасын ескере отырып, вице-премьер Түркістан облысының мысалында салалық қауымдастық құруды ұсынды.

Өңір басшысы Нұрлан Ноғаев жер­гілікті атқарушы органдар сұранысқа ие және өзекті кәсіптер бойынша кадрлар даярлауға белсенді түрде гранттар бөліп жатқанын атап өтті. Алайда көптеген жас ауыл шаруашылығында ұсынылатын перс­пективаларды елемей, мұнай саласында жұмыс істегенді жөн көреді.

«Маңғыстаудың көптеген жас тұрғы­ны жергілікті оқу орындарында мұнай өнеркәсібі саласы бойынша білім алып, басқа өңірлерде білім алу мүмкіндігін және басқа да сұранысқа ие мамандықтарды таңдауды елемейді. Дегенмен әлі күнге дейін тиісті деңгейде дамымаған салалар бар, оған ауыл шаруашылығы да жатады. Біз бұл саланы дамыту үшін біліктілігі жоғары мамандар мен инновациялық шешімдер қажет екенін түсінеміз, әсіресе импортқа жоғары тәуелділікке байланысты азық-түлік бағасының өсуін ескергенде. Сондықтан ауыл шаруашылығын, атап айтқанда, агроөнеркәсіп секторын белсенді түрде дамыту және осы бағытта кадрлар даярлау маңызды», деді Нұрлан Ноғаев.

Облысқа сапар кезінде С. Жұманғарин Каспий торабының даму барысымен танысты. Бірінші нысан Құрық портындағы «Саржа» көпфункционалды теңіз терминалы болды. Жоба еліміздің трансшекаралық хабтарын дамытудағы маңызды буын-Каспий көлік торабы шеңберінде іске асырылып келеді.

«Саржа» терминалы Қазақстан порттары арқылы жүк айналымын жылына 11 млн тоннаға арттыруға мүмкіндік береді. Бүгінде алғашқы жүк айлақтары мен негізгі инженерлік және көлік инфрақұрылымы салынды, бас жүк терминалынан жүктерді ауыстырып тиеу қызметтері көрсетіледі.

2024 жылдың басынан бастап Саржа терминалы 6 кемені қабылдады, 380-нен астам вагон өңдеді, ал қызмет басталғаннан бері Транскаспий халықаралық көлік бағыты бойынша барлығы 51 000 тоннадан астам жүк ауыстырылды.

«Бүгінде біз 5 трансшекаралық хабты – Қытай шекарасындағы Қорғас торабын, Қырғызстанмен бірлескен «Алатау» индустриялық сауда-логистикалық кешенін, Өзбекстан шекарасындағы «Орта­лық Азия» трансшекаралық халық­аралық кооперация орталығын, Оралдағы «Еуразия» логистикалық орталығын және Құрық теңіз портын қамтитын Каспий торабын белсенді дамытып жатырмыз. Құрық теңіз порты Қазақстанның эскпорттық әлеуетін дамытуда айрықша маңызға ие.  Мемлекет басшысы елімізді өңірдегі ең ірі көлік-логистикалық хабқа айналдыруды міндеттеді. Бұл ретте маңызды рөлдердің бірі Транскаспий халықаралық көлік бағытына беріледі», деді Серік Жұманғарин.

Сондай-ақ компанияның бас директоры Нұржан Марабаев Серік Жұманғарин­ге теңіз балық шаруашылығын және зәй­түн плантацияларын дамыту жобасын ұсынды. Екі жоба да Маңғыстау облысы аумағында жүзеге асырылып келеді. Тауарлы балық өсіру бастамалары лосось тұқымды балық өсіруге арналған фермалар құруға бағытталған. Жобаны әзірлеушілердің болжамына сәйкес 2026 жылы 200 тонна өнім өндірілуі мүмкін. Осыған байланысты теңіз бассейніне кешенді зерттеулер жүргізу жоспарланып отыр.

Сондай-ақ Құрық портының маңында зәйтүн ағаштарын өсіру жобасы аясында өткен жылы 2000 көшет егілді. Жобаның мақсаты – Қазақстан нарығын жоғары сапалы отандық өніммен (зәйтүн және зәйтүн майы) қамтамасыз ету, сондай-ақ оны жақын мемлекеттерге эскпорттау. Вице-премьер Серік Жұманғарин отандық тауар өндірушілердің бастамаларына жоғары баға беріп, теңіз терминалын салу жобасы Үкіметтің бақылауында екенін атап өтті.

Сонымен қатар Премьер-министрдің орынбасары «Ақтау теңіз порты» арнайы экономикалық аймағының жұмысымен танысып, «Азерсун логистика және өндіріс орталығы» ЖШС  кәсіпорнында болып, жеміс-жидек, көкөністерді сақтауға ар­нал­ған қойма кешенін аралады.