• RUB:
    5.44
  • USD:
    478.58
  • EUR:
    520.84
Басты сайтқа өту
Пікір 27 Ақпан, 2024

Су шаруашылығының жоғары оқу орны керек

125 рет
көрсетілді

Бүгінде мұрап – ескерусіз мамандықтардың бірі. Мұрап сөзінің түбіне үңілсек, ол – егіс суаруға басшылық ететін тоған басы, суды егістікке бөлетін арық, атыз, тоғанды жөндеу жұмыста­рын жүргізетін маман. Ғылыми тілде айтқанда – инженер-гид­ротехник.

Бұрындары бұл мамандық иелері таң атқаннан күн батқанға дейін каналдарды жағалап жүріп, шаруаның егістік алқабына су­дың кедергісіз баруын, елді мекен­нің топан судан аман болуын, тоғандардағы су мөл­шерін қалыпта ұстап тұруын қадағалайтын.

Бүгінде, технология мен тех­­ника дамыған заманда бұл маман­дарға артылар жүк жеңіл емес. Қазіргі маман су үнемдеу технологияларын енгізуге, қажет­тіліктерді қанағаттандыру үшін судың аз мөлшерін пайда­ла­нуға мүмкіндік беретін қолда бар су ресурстарын ұтымды пайдалануға, гидротехникалық құрылыстарды салу және тозу мәселесін шешуге, өзен-көлдердің экожүйесін сақтауға қабілетті болуы керек. Ал бізде талапқа сай мамандар бар ма?

Гидротехникалық құрылыс­тарды жобалау және пай­далану бойынша салалық маман­дардың тапшылығы мен олардың сапасы туралы айтылып келеді. Мұның бір себебі – су мамандары мәртебесінің жоқтығы. Атқаратын жұмысы көп, жалақысы төмен. Жас маманның жалақысы 100 мыңға жетпейді. Жалпы, бұл салада қордаланған мәселе көп.

Президенттің әр Жолдауына арқау болған су мәселесінің Қауіпсіздік кеңесінде көтерілуі біраз мән-жайды аңғарт­ты. Бір­қатар мәселе шешімін таба бастады. Су мәселесімен айна­лысатын жаңа министрлік құрыл­ды, мамандар даярлайтын базалық жоғары оқу орны анықталды, Су ресурстарын басқару жүйесін дамытудың 2024–2030 жылдарға арналған тұжырымдамасы қабылданды, Су кодексі жетілдіріліп, талқылауға ұсынылды. Саланы дамытудың кешенді жол карталары әзірленді, шетелдік инвесторларды тарту жұмыстары да жүргізіліп жатыр. Соның бірі – министрліктің Тараз қаласында су саласы бо­йынша мамандандырылған жоға­ры оқу орнын құру бастамасы. Бұл – дұрыс шешім әрі батыл қа­дам. Иә, бұл жоғары оқу орнын одаққа танымал бұрынғы Жам­был гидромелиоративтік-құрылыс институтының мұрагері ретінде М.Х.Дулати атындағы университеттің құрамындағы Су шаруашылығы және табиғатқа үйлестіру инсти­ту­тының базасында құру тиімді болмақ. Институттың оқу ғимарат­тары, жатақханалары, су саласына­ бейім­­делген зертханалары, спорт кешендері қаржы көз­де­рін үнемдеуге мүмкіндік береді. Тараз қаласында орналасқан Қазақ су шаруашылығы ғылыми-зерт­теу институтымен арадағы ынты­мақ­тастық оң әсерін тигізеді.

Бүгінгі күні Су шаруашылығы және табиғатқа үйлестіру институты су және ауыл шаруашылығы, құры­лыс, жерге орналастыру, эко­логия, энергетика сияқты сала­лар­ға 29 білім беру бағдар­ла­ма­сы бойынша бакалаврлар мен ма­гис­транттарды даярлайды. Жо­ға­ры және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру саласын­да­ғы су бағыты бойынша білім беру қызметтерін ұсыну үшін Таш­кент ирригация инженерлері және ауыл шаруашылығын меха­ни­каландыру ұлттық зерттеу уни­вер­си­тетімен қос дипломдық төрт білім бағ­дар­ла­масы әзірленді. Ол биыл­ғы оқу жылынан қолға алынды.

«Мелиорация және суармалы егіншілік», «Гидротехникалық құрылыс және құрылымдар» бағыттарында докторанттар даярланып жатыр. Сондай-ақ ғылыми дәре­жесі бар жас ғалымдарды даяр­лау мақсатында «Су шаруа­шы­лы­ғы», «Су ресурстары және суды пайдалану» бағыттары бо­йынша диссертациялық кеңестер ашылды.

Студенттеріміз гидротех­ни­ка­лық құрылыстардың барлық түрі бар. Су ресурстары және ирри­га­ция министрлігінің ведомст­во­­лық бағынысты ұйым­да­рын­да өн­дірістік практикадан өтіп, осы ме­ке­мелерде жұмысқа тұру мүм­кін­дігіне толық ие.

Институтта «Erasmus+» бағ­дар­­­ла­­масы бойынша «Климаттың өзге­­­руіне төзімділікті арттыру және ор­­нық­ты дамуды, бейбітшілік пен қа­уіп­­сіздікті қолдау мақсатында Ор­­та­­лық Азияның су секторы үшін ада­­ми әлеуетті дамыту» тақыры­бын­­­­дағы жоба жүзеге асырылып жатыр.

Саладағы проблемалардың алдын алу мақсатында алдағы уа­қытта «Мелиоративтік жұ­мыс­­­тар­ды механикаландыру», «Гид­ро­­­энергетика», «Су шаруа­шылы­ғы­ның экономикасы», «Су дип­ло­матиясы» сияқты білім беру бағ­дар­ламаларын ашу көзделіп отыр.

Жамбыл облысының өзінде су саласында атқарылатын шаруа­лар аз емес. Облыста суармалы жер­лердің жалпы алаңын 179,2 мың га-ға дейін жеткізу, 31 мың га суар­малы жерді қалпына кел­тіру бо­йынша алты жаңа су қой­ма­сын салу, қолданыстағы 4 суқойманы (Тасөткел, Ынталы, Теріс-Ащыбұлақ, Қарақоңыз) қай­та­ жаң­ғыр­ту, 2025 жылға дейін рес­­пуб­­­ликалық бюджет есебінен жаңа үш су қоймасын (Ырғайты – 15,2 млн текше метр, Қалғұтты – 14,6 млн текше метр, Ақмола – 11,1 млн текше метр) және жергі­лік­ті бюджеттен үш су­қойма салу көз­дел­ген (Андас-1, Андас-2, Андас-3).

Міне, су саласы бойынша біздің аймақтың өзінде ғана атқа­ры­ла­тын шаруалар маман­дар­ға де­ген сұранысты арттыра түспек.

Жаңадан құрылатын жоғары оқу орнын құрудың негізгі мақсаты – кадр тапшылығы мәселесін шешу. Сондықтан біз батыл қадам жасауымыз қажет. Су мамандары қазіргі таңда 10 жоғары оқу орнында даярланады, осы мамандарды шоғырландырып, студенттерді тек базалық оқу орнында бір жерден оқытуды жүзеге асыру керек. Саладағы ғалымдарға жағдай жасап, жоғары жалақы тағайындау қажет. Сондай-ақ мемлекет су проблемалары бойынша технопарк­тер мен заманауи зертханаларды ашуға қолдау жасауы қажет. Бұл даярланатын мамандардың сапа­сына, профессор-оқытушылар құрамының әлеуетін арттыруға оң өзгерістер әкеледі.

Су бағытында оқитын студент­терге ерекше мәртебе бе­ріп, шәкірт­ақы­сын көте­ріп, оларды жұмыспен қам­ту жағын да ескерген жөн. Сонда ғана мемлекет тарапынан берілген білім гранттарын толық игеруге мүм­кіндік болады. Қазіргі кезде ол 30 па­йыз шамасында ғана игері­ліп жатыр. Сонымен қатар кәсіп­орын­дар мақсатты жолдамамен ма­ман­дар даярлауды қолға алуы қажет. «Дипломмен – ауылға!» мем­лекеттік бағдарламасына су сала­сы­ның түлектерін тартуымыз керек.

Мамандарды әлеуметтік қам­­­та­масыз етуді кепілдендіру, білік­ті­ліктерін жүйелі арттыру, жала­қыны көтеру, сала еңбеккер­ле­рін насихаттау арқылы ғана мұрап мәртебесін жақсарта аламыз.

Бізге жүйелі ойлау мен тал­дауды, IT технологияларды мең­гер­ген, су ресурстары мен оларды басқару саласын түсі­не­тін білі­кті мамандарды даярлау – ма­ңызды қажеттілік. Судың тап­шы­лы­ғы экологиялық дағ­дарысқа әке­летіндіктен, біз инженер-гидротех­ник­тер ғана емес, ақаба суларды тазарту үшін инженер-химиктер мен экологтер, білікті биологтер қа­жет болатынын ескеруіміз керек.

Сондықтан да арнайы маман­дан­дырылған жоғары оқу орнын құру, онда аталған маман иелерін даярлау – заман талабы.

 

Кенжеғали ШИЛІБЕК,

М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті Су шаруашылығы және табиғатқа үйлестіру институтының директоры, Тараз қалалық мәслихатының депутаты